28.12.2020, 10:38
Қараулар: 98
«Жұбан» жинағы — танымдық тағылымы мол туынды

«Жұбан» жинағы — танымдық тағылымы мол туынды

(Өлкетанушы ғалым, публицист Жайсаң Ақбайдың «Жұбан» жинағы туралы)

Жайықтың Жұбаны — елінің еңсесін еселеп көтерген тұлға. Бүгінгінің ақиқаты сол – Ақжайық өңірі, күллі Қазақ елі Жұбан сынды бірегей ұлымен мақтанады. Қазақ әдебиетінің классигі, қазақ поэзиясының дүлдүлі, нағыз қазақ Жұбан Молдағалиевқа берілген баға да жетерлік, келешек берілер баға да аз болмаса керек. Десек те, бір кезде ұлы ақынмен бірге дидарласып, сыйласып, бірге иықтасып, сырласып, сөйтіп, бірін-бірі жете тани отырып, алтынның сынығындай поэзиялық дүниелерінің үлкен жүрекпен, биік талғаммен өрілгенін жете сезіне берілген бағалардың құны бөлектеу, көңілімізге қонымдылау. «Бидің сөзін құл да айтады, бірақ ауызының дуасы жоқ» дегендей, жерлес ірі тұлғаларымыздың, ғалымдарымыздың, ақындарымыздыңЖұбан ақын туралы тұжырым-пікірлерінің құны мүлдем бөлек, сөздерінің салмағы да басымырақ. Ең бастысы – қарапайым халыққа жетімді, иланымды, сенімді. Халық мұндай тұлғалардың сөзіне имандай ұйиды, құлақ түреді, ден қояды. Тәрбиелік тағылым осылайша өрілсе керек. Ал осыдан тоғыз жыл бұрын тұсауы кесіліп, оқырманға ұсынылған «Жұбан» жинағының туындыгері – Жайықтың ұлы Жайсаң аға. Бізді алғашқы оқырманы ретінде тәнті еткен екі тұс: бірі – сол тұстағы сексеннің төртеуіндегі ақсақал ағамыздың жадының мықтылығы. Әрине, бізге мәлімі – Жайсаң ағамыздың өз жадын өмір бойы жаттықтырғаны. Нәтижесі – «Жұбан» туындысы. Екіншісі – қазіргідей кітап оқуға салғырт қарайтын тұста, тіпті поэзиядан алыстаңқырап кеткен кезде, ел махаббатына бөленген ақын рухымен сырласа келе, пәк ақынның өмір белестеріне, жан дүниесіне үңіле, құдды шежіреші-тарихшы ақсақалдың бүгінгі ұрпақ өкілдерімен әңгімелесіп отырғаны іспетті шебер де ұтымды, оқырман-тыңдаушысын ешбір қағазға қарамай-ақ өзіне ынтықтыра, еліте, еріте әкетер жазу стилін таңдауы. Дау жоқ, бұл — Жайсаң ағамыздың өмірлік тәжірибесі, бүгінгі жас ұрпаққа аталық өнегесі. Түйіні – еңбектегеннің де, еңкейгеннің де жан-дүниесін дір еткізер таңымдық тағылымды туындының дүниеге келуі.

Батыс Қазақстан аймағының құрметті азаматы, еңбек авторы Жайсаң аға Досболатұлы қаламды қолға алу сәтіндегі «біссімәласын»: «Жұбан ақын туралы өзім білетін жайттарды, атқарылған істерді, дидарласу сәтіндегі әңгімеге арқау болған диалог үзіктерін, замандас, әріптес, жерлес, бауырлас жақын-жуықтарының естелік ойларын, пікір-түйіндерін шашылып қалмасын, шашау шықпасын, көзкөрген үлкендерімен бірге кетпесін, дуалы ауыз ақынның алтын кеудесінен шыққан ой үзіктері кейінгі ойлы ұрпақ тәрбиесіне жарасын деп қолға қалам алдым, қағаз бетіне түсірдім. Замани, қоғами сан қатпарлы құбылыстарға, ақын өмір сүрген, қызмет еткен, оны қоршаған ортаға берілген баға-бағалауларды да өз ой елегімнен өткізе, өзіндік көзқарас тұжырымыма негіздедім. Ақын туралы сан тараулы толғанысымды жүйелеуде оның туындыларына тереңірек үңілуге тырысып, өлең жолдарындағы заманына орайлас, сол кездегі үстем идеологияға, таптық антогонизмге ыңғайланған жақтарына, қазіргі қалыптасу үстіндегі қоғамдық көзқарастарға сәйкеспейтін тұстарын өзімше өз көзқарас түсінік-түйіндеріме ыңғайлағанымды, тарих қатпарындағы иірімдерді ашып айтқанымды оқырманның есіне саламын. Бұл жөнінде өз жауапкершілігімді сезінемін», — деп бастайды. Бұл айтылғандардан еңбектің құрылымдық жүйесі, жазылу мәнері, нақышы қалай өрілгенін байқау қиын емес.

Еңбек тараулары төмендегідей: 1. Туған топыраққа тәу етеміз, Сыйлаған адамзатқа Жыр-Жұбанды (5-15 – б.б.); 2. Жағаласып дүниенің ащы үнімен, Туыппын аты шулы аш жылы мен (15-20); 3. Тексіз емеспін мен, атақты ата-бабам бар, Соның менде күші бар, нарлығы бар (20-24); 4. Баяғы бала едім мен кешегі, Жастықтың оты жанды енді, міне (24-28); 5. От ішінде сыналды жігіттік те, Жас үмітті жүрдік біз түйіп түпке (29-36); 6. «Өзекті өмір үшін соғыстым мен» деп келе сала, білек түріп, өз орнын тапты зор істерден (36-43); 8. Мен қазақпын, биікпін, ерікті ұлмын (43-47); 8. Қазақ тілі, мен сен үшін мақтанамын (47-58); 9. Заманына қарай адамы. Сайқал, сотқар, зарлы замандар, біразын пақыр етті, біреуін батыр етті, наданды басшы етті (59-73); 10. Мен қазақпын қаныммен, сүйегіммен, Мен қазақпын жан Отан, бел балаңмын (74-81); 11. Нансыз қазақ болса да, Әнсіз қазақ болмаған (81-95); 12. Ана сүйсе бір жүрек, менше сүйсін (96-99); 13. Софья жұбайын сыйлап өтті, ана деп, жар деп өлеңге қосып (99-103); 14. Жұбан тәлімі: күлу керек, әзіл керек күлетұғын, әзілдейтін кезінде (103-108); 15. «Қоссыз қазақ болса да, доссыз қазақ болмаған» (108-116); 16. Ғанибетті ұмытылмайтын кездесулер (116-130); 17.Желтоқсанда қорғап қазақ намысын, Шықты шыбын жаны шырқырап (131-135); 18. Қазақта ақын көп те, Жұбан – біреу (135-148); 19. Ел барда естен кім кетер? Жасаймыз мәңгі біз бірге! (148-158); 20. Ақынның 90 жасқа толуын атап өтудегі атқарылатын істер (158-161). Қосымша (162-198-б.б.). Барлығы: 199 бет (12 б.т.); 20 түйінді бөлімдерге жіктеле ұсынылған еңбек).

Ал аталмыш еңбек бөлімдерінде шертілер сыр үзіктері сан алуан. Жұбан өмірінің қилы қалтарыстарын жақсы білетін Жайсаң ағамыз: «Бала кезінен бастап-ақ байсалды, бейне бір көсем, лидер болуға жаратылғандай көрінетін. Сүйегіне ана сүтімен енген салмақтылығы, сабырлы қалпы, қуанышта асып-төгілмей, қиындықта асып-саспай, төңірегін ұлағаттылармен қоршауға тырысып, тұрлаулы тұлғаға айналды. Қоғамдық тұрмыста, атқарылатын істе қара қылды қақ жарып, адамгершілік қағидаларын құран аяттарындай ұстанды. Қиын-қыстау шаққа бас ұрғанда басқалар: «Жұбан қайтер екен, не айтар екен» деп күтетін. Жұбан өзіне адамды тартып, өзіне сендіріп, істерінің кіршіксіз тазалығына иландыра білетін қасиеттерімен ерекшеленді. Ол тек биіктен, тек ілгеріден көрінді», — деп сипаттайды.

Ақынның сөз қолдану шеберлігін Жайсаң аға: «Жұбан сөздері қиюынан қыл өтпейтін нығыз болып, мағынаға малынып келеді. Өлең жолдарында басы артық сөздер жоқ, ой жұмырланып, санаға тез енеді. Әр сөзін абайлап, әр ойын өлшеп, әр сөзін нарықтауға дағдыланып, қазақ тілінің бай қазынасын ұқыпты, ұтымды пайдаланды», — деп өрнектеген. Автор: «Жұбан сөздерінің қуаты күшті. Сөз кестесі, айбыны Құрманғазының төкпе күйлері «Адайы» мен «Сарыарқасы» тәрізді сезімді тербеп жібереді, үздіксіз тебірентеді, бойды балқытады, қанды бекітеді, жанды серпілтеді, арманды шалқытады. Даланың азынаған желіне ұқсас жолындағыларды шалқытып еседі. Жұбан сөздерінің қуаты жас буынды, өсер ұрпақты тек алға, еңселі, айбынды болуға бағыттап, болашақ үшін қазақ халқының намысын қорғауға шақырады», — деп тербей келе,-«Жұбанның күштілігі – оның өзіне-өзі ие болғандығы. Ол өзінің принципшілдігімен  беделін мықтады. Рөлі мен компасы жоқ кемедей жел қалай соқса, солай бағытын өзгертуден бойын аулақ ұстады, қиын-қыстаумен беттескенде жабыққанын білдірмей, тарыққан кезін тез ұмытуға тырысып, онан сабақ алып, тағдырдың қиындықтан шығар  есігін таба білді», — деп жазады.

Білгір тарихшы Жайсаң: «1964 жылы «Мен қазақпынды» Жұбан дүниеге келтірді. Ол қазақтың тар жол тайғақ кешкен ұзақ сонар тарихын, қазақ елінің талай қиямет-қайым заманаларын, ала сүргін ақтабан шұбырындысын, жүрек қолқасын суытқан қайғы-қасіретке бөленген қым-қуыт қилы кезеңдерін, тақсыретті, тауқыметті басынан кешірген ұлы Даланың асыл еркесі – Қазақтың мың өліп, мың тірілген кезеңдерін сомдады»,- деп жинақтайды.

Енді бір тұста жұбантанушы Жайсаң: «Оның ақындық лирикасы мағыналы, салмақты, ұлағатты. Әйел жұртын ерекше бағалау, оның асылдығын ардақтау жөнінде Жұбан ақынның «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деген өлеңі арулар мен аналар, әжелерге арналған гимн хақында бағаланады», — дейді.

Бір кездегі қосшы бала, бүгінгі зерделі ата Жайсаң: «Азаматтығы биік, қоғамдық дәрежесі асқар таудай, ақындық өнердің ерен жүйрігі, зерделілердің лидері, ұлағатты Жұбан аға Молдағалиевпен жанасу, оның төңірегінде 20 жылдай «қосшы баласы» атанып бірге болуым – мен үшін бай қазына, асыл мұра», — деп жазады.

Өз өлкесінің патриоты Жайсаң Ақбай: «Жұбан – біртуар тұлға, кісіліктің, адалдықтың, табандылықтың, батылдықтың, тәлімділіктің, ұлағаттылықтың төресі, сәуегейі. Ар мен абырой оның өмірінің азығы болды. Беделі сәулелі шыраққа айналды. Шырағының жарығын халық көрді, разы болды!», — деуі қос қолдап, қолдарлық түйін.

Ұлтжанды азамат Жайсаң Досболатұлы: «Ұлтының азаттығын аңсаған, оны көрегендікпен жырлаған Жұбанның артында арға толы жалынды, дертке қуат, жанға шуақ беретін дастан-жырлары қалды. Ақынның жырлары байтақ қазақ елінің барлық жазық далаларында, тау-қырат бөктерлерінде, қалалары мен ауылдарында тіршілікке дем беріп, жаңа белестерге жол сілтеуде», — деп жазады.

Қысқасы, бұған дейін де «Қазақтар», «Сырым батыр Датұлы», «Жәңгір хан», «Жанша», «Б.Қаратаев» секілді танымдық-публицистикалық, ғылыми нәрі мол дүниелерді сан тарау қиналыстармен, шөп арасынан ине іздегендей, еңбекқорлықпен өрілетін ізденістермен ұрпақ санасын толыстырар, ел тарихын толықтырар еңбектерді бере білген Жайықтың Жайсаңы өз кезеңінде «Жұбан» туындысымен жұртшылықты қуантты. «Жұбан» жинағы — танымдық, тағлымдық мағынасы ерекше туынды, жұбантану ғылымына қатысты педагогика, тарих саласы бойынша даяр тұрған диссертациялық зерттеу деңгейіне көтерілген еңбек. Тек  ғылыми стильге бағыттаса болғаны. Еңбекті Жұбантану саласындағы қарапайым халыққа біртабан жақын іргелі мәдени әрі ғылыми тәжірибе нәтижесіндегі табыс деп бағалаған жөн.

«Терлеп көрмеген тер қадірін не қылсын». Ақсақал Жайсаң ағамыз өз тұсында бүгінгі немерелеріне, шөберелеріне арнап, ғажайып еңбек ұсына білді. Демек, тері текке төгілмеген. Қазақ елінің ақсақалдары осындай болса керек-ті. Еңбек дер кезінде ұсынылды. Біздікі — еңбекті ғылыми тұрғыда зерде сүзгісінен өткізу, субъективтік өзіндік көзқарас тұжырымымызды білдіру. Қоса айтарымыз, Жұбан ақын шығармашылығы – мұхит іспетті. Жұбан – оқырманы бар, әлі де небір ұрпақ өкілдері ерекше ілтипатпен оқитын ақын. Сөзімізді танымал ақын Сағынғали Сейітов пікірімен түйіндесек: «Жұбан артына өлмес, өшпес бай көркем дүние қалдырды. Жұбан мұрасы — келешекте де жұртшылық қадесіне аса беретін аса құнды мұра. Ол жылдар озған сайын бүкіл бітім-болмысымен, мәнімен де, нәрімен де жарқырай түсетін асыл қазына». Демек, қазақ ғылымындағы жұбантану ілімі өз жалғасын таппақ.

Абат ҚЫДЫРШАЕВ,

педагогика ғылымдарының докторы.

ОРАЛ