11.01.2021, 9:42
Қараулар: 97
Жастарды еңбек пен талап жігерлендіреді

Жастарды еңбек пен талап жігерлендіреді

Дәстүр бойынша жыл соңында жастар саясатында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, үздіктерді марапаттайтын «Жастық жігер» фестивалінде басым салмақ еріктілердің үлесінде болды. Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатысқан бұл шырайлы  шарада пандемия кезінде көпке көмек көрсетуге асыққан жастардың ісі мадақталып, мемлекеттің ауқымды стратегиялық қоры саналатын жас буын өкілдерінің еңбектегі қолтаңбалары, іргелі істері, білімге құлаш ұруы жайында баяндалды.

Осында жиналғандарды Қалияр Шадиярұлы айтулы шарамен және келе жатқан Жаңа Жылмен құттықтап сөз сөйледі.

– Ұлттың ұлы үміті де, тірегі де – жастар. Саналы, білімді де белсенді ұл-қыздары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор. Тәу етер тәуелсіздігімізді нығайтуда еліміздің өрендеріне зор сенім жүктелуде. Сол сенімнің үдесінен біздің ауданымыздың қыз-жігіттері пандемия жағдайында толығымен ақтады. Мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізіп, қоғамдық тәртіптің мызғымауын қадағалады. Блок-бекеттерде уақытпен санаспай ауыл-ел іргесіне індеттің енбеуін қадағалағандар да – жастар. Бәріңізге де алғаусыз тілекпен атқарған еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды арнаймын,-деді ол.

Барлық ауылдық округте балауса толқынға еңбектің маңызын ұғындыру, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін түсіндіру бағытында жүйелі түрде жұмыс жалғасуда. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары өміршеңдіктерін дәлелдеді. Сондай-ақ, бизнесті өрістетуге бағытталған бағдарламалардың шарапатын сезінген жастар аз емес.

– Әрбір қыр мен дөңесі шежіре жыр мен тарихи сырға толы жеріміздегі жастық қолтаңба – тұма тазалығының, мемлекетшіл мінездің жарқылы болып табылады,-деді әкім.- Аға буынның абыройлы аманатын Жұбан елінің жастары жауапкершілікпен сезініп, ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіріп, ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында бар күш-жігерін жұмсайды деп сенім білдіремін.

Фестиваль сахнасына алдымен еріктілердің еңбегін, еліміздің дамуына қосар үлесін айшықтап, олардың қозғалысына пәрмен берген жылда аудан жастарының атқарған жұмысы жөнінде бейнеролик көрсетіліп, «Біз біргеміз» акциясына белсенді қатысқан жастар шақырылды. Аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов «Үздік волонтер» аталымымен аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкері Сейілхан Ибрагимовты, «Үздік волонтерлік топ» аталымымен «Бөбек» балабақша ұжымының қызметкерлерінен құрылған «Мейірім» волонтерлік тобын, «Үздік волонтерлік ұйым» аталымымен Чапаев ауылының 2011 жылғы түлектерін марапаттады.

Осыдан соң ортаға еселі істерімен, ізденістерімен ерекшеленген жыл үздіктері шақырылды. Оларға естелік сыйлықтар тапсырылды.

«Үздік жас кітапханашы» аталымымен Шолпан Елекенова, «Үздік жас дәрігер» аталымымен індетпен күресте алдыңғы шептен көрінген Аяулым Тастілеу, «Үздік жас ұстаз» аталымымен Абай атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Айдана Қуаныш, «Үздік студент» аталымымен Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 4 курс студенті Дулат Дендер, «Үздік оқушы» аталымымен Қ.Байсықов атындағы ОМ оқушысы Аяжан Қайырбекова, «Үздік жас полиция қызметкері» аталымымен Ақжайық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Эльдар Жігербаев, «Үздік жас өнерпаз» аталымымен аудандық мәдени-демалыс орталығының режиссері Арман Шынғали, «Үздік жас спортшы» аталымымен аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Эльдар Шынаев, «Ұлттық спорт үздігі» аталымымен көкпаршы Қайнар Кусмагулов, «Ветеринария саласының үздігі» аталымымен аудандық ветеринарлық станцияның мал дәрігері Мержан Аймурзин, «Үздік жас кәсіпкер» аталымымен «Астана» бөбекжайының басшысы Альбина Кенжетаева, «Үздік жас аспаз» аталымымен «Умка» кафесінің аспазы Перизат Омарова, «Үздік жас кондитер» аталымымен жеке кәсіпкер Назерке Бержанқызы, «Үздік жас видеоблоггер» аталымымен интернет-маркетолог Әділ Асқар, «Whatsapp желісіндегі үздік топ» аталымымен Ершат Жексенбай жетекшілік ететін «TAXI Uralsk – Chapaevo» тобы, «Үздік жас байланыс қызметкері» аталымымен Бердібек Боранбай, «Үздік жас ІТ саласының маманы» аталымымен Абай атындағы мектеп-гимназияның инженер бағдарламашысы Айбатыр Жылқыайдаров, «Үздік жастар жетекшісі аталымымен алмалық жастармен жұмыс жөніндегі кеңесші-маман Дәметкен Хасанова қошеметтелді.

Фестиваль құрметіне көркемөнерпаздар ұжымы өнер көрсетті.

Әлия ШАРАПИЕВА

Суретті түсріген Азамат ҚАНАПИЯ