11.01.2021, 9:44
Қараулар: 119
Күрес мектебі ашылды

Күрес мектебі ашылды

Ауданымыздың Мерген ауылдық округінде жергілікті ағайынның күшімен жүзеге асырылған игі істер көбеюде.  Жуырда Мерген ауылындағы орта мектептің жанындағы интернаттың жертөлесі жөнделіп, кереметтей кең ірі жарық күрес залына айналды. Бұл жұмыстың Тұңғыш Президент Нұлсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқанын айта кетсек. Жаңа жыл қарсаңында ашылу салтанаты өткен бұл спорттық орында енді күрес үйірмесінің жұмысы жүргізіліп, спортқа таласы бар балалар емін-еркін жаттыға алады. Балаларға қуаныш сыйлап,  спорттық құралдармен, барлық керек жарақпен қамтамасыз еткен  демеуші – ауылдың азаматы кәсіпкер  Төлеген Хамиев.

Ауылға жаңалықтың лебін әкелген қуанышпен мергендіктерді аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтап, сөз сөйледі. «Бүгін – ертеңгі ұрпақтың қамы үшін басталған үлкен жұмыс аяқталды, бұл сіздер үшін үлкен қуаныш. Өйткені өсіп келе жатқан ұл-қыздарыңыз спортқа талпынып, соның ішінде қазақтың күресіне ынтасы ауатын болса, үлкен жетістік. Қазақ күресінің тарихы халқымыздың тамыры терең тарихымен астасады. Ел-жұртымыз қашан да күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандарды төбесіне көтеріп, құрметтеген. Атақты палуан Қажұымұқан атамыз қазақ халқының атағын әлемге танытты. Ендеше осы күрес залынан байрақты бәсекелерде еліміздің мәртебесін асыратын болашақ спортшылардың тәрбиеленіп шығуына тілектеспіз. Жаңа жыл әр отбасыға бақыт пен береке алып келсін. Ауданымыз бен ауылдарыңыздың атағын шығаратын мықты спортшылар көбейе берсін!» деді ол.

Т.Александрұлы күрес залына төселетін кілемдер мен арнайы спорт киімдері, қажет жабдықтармен қамтамасыз еткен  Т.Хамиевке ризашылығын жеткізіп, аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды. Салтанатта жиналғандарды спорт ардагері, ардагер-ұстаз Серікқали Құбайұлы құттықтап, ақ батасын берсе, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Игильманов сап түзеп тұрған жастарға болашақта сәттіліктер тіледі.

Осы күн құрметіне балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары тәжірибелік дәрістер өткізіп, боз кілемде белдескен балғын балуандарға қалың көпшілік қошеметпен қол соқты.

Асыл ҚАЙРАТ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ