28.12.2020, 10:43
Қараулар: 118
Рахметім сізге, дәрігер!

Рахметім сізге, дәрігер!

Тәж тажалдың аяусыз жезтырнағына ілігенім-ау деген ой үш ұйықтасам, түсіме де кірмепті. Дегенмен, бұл аурудан жазылып, өмірге, отбасыма, ауылыма, еліме аман-есен оралуыма  себепкер болған әуелі Алла тағалаға, сосын ақ халатты абзал жандарға барлық емделушілердің атынан алғысымды жолдағым келеді. Маусым айының 12-жұлдызында кешкісін қос өкпеден ауыр дәрежедегі пневмония диагнозымен түстім. Бұл ретте бірден дер кезінде көмек көрсеткен Бударин медициналық амбулатория дәрігері Асылтас Есентаева, Н Нарымбаева, А,Черебатова  А.Кареновалардың есімін ерекше атап өтуім керек. Олар мені уақытында аудан орталығындағы фильтрге жеткізіп, аурухананың осы бөлімінде аталған диагноз бойынша емдеу шаралары басталып кетті. Барлық науқастарға деген дәрігер Мұрат Социаловтың қамқорлығын ерекше атап өту керек. Ол анализ талдау нәтижелерін жіті бақылап, бір сәт бақылаудан шығармады. Сынама нәтижесіне сай орташа дәрежедегі короновирус инфекциясы анықталғаннан кейін 15 маусымнан инфекциялық аурухананың реанимация бөліміне  ауыстырылдым. Емдеуші  дәрігер Гульфайруз Хамзина мен оның көмекшілері басынан  аяғына дейін тұмшаланып, арнайы костюм киіп, тыныс ала алмай жүрсе де, науқастардан көмегін аямады.  Олардың бәрі өз жанұяларынан жырақта, кейбіреулері тіпті басқа аудандардан келіп, арнайы жатақханаларда жатып, оқшауланататын. Бар қамы – науқастарының саулығы, амандығы. Солардың қатарында Серік Жасұлан, Айнұр Әбілқайырова, Гүлжан Кимеденова, Дариға Бостаева, Ақмарал Хабиевалар бар. Әрбір үш сағат сайын ауыстырылып киілетін арнаулы целлофан киім ішінде  тұншығып, тиісті қызметттерін жоғары дәрежеде орындаған олардың барлығы алғыстың қандай түріне де лайық.

Бір аптадан соң  Орал қалалық көпбейінді қалалық ауруханаға демалғыш оттекті аппараттан айырмай, арнайы көлікпен Мұрат пен Жасұлан балам жеткізіп, орналастырды. Аурухана директоры Армат Калибеков, дәрігер  Әсел Аронова – қолдары шипалы, жүректері мейірімге толы жандар. Бір айта кетерлігі, індеттің нағыз өршіген шағы, аурулар көп, ауруханада тіптен орын жоқ болатын. Осы тұста атқамінер азаматтардың қолдауын зор сезіндім. Аудан әкімдігінен бастап, аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Әсел Ералиевалар аурумен күресте ешкімнің жалғыз еместігін көрсетті.

Иә, өмір үшін, бір жұтым ауа үшін арпалысқан ол күндер де алдымен Алланың,  білікті дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің, тілеулес адамдардың арқасында артта қалды. Шілденің 6-да жазылып, отбасыма оралдым. Реабилитация  сауықтыру шараларын Айжан Сарсенгазиева, Галина Карабалина,  Асылтас Таскалиқызы жүргізді.

Ел басына күн туған  ауыр заманда, тәж тажалды тұншықтыруға  ат салысып, жандарын  аямай ажалға  араша бола білген барша медицина қызметкерлерінің еңбегі жана берсін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Ғайни МАШАЕВА, 

ардагер ұстаз

БУДАРИН