28.12.2020, 10:47
Қараулар: 91
Еріктілердің еңбегі мадақталған күн

Еріктілердің еңбегі мадақталған күн

Жастар – еліміздің болашағы, тірегі. Расында да, ауылыңда жасың болса, қай істі сеніп тапсырып, оның игі нәтижемен аяқталатынына әбден сенуге болады. Бұған Алмалы ауылындағы қыз-жігіттердің тиянақты жұмысы дәлел. Биылғы Еріктілер жылында  олар бірқатар игі бастаманы қолға алып, нақты қадамдар мен тың істердің басында жүрді. Індет әурелеген бүгінгідей қысылтаяң шақта жомарттық танытып, халыққа көмектерін аямады. Осы  жастардың қолдауымен төтенше жағдай орын алған кезден  бастап, індеттің алдын алуға қатысты біраз шаруа тындырылды. Солардың маңыздыларына тоқталып өтсек.

Наурыз айында жастар ісі жөніндегі кеңесші-маман Дәметкен Хасанова арнайы қор ашып, жинақталған қаржыға 27 отбасын  азық – түлік өнімдерімен қамтамасыз етті. Т.Бадраков, Қ.Хибашев, З.Даулетов, Қ.Құспанов, А.Ғалымов, Б.Баетов сынды замандастарынан қалыспаған 2000–2002 жылғы азаматтар Д.Амангелді, Қ.Хибашев, М.Мұратов, Е.Нағымов, Ж.Мұқатаев, М.Жаншиев 3 отбасына көмек көрсетті. Ауыл жастарының басын құраған «Мейірім» волонтерлер тобы  қолдан бетперде тігіп, тегін таратты, осылайша халықтың алғысына бөленді. «Мейірімнің» өзге де игі істері жетерлік: ауылдағы саябақтарды жаңғыртып, абаттандырған олар дәрігерлерге де ықылас көрсетіп, сый-сипаттарын арнады, оразада ауыз бекіткен жанға ауызашар таратып, сауапты іске ұйытқы болды. Ауылдағы тыл ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты қариялар белсенді жастардың үнемі назарында. Үй шаруасында көмегін ұсынған мейірімді қыз-жігіттерге аға ұрпақ ақ батасын жаудыруда. Топ мүшелері ауыл тұрғындарының жергілікті жаңалықтардан хабардар болуы үшін қаражат жинап, 10 отбасыны «Жайық таңы» газетіне тегін жаздырды.

Атқарылған зор жұмысқа ауылдастарының ризашылығы – Тәуелсіздік күні қарсаңында игі іске жұмылған барша жастардың еңбегі еленіп, мадақталды. Бұл шарада жыл белесіндегі жұмыс қорытындыланып, қайырымды жас ұрпаққа алғыс ақтарылды. Волонтерлер қозғалысына елеулі үлес қосқан мақтаулыларға марапат ұсынылып, сыйлықтар табыс етілді.

«Мейірім» волонтер тобы еріктілердің жігеріне жігер үстеген жыл аяқталды екен деп, алған бағыттарынан таймақ емес. Қазірдің өзінде олар 10 қаңтар күні өтетін сайлауға халықты шақырып, үгітшілері тобының құрамында түсінік жұмыстарын жүргізуде.

Артур САРИЕВ,

АЛМАЛЫ