11.01.2021, 9:29
Қараулар: 81
Құрмет те, ілтипат та майдангерлерге

Құрмет те, ілтипат та майдангерлерге

Жаңа жылдың қарсаңында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қос бірдей Ұлы Отан соғысының ардагерлері үйінде болып, мерекемен құттықтады. Жеңіс сарбаздарына облыс әкімі Ғали Есқалиевтің және өз атынан құттықтау хат тапсырып, сыйлықтармен қуантты.

Алдымен Қ.Шадиярұлы аудан орталығының тұрғыны Рафхат Ғалимуллинмен жүздесті. Амандық-саулық сұрасқан соң, қария өткен жылдарын еске алып, бүгінгі бейбіт өмірге тәубе етті. Еңбек жолын  Жәнібек ауданында  ұстаз болып енді бастаған жас жігіт алғашқылардың қатарында соғысқа аттаныпты. Алдымен Өзбекстанның Самарқанд қаласына әскери училищеде білім алып, лейтенант шенінде қан майданның ортасына түседі. 1942 жылдың жазында Смоленск қаласын азат етуге қатысып, ерлік көрсетсе, 1944 жылы Беларуссияны және Балтық елдері маңында «Багратион» операциясына қатысқан. Ауыр жарақат алып, емделіп шыққан соң, қаруластарына қайта қосылады. Польша, Чехословакияда ұрыс далаларында болған ол Жеңіс күнін Кенисберг қаласында қарсы алады. Қос тілде еркін сөйлейтін жас сарбаз біліктілігінің арқасында 344-атқыштар дивизиясы штабының жолдауымен кіші командирлер даярлайтын дербес батальонның, 1152-атқыштар полкінің бірінші батальонының штаб бастығы қызметін атқарады. Елге «Капитан» шенімен оралған  Орда ауылындағы жергілікті мектепте педагогтік жұмысын жалғастырады. Чапаев аудандық партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі, бюро мүшесі болып қызметтер атқарған Р.Галимуллин жауапты жұмысында абыройға бөленіп, тың және тыңайған жерлерді игеру науқанын сауатты ұйымдастырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Құрмет белгісі» ордені, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің кіші күміс, үлкен күміс медалімен, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталады.

Тындырымпаз маманды билік басындағылар үлкен сеніммен партия комитетінің хатшысы, Чапаев аудандық халық бақылау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындайды. 1967 жылдан бастап 15 жыл қатарынан қос тілде жарық көретін аудандық «Еңбек» — «Труд» (қазіргі «Жайық таңы») газетін басқарып, басылымның беделін арттырып, редакцияның облыстық бірнеше байқауларда жеңімпаз атануына септеседі. 1985 -1989 жылдарда аудандық азаматтық қорғаныс штабын басқарып, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шығады.

Еңбегінің жемісі – өңірі медаль-орденге толы майдангер биыл ғасыр тойын тойламақ. Сол қуанышқа аман есен жетуіне тілектестік білдіріп тарасты құттықтаушылар.

Жерлестерінің риясыз көңіліне ілбішіндік ардагер Сұпығали Есімов те ризашылығын білдірді. Барша ақжайықтықтардың майдангерге деген жылы лебізін жеткізген аудан басшысы «Ауданымызда сіздей ағаларымыздың болғанын әрдайым мақтан етеміз және өскелең ұрпаққа үлгі етеміз. Сіздердің жанкешті ерліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің арқасында бүгінгі буын еркін өмір сүруде. Ізіңізді басып келе жатқан ұрпақ атынан сізге зор алғыс айтып, бас иемін. Жылдан жылға аман жетейік», – деп құттықтау хат пен жаңажылдық сыйлық тапсырды.

1944жылы қараша айында Кеңес әскері қатарына алынып, Чкалов қаласында оқу-жаттығудан өткен С.Есімов даңқты қолбасшы Жуков басқаратын l Украина майданындағы шайқастарға қатысқан. 1170-атқыштар полкінде пулеметші, бөлімше командирі болып, жауға жан аянбай қарсы соғысқан. Соғыстан соң Эстониядағы құпия атом зауытында іс жүргізуші және хатшы болып, осы елдегі 3278-әскери бөлімшесінде командир қызметін атқарады. 1954 жылы сол елде шаңырақ көтеріп, бір жылдан соң ұлымен елге оралады. Қазіргі таңда Лбішін ауылында тұратын майдангер де биыл 95 жасын қарсыламақ.

Әсет ОРЫНҒАЛИ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ