11.01.2021, 9:35
Қараулар: 82
Сайлауалды насихат

Сайлауалды насихат

Нұр Отан партиясынан облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Ақжайық ауданы Қурайлысай ауылдық округіне қарасты Жұбан және Сайқұдық ауылдарында болып, тұрғындармен жүздесті.

Алдымен олар Жұбан Молдағалиевтің ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақын рухына тағзым етті. Тұрғындармен жүздескен олар сайлауалды бағдарламаның маңызды тұстарына, жылдар жүзінде партия міндетіне алған жұмыстардың орындалу барысына тоқталды. Тұрғындар да өз тарапынан партияның бағыт-бағдарына, атқарылған жұмыс нәтижесіне оң бағасын беріп, түйткілді мәселелерді ортаға салды. Айталық, ауыл азаматтары үшін кәсіпкерлікті дамытуға берілетін несие, грант қаражатының көлемін ұлғайтса, әр елді мекенде бизнестің өрісі кеңейіп, жаңа жұмыс орындарының көбейері анық дейді тұрғындар.

Сапар барысында үміткерлер «Есіктен – есікке» акциясы аясында жекелеген тұрғындармен сұхбаттасып, жағдайларымен танысты. Ауыл тұрғындары газдың ауыл ішіне кіріп тұрғанымен, құбырларды үйге кіргізудің өте қымбат екендігін айтып, бағасын арзандату жөнінде ұсыныс тастады. Сонымен қатар кандидаттар Нұршан Оспанова мен Наурызғали Әбілқайыровтармен жүздесіп, ауыл үлкендерінің батасын алды.

Сайқұдықта өткен кездесуде шаруагерлер өзен-көл арналарының жыл санап тарылып бара жатқанына алаңдаушылығын жеткізді. Сонымен қатар интернеттің шабандығы да алыстағы бауыр-тумамен хабар алысуға кедергі болып тұр.

Кандидаттар барлық мәселелерді қаперге алып, оң шешімін табуға жұмыстанатынын жеткізді.

Әсел САҒЫН.

Штаб отырысында

Жуырда Ақжайық аудандық «Nur Otan» партиясының сайлауалды штабының екінші отырысы өтіп, оған бастауыш партия ұйымы мүшелері, партия белсенділері, аға буын, жастар өкілдері, штаб мүшелері қатысты. Күн тәртібінде жергілікті штабтың атқарған жұмысы, межеленген көрсеткіштер мен ауыл-елді мекендерді аралау барысында тұрғындардан түскен мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.

Жиында сөз алған штаб төрағасы Айжан Нысанбаева үгіт-насихат жұмыстарының қарқыны жайында баяндады. Аудандық сайлауалды желілік кестеге сай облыстық, аудандық маслихат депутаттығына үміткер 26 кандидат үгіт насихат жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта межеленген жұмыстардың 90 пайызын тәмамдаған. Сонымен қатар үгіт насихат жұмыстарының ойдағыдай өтуіне жастар да өз үлестерін қосуда. Аудан көлемінде 47 қыз-жігіт науқанды ұйымдастыру жұмыстарына тартылған. Олар үгіт материалдарын белгіленген орындарға іліп, сонымен қатар «Есіктен есікке» акциясы аясында әрбір тұрғынға жеткізуде. Күні бүгінге штаб жоспарына сай 58 шара ұйымдастырылып, 4455 адам үгіт-насихат жұмыстарымен қамтылған.

Аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Сәлімгерей Сиражев ауылдарға сапар барысында тұрғындардан  түскен ұсыныстар мен пікірлерді ортаға салды. Сонымен бірге жиынға қатысқан аға буын өкілдері елдегі жарқын жетістіктерді саралай келе, күрмеуі шешілмеген мәселелерге де тоқталды. Айталық, Тайпақ ауылы тұрғындары тарапынан сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғайнолла Садыров оңтайландырудың салдарынан  бұрын дербес жұмыс істеген колледж, аурухананың бүгінде аудан орталығына қарайтындығы біраз қиындықтар тудыратынын,  халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысының тоқтап тұрғанын, мұның бәрі, сайып келгенде 5000-ға тарта тұрғыны бар округке қолайсыз екенін алға тартты.

Еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев Жайық арнасының жыл санап тарылып бара жатқанын, мемлекеттік тілдің мәртебесін заңдық тұрғыда көтеру туралы ұсынысын жеткізсе, «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Мәмбешова «Барбастау–Индер» тас жолын жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуі Жайықтың сол жағалауындағы тұрғындардың жол қатынасына қиындық тудырып отырғандығын қаузады.  Ардагер ұстаз Балым Хамзина ұлттық тәрбиенің маңызына тоқтала келіп, қашықтан оқу форматында білім алып жатырған 9 11 класс оқушыларын дәстүрлі оқу әдісіне көшірудің маңызы жөнінде  пікір білдірді.

Есенсайлық Мерует Қауымбаева ауылдан тікелей Орал қаласына қатынайтын автобус шығару мүмкіндігі қарастыруды ұсынып, интернет жылдамдығының нашарлығы онлайн білім алатын студенттерге біраз қиындық тудырғанын айтты. Бударин ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Сақауов мектептерде математика, физика пәні мұғалімдерінің тапшылығын сөз етті.

Әсем ЕСБЕК