11.01.2021, 9:48
Қараулар: 294
Жаңа жылдың шаттығы

Жаңа жылдың шаттығы

Карантиндік шектеулерге байланысты Жаңа жыл мерекесі бұрынғыдай сән-салтанатымен атап өтілмесе де, бұл күннен ғажайып пен сиқыр күтіп, тілеуін арнаған бүлдіршіндер сыйлықсыз қалған жоқ. Барлық мектептерде оқушыларға мерекелік сый тарту етілсе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымды жерлестері тәттілерін жеткізді.

«Ғажайыпқа толы жаңажыл!» атты Қазақстан Республикасы Президенті атынан балаларға жаңажылдық құттықтауына ауданнан 9 бен 13 жас аралығындағы ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың оқуда озат және дарынды деп танылған 14 бала ие болды. Олардың әрқайсысына 106 мың теңге көлемінде сыйлық тарту етілді. Сыйлықтың құрамына «Bilimbook» шағын планшеті, роутер мен 6 айға тегін қолданатын сим-карта, тәтті сыйлықтар салынған. Сонымен бірге әр балаға ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың атынан құттықтау ашық хаты жеткізілді.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, сыйлықтарды білім бөлімінің мамандары, ауылдық округінің әкімдері, мектеп директорлары, Аяз ата мен Ақшақар оқушылардың үйлеріне барып табыстады. Бударин мектеп-бөбекжай кешеніне аудан әкімінің орынбасары Тілек Габдушев барып, Айсұлу Сағынбекқызын құттықтап, сыйлықтарын беріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Әсия ШЫРАЙ