28.12.2020, 10:48
Қараулар: 190
Қармақ, шаңғы – қысқы спорт

Қармақ, шаңғы – қысқы спорт

Қыс мезгіліндегі спорт түрлерінің адам  денсаулығына пайдасы мол, әрі ерекше  көңіл-күй сыйлап, спортқа деген қызығушылықты оятады.

Осы мақсатта  Чапаев ауылының «Бауырластар саябағы» аумағында Тәуелсіздік күніне орай қысқы спорт түрлеріне арналған аудан біріншілігі ұйымдастырылды. Аудандық «Жігер» спорт клубының ұйымдастыруымен жарыстың бағдарламасы бойынша спортшылар шаңғы тебу, қысқы балық аулау сайыстарында бақ сынады.

Сықырлаған сары аязға қарамастан, бұл жарысқа келгендердің көңіл-күйі ерекше болғанын айта кету керек. Бірі алдын-ала даярланған ойық жанында тапжылмастан қармағын күзетсе, енді біреулері шаңғыға мініп, орман жолымен жүйткітті.

Жарыс қорытындысында 18-35 жас аралығындағы әйелдер арасында шаңғы тебуден Самал Ералиева, Салтанат Төлешева, Әлия Иғазиева жеңімпаз атанса, 55-жастан жоғары санатта  Наталья  Кадырова жеңіс тұғырына көтерілді. ІІ орында Меруерт Баянова, ІІІ орында Дана Шуақбаева.  Ал ерлер арасында Даниил Тараканов І орынға табан тіресе,  Асланбек Ғабдуллин ІІ орын, Елдар Шынаев ІІІ орын иеленді.

Ал балық аулау сайысына 11 адам қатысты. Олардың арасында қармағы жүзген балықты қапы жібермеген  Амангелді Досмағамбетов жеңіске жетіп, қалған сайыскерлер белсенді қатысқандары үшін грамотамен марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамота, ақшалай сертификаттар табысталды.

Ләйлім ШЫРАҚ