11.01.2021, 9:36
Қараулар: 134
Айдан аман, жылдан есен

Айдан аман, жылдан есен

Тәуелсіздігімізді 29-шы рет атап өткен, мол жақсылығымен қатар елдігіміз, бірлігіміз сынға түскен жыл да мәресіне келді. Уақыт қандай жүйрік… Елдің үлкені ретінде, ең алдымен, ағайын аман болса екен деген тілек бар. Ауыл-елде игі бетбұрыс болған сайын жан–дүниеміз бір сергиді. Мемлекет жасап жатқанның бәрі халықтың игілігі ғой.

Иә, биылғы жылдың ақжайықтықтарға тартуы айтарлықтай. Алдымен айта кетеріміз, өткен ғасырдың 90-шы жылдары бастау алған газдандыру жұмысы толығымен аяқталып, биыл соңғы 11 ауылға көгілдір отын жеткізілді. Сонымен бірге тағы 6 ауылдың тұрғындары ауыз судың азабынан құтылып, халық қуанышқа кенелді. Жылдың айтулы жаңалығы – күре жолдан қашықта орналасқан Алғабас ауылына жеткізер жолдың жөндеу жұмыстары да басталды. Ал 3 ауылға кірмежолдың тегістелуін халықтың көптен бергі тілегінің қабыл болуы демегенде қайтейік?! Келер жылы ауылдағы ағайынның тұрмысын жаңғыртуға бағытталған осындай жұмыс жарасымды жалғасын табарына сенім мол. «Жақсы жол – елге жора» демекші, бұл істердің ауданның дамуына, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының жақсаруына оң ықпал етері сөзсіз.

Баспана құрылысы да жыл сайын қарқын алып келеді. Бүгінде ауданның қай ауылына келсеңіз де, жаңаша келбетпен салынған үйлерді көресіз. Тек биылдың өзінде аудан орталығында тұрғын үй кезегінде тұрған 24 отбасы қоныстойын тойласа, Жаңабұлақ ауылында да 2 көпбалалы ана су жаңа пәтерге ие болды.

Аға буын ретінде жас ұрпақтың, бүгінгі ұл мен қыздың білімінің кемел болуын қалайтынымыз да рас. Бұл бағытта да  ауданда атқарылған жұмыстар көңіл қуантады. Жыл сайын бірқатар білім ордалары жаңаша жаңғырып, кей ауылдарда жаңа мектептер бой көтерсе, биыл осындай қуаныш аудан орталығында орын алды. Ашылғанына 25 жыл болған Абай атындағы мектеп-гимназияның жаңа ғимараты мен интернаты бой көтерді. Ұл-қыздың жайын қамдаған тағы бір жарқын істердің бірі – биыл Жамбыл мен Есенсай ауылдарында, аудан орталығындағы колледж жанынан жаңа спорт алаңдары пайдалануға беріліп, саламатты өмір салтын қалыптастыруға, жастардың спортпен емін-еркін айналасуына барлық жағдай жасалды. Бұл нысандар ауылдық округтерде салынған спорт алаңдарының соңғылары, енді осындай қарекет ірі елдімекендердегі жастар үшін де жасалмақ.

Ауыл-елдегі ауызбіршілік, берекеге бастар еңбектің тәуелсіздігімізді баянды етері кәміл. Ту сыртымыздан індет торуылдаған қиын сәттерде еліне берері мол азаматтардың атқа мініп,  қолдау көрсеткенін қалайша мақтан етпейсің. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, осындайда қол ұшын созған жерлестеріміздің, аудан түлектерінің мәрттігін, жақсылығын айтпай кетуге әсте болмайды. Айталық, Еркебұлан Әжікенов, Болат Хисин, Жаңғабыл Сәтбаев, Нұртай Сахипов сынды жанашыр азаматтар оттегі концентраторын тарту етіп, өздігінен дем ала алмай, қиналған талай жанның өміріне араша түсті. Бұдан басқа, жекелеген азаматтар ауруханаға кезек-кезек шұбат-қымыз, дәрі-дәрмектерді жеткізіп, игі іс атқарды. Бұл ретте жерлестеріміздің бір-бірін қолдағаны, індетпен күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне демеу бола алғаны – ел амандығына мың кепіл. Қиын кезеңде бір жағадан бас, жеңнен қол шығарған барша жерлестерімізге аға буын атынан ақжарма алғысымды білдіремін.

Біздің аудан – ынтымақ пен ырыс орнаған мекен екенін биыл ақжайықтық ағайын тағы бір мәрте дәлелдеді. Туған халқының жоқшысы, қаһарман ақын, «Мен қазақпын» деп бір ауыз сөзімен елдің санасын дүр сілкіндірген Жұбан Молдағалиевтің 100-жылдығын туған жері – Ақжайық лайықты атап өтті. Елдігіміздің айғағы облыс, республика зиялыларының назарын аударған, сәні мен салтанаты келіскен Жұбан ордасы бой көтерді. Әлемді елеңдеткен індетке қарамастан, ауданымыздың іскер азаматтары, зиялы қауым, қарапайым қызметкерлер мен зейнеткерлер де қал-қадірінше үлес қосып, ғасырлық тойға тамаша тарту жасады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Жұбан ақын аңсаған елдік мұратқа, бірлік пен ынтымаққа, өркениетке ұмтылған ел екеніміздің айқын көрінісі де бұл.

Міне, күнтізбенің бір жылын қайырып, Жаңа жыл, жаңа күн келеді. Адам баласы Жаңа жылдан көп жақсылық күтеді, көп үміт артады. Өткенге риза болып, жаңа жылға бәріміз таза ниетпен, нық қадаммен аттайық.

Жігербай ҚАЖЫҒАЛИЕВ,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.