11.01.2021, 9:32
Қараулар: 97
Көкейкесті мәселелер қаралды

Көкейкесті мәселелер қаралды

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен өткен кеңесте жыл қорытындысы сараланып, келер жылға міндеттер салмақтанды. Бұл жиынға ауылдық округ әкімдері, бөлім-мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Дәулетов хабарлама жасады. Ол алдымен 2021 жылдан ауылдық округ бюджеттеріне енгізілетін өзгерістер бойынша аудандық мәслихат сессиясына материалдарды ұсынып, ҚР Бюджет кодексінің 73-1 бабы бойынша аудандық маңызы бар ауылдық округтер бюджеттері туралы мәслихат шешімінің жобасын әзірлеу тәртібімен таныстырды. Әрбір округ бюджетінің жобасы алдымен жергілікті қоғамдастықтың жиынында келісіліп, ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегіне дейін экономика және қаржы бөліміне ұсынылуы тиіс. Ал бөлім өз кезегінде бұл жобаларды ауданның бюджет комиссиясының қарауына енгізеді. Бджеттің жобалары қаржы жылының 15 қазанынан кешіктірілмей бекітіледі. Сонымен қатар ҚР Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы №394 бұйрығына сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты бекітілді. Осыған сай Б.Дәулетов округ әкімінің аппаратының өз құзіретінің шеңберінде жергілікті қоғамдастық жиынын, ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының жергілікті қоғамдастық жиынын, жиналысын өткізуді қамтамасыз ету тиіс екендігін қаперге салды.

Ауылдық округтер бойынша салық көрсеткіштерінің жоспары мен орындалуын баяндаған Б.Деулетовтың берген ақпараты бойынша 2020 жылға арналған бюджет кірістері 58 млн 526 мың теңгеге жоспарланса, нақты көрсеткіш 83 млн 583,8 мың теңгені құрады, орындалу пайызы 142,8. Оның ішінде 75 млн 872,8 мың теңге салықтық  түсімдер түсіп, жоспар 147 пайызға орындалса, салықтық емес 6 млн 53,9 мың түсім болған.

Мал қыстағының жай-жапсарын  жиында аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мұрат Сердалин, еңбек шарттарын электрондық есептеу бірыңғай жүйесіне тіркеу туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанна Нұржанова, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрландыру туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрғали Мутиев, мұз айдындарын құю және спорт алаңдарын теңгерімге алу жөнінде аудандық дене шынықтыру, спорт, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Артур Ермұқанов баяндады.

Жиынды қорытындылаған Қалияр Шадиярұлы күн тәртібінде қарастырылған мәселелердің маңыздылығын баса назар аударды. «Қыраулы қыста орын алатын күрмеулердің алдын алған абзал. Сондықтан ауылдық округ әкімдеріне мал қыстату науқанын ұдай бақылауда ұстауды тапсырамын. Алда әлі қаңтардың сары аязы мен ақпанның ақ борандары бар. Осыған орай осал тұстарымызды қазірден бастап бекітуді ойластырған жөн. Қыстақтағы шаруанының қамымен қатар жеке мал иелерінің де жағдайын назардан тыс қалдырмау керек», – деді ол.

Аудан әкімі электронды еңбек шарттарын жасау барысын жақсарту, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрландыру, қысқы демалыста оқушылардың демалысын ұйымдастыруға қатысты тапсырмалар берді.

Ә.СЕРІКҚЫЗЫ