28.12.2020, 10:37
Қараулар: 87
Өнермен өрге шықсын балдырған

Өнермен өрге шықсын балдырған

Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесінің ең басты міндеті — білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеу. Осы бағытта балаларға тәрбие бере отырып,  еңбек етуді алдыма мақсат еттім. Бұл бағытта өз білімімді жетілдіру үшін әртүрлі онлайн, оффлайн шеберлік сабақтарға қатысып, алған машықтарымды әрі қарай тарату үшін балабақшада педагогтар мен тәрбиеленушілерге жаңаша бағытта дәрістер өткіземін. Осылайша бірте-бірте әр сабағымда түрлі көрнекілік құралдар мен жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, тартымды өткізуге болатынын түсіндім.

Қазіргі кезде ұлттық қолөнерге жас ұрпақты үйірмелер, мектепте технология сабақтарында үйретеді. Дегенмен  ұлттық қолөнерге баулу балабақшадан басталуы тиіс. Сол кезде бүлдіршіндер жаңа дағдыларды меңгеріп, өнерге жатық болады. Сондықтан өзім қызмет ететін балабақшадағы қызметімнен тыс шығармашылық сағаттарын ұйымдастыруды қолға алдым.

Мектепке дейінгі жастағы көркемдік эстетикалық тәрбиенің өрісі кеңейіп, өз деңгейінде жүргізілуі тәрбиешілердің ұлттық психологияны, халықтық тәлім-тәрбие дәстүрлерін тиянақты меңгеруіне және оны өз жұмысында сапалы пайдалана білуіне байланысты. Балабақша тәрбиешісі бағдарламалық және оқу-әдістемелік талаптарды орындаушы ғана емес, ол балалармен жүргізілетін тәрбие жұмысында кездесетін күрделі мәселелерді  шешетін, оны жүзеге асыратын тұлға. Қазіргі кезеңде баланы тұлға ретінде қалыптастыру, оның бойына ұлттық әдеп-ғұрып пен салт-дәстүр мұраларын сіңіру, имандылыққа тәрбиелеу бүкіл халықтық іске айналып, жұртшылық назарын аударуда.

Мен бүлдіршіндердің бойында  ұлттық қолөнер туралы түсінік қалыптастыру үшін ақпарат бере отырып, шығармашылық жұмыстар орындатамын. Балдырғандар фетр матасынан тұмар жасауды, тұзды қамырдан домбыра мүсіндеуді, жасанды теріден қамшы өруді, ою-өрнектер қиып жапсыруды үйреніп жүр, құрақ құрау өнерімен танысып, жасалған жұмыстарды тамашалады. Алға жобалаған  жоспарым да ауқымды. Шығармашылық кабинетін ұлттық нақышта безендіру де бұл бағыттағы тәрбие жұмысына септік болмақ.

Әріптестерімді қазақ халқының қолөнерінің бірі құрақ құрау өнерімен таныстыра отырып, құрақтан жасалған жастық тысын тігуді үйретіп, алған машықтарын өз шығармашылық жұмыстарында қолдансын деген мақсатта шеберлік-сыныбын өткіздім.

«Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» — деген халық даналығы.  Осы асыл қазынаны жоғалтпай, әрі қарай дамыту, бала бойына  сіңіру біздің міндетіміз. Ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер шеберлерінің туындыларын, көне мұраларын тауып, оны түрлендіріп жаңғырту және ұлттық қолөнерді эстетикалық тәрбие берудің бірден-бір құрамына айналдыру да парыз.

Нұрғиса  Садықова,

«Ақбота» балабақшасының бейнелеу өнері маманы

ЧАПАЕВ