11.01.2021, 9:51
Қараулар: 147
Талаптыға нұры жауар

Талаптыға нұры жауар

Қолдарына диплом алған жас мамандардың барлығына бірдей жұмыс тауып орналасып кетудің реті келе бермейтіні анық. Дегенмен жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау молынан. Бастысы – игілікке жаратып, еліміздің ертеңін қалыптастыруға жастық талабын арнағаны. Солардың бірі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы.

Бұл бағдарламаның мақсаты – ауылдық жерлерге жоғары оқу орынын бітірген мамандарды жұмысқа тарту, сол арқылы кадр жетіспеушілігін жою.Бағдарламаны іске іске қосылғаннан бастап елімізде 60 мыңнан астам маман 7,4 млрд теңге көлемінде көтерме жәрдемақыға ие болып, 27,5 мыңнан астамы тұрғын үй алу үшін 70,6 млрд теңгеге бюджеттік несие алған. Ал ауданымызда биыл 85 қыз-жігіт бағдарламаның шарапатын көрген. Оның 46-сы білім саласы, яғни ұстаздар қауымы, спортта 7, мәдениетке 6, ветерринария бойынша 4, әлеуметтік сала бойынша 1 адам.

Есенсай ауылындағы мектепте қызмет ететін Марал Түркістанова аталмыш бағдарламаның игілігін молынан көрген жастардың қатарынан. Жоғары оқу  орнын тәмамдап, қолына білімін дәлелдейтін диплом алғанымен біраз уақытқа дейін жұмыс таба алмай қиналған күндері, облыс орталығындағы мектептердің біріне әупірімдеп орналасқанымен, жанұялы адамның жалға берілетін пәтерлерде тұрып жұмыс жасағаны Маралдың әлі есінде. Бірақ бәрін бірден оқырманға жайып салмай, рет-ретімен баяндасақ.

Марал Түркістанова Казталов ауданының Жалпақтал ауылында (бұрынғы  Фурманов) ауылында дүниеге келіп, сол ауылда білім алған. Мектепті бітірген бойда өзге замандастарымен қатар жоғары оқу орнына түсуге талпынған. Алғашқы қадамы сәтсіз болса да, бойжеткен мойымай, қолынан келетін қызметке араласып кетеді. Бірақ алдына қойған мақсатынан жалтаруға Маралдың жігері жібермеді. Жұмыс істеп жүрсе де, қабылдау емтихандарына жіті дайындалып, ақырында 2011 жылы Ж.Досмұхамбетов атындағы колледжге мектепке дейінгі балаларды даярлайтын ұстаз мамандығына оқуға түседі. Арманы алдан қол бұлғаған жас ару қолыма диплом алсам, бірден қалаған мамандығым бойынша жұмысқа кірісіп кетемін деп ойлайтын. Бірақ өмірде бәрі біз күткендей оңай болмайтыны аян, оқу орнын тәмамдаған соң, бір жылдай уақыт лайықты қызметті іздеуге кетті. Осылайша қаладағы 37-мектепке мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, мектеп табалдырығын алғаш аттап, даярлық тобына қадам басқан бүлдіршіндердің білімге деген зейінін ашуға аянбай кірісіп кетеді. Осы аралықта мамандығы бойынша жоғары оқу орынына да сырттай оқуға түскен болатын. Осымен жас маманның күні көркем болды десек, артық болар. Тапқан жалақысы жолақысы, пәтерақысы, оқуына төлейтін қаражаты мен күнделікті ішіп-жеуінен әрең ауысатын. Қожайынның қас-қабағына қарап өмір сүретін жалдамалы баспанадағы өмір де әбден қажытты. Қас-қабағы демей қайтейік, 4 жылдың ішінде бірнеше пәтер ауыстырып үлгеріпті.

Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді деген, пәтер жағалаған жас маман ауылдың мамыражай күндерін аңсайтын. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы туралы бұрын да естігені бар, бірақ ауылға барамын деген қай жасқа бірден жұмыс ұсына қояр дейсің деген күмәнмен құжаттарын ұсынуға бата алмай жүрген. Жаңа пәтер іздеп сарсылған бір күні Марал тиісті қағаздарын жинап, бағдарламаға қатысуға ниет білдіреді. Араға көп уақыт салмай, Есенсай орта жалпы білім беретін мектебінен Маралдың мамандығы бойынша мұғалімнің қажет екендігі туралы хабарлама жетеді. Жас маман еш ойланбастан, Есенсайға бет алады.

«Міне осы ауылға жұмысқа тұрғаныма екінші жылға аяқ басты. Ауылға келгеніме, еш өкінбеймін, осында шаңырақ көтердік. Бағдарламаның арқасында төрт бөлмелі үлкен үйге қол жеткіздік, жанұямда осы ауылда. Жолдасым да – осы елдің азаматы, ұл мен қызымыз бар. Мен секілді жас мамандарға көрсетіліп жатқан қолдауға алғысым шексіз. Мектеп ұжымына, Мирдан Сапа бастаған әріптестеріме де ризашылығым зор, алғашқы күннен бастап өз қамқорлықтарына алып, білгенін үйретті. Мен өзім  оқып жүрген кездің өзінде ауылда жұмыс істеймін деп арман еткенмін, соның орайы осылай келді» – дейді Марал.

Кейіпкеріміз сияқты қаншама жас мамандар еліміздің әр түкпірінде әр салада еңбек етіп жүр. Барлығы да бақтарын ашқан бағдарламаға алғыс айтуда деген ойдамыз. Өйткені үлкен қалаларда жұмыс табу қиын, әрі баспана жалдаудың да машақаты зор. Ауылдық жерлердегі мектептерге келетін жас мұғалім немесе басқа мамандық иелерін қанаттандыратын осындай жобаның ғұмыры ұзағынан болса, игі. Сонда ауыл-аймақ көркейіп, еңбек жолын енді бастаған жастардың айы оңынан туары сөзсіз.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ