11.01.2021, 9:25
Қараулар: 116
Қанатын жайса қайырымдылық

Қанатын жайса қайырымдылық

Жаңа жыл қарсаңында «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» атты акция ұйымдастырылды. Жомарттық үлгісін көрсеткен акцияға аудан орталы, ауыл-елді мекендердегі мекеме қызметкерлері мен кәсіпкер азаматтар атсалысты. Аталмыш шараның мақсаты – мұқтаж жерлестерге қамқор болып, жаңа жылдық сый ретінде әл-ауқаты төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету.

Өткен жылдың соңғы күндерінде  қорытындыланған акцияға тек аудан орталығының өзінде 52 мекеме қызметкерлері мен 8 кәсіпкер өз үлестерін қосыпты. Олардың арқасында 106 отбасыға 1 млн 700 мың теңге қаражатқа көмек көрсетілген. Кәсіпкерлердің қосқан үлесі 112 мың теңге болса, қалғандары жаңажылдық корпоративтерден бас тартып, бір күндік мерекенің орнына мұқтаждарға қолдау көрсетуді жөн көрген мекеме мен ұйым ұжымдарынан.

Игі шараға атсалысқан ауылдық округтерден біраз мысал келтіре кетсек.  Айталық, Мерген ауылында қос кәсіпкер мектепке дейінгі жастағы 65 бүлдіршінге, балабақшаның 40 балдырғаны мен интернаттың 15 шәкіртіне жаңажылдық сыйлық үйлестіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ал Есенсайда  мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы, аз қамтылған отбасының балаларына тәттілер мен ойыншықтар тарту етілді.

Жаңабұлақта да жергілікті тұрғындар 7 отбасыға қолдау көрсетсе, әманда жомарттығымен танымал тайпақтық кәсіпкерлер 35 отбасыға ірі қара малының етін таратқан, сонымен қатар 234600 теңгеге киім-кешекен жәрдемдескен. Алмалыда ауыл әкімшілігі 4,  орман шаруашылығы 3, мәдениет үйінің ұжымы 1 отбасыны, кітапқана мен емхана қызметкерлері 4 отбасыны жаңа жылдың қарсаңында мерекелік көңіл-күйге бөледі.

Қашанда ауызбіршілігімен ерекшеленетін Көнекеткен ауылдық округінде бұл акцияға жомарт жандардың барлығы дерлік атсалысты десек артық айтқанымыз емес. Мұнда көмекке мұқтаж жандар,  мүкіндігі шектеулі балалар мен көп балалы отбасылар сыйлықтармен түгел қамтылды. Кәсіпкерлер өз қарауындағы жұмысшылардың да жанұяларын ұмыт қалдырмай, сыйлықтар үлестірді. Балалары қашықтан білім алып, интернет кіргізуге мүмкіндігі болмаған жанұялардың баспанасына да жаңа жыл қарсаңында кәсіпкерлер жылдамдығы жоғары ғаламтор желісін кіргізуге қол ұшын созды.

Қайырымдылық қанат жайып, игі іске қарлығаштың қанатымен су сепкендей себелеп, үлес қосқан жомарт жандарға алғыс зор.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ