11.01.2021, 9:54
Қараулар: 174
Қайыр

Қайыр

Орыс добын үш атты…

1837 жыл. 15-қараша. Тастөбе. Исатай-Махамбет. Араға ғасыр жарымнан аса уақыт салып, қанды қасап болған мекенді  өз көзімізбен көріп, шейіт болған сарбаздар аруағына дұға бағыштап қайту үшін үркердей топ әдейілеп жолға шықтық. Лавр Хайретдинов ағамыз бастаған сапарластардың қатарында Құжырғали Төлеуішев, ақын Закария Сисенғалиев, жолсерік жігіттер және мен болатынмын. Осы ағаларымның мені неге жандарына алабөтен ертіп алғандарын әлі күнге түсінбейтінім ақиқат. Мүмкін білсін дегендері шығар. Әйтеуір риза екенімді де жасырмаймын. Көлігіміз діттеген жерімізге жеткізуге асығар емес. Тым ұзақ жүрдік. Жанымызда жол жағдайын әжептәуір білетін жігіттер бола тұра, құла түзде адасып та үлгердік. Бағдарымыздан ажырап, біраз әбігерге түстік. Кенет, сонадайдан құйрық-жалы төгілген, мустангтарға ұқсайтын бір келісті, тәкаппар жылқы көрінді. Біздерге біраз қарап тұрды да, соңымнан еріңдер дегендей кілт бұрылып алып, алдымызға түсіп шаба жөнелді. Белгісіз күштің ықтиярымен соңынан ілестік те отырдық. Айнала биік төбелер, шағыл құмдар еді. Кейде әлгі жылқы еңіске түсіп көрінбей кетеді. Жаңылысып тұрып қаламыз. Сол сәтте өзге төбеден жарқ етіп шыға келіп, біздерді қайыра ілестіреді. Аң-таң боп келеміз. Сәуегейлік танытар үлкендеріміз мүдіріп келе жатқанда, бозөкпе маған не жорық?!

Арамыздағы біреу фотоаппаратпен ұмсынып, суретке түсірмекші еді, тұлпарымыз оған ырық бермеді. Олай-бұлай ойқастап, орағыта шауып әлек қылды. Сөйте тұра түсіріп алғандай болған-ды. (Кейін суретті шығарарда жұмбақ жылқы жоқ боп шығыпты)  Әйтеуір ұшқан құстың қанаты талатындай жер өлшетіп барып, жануарымыз бір төбенің басына барып тоқтады-ау.

— Осы Тастөбе, — деді Лавр аға. Бұрында келген екен. Ал қызықты қараңыз. Жаңа ғана жол бастап келген жұмбақ қылқұйрықты таппай қалдық. О, тоба! Дәл осы жерде мәңгіге қалған сарбаздардың аруағы шығар дестік…

Тып-тыныш , меңіреу мекен екен. Тіпті ұшқан құс көрінбейді.

— Бұл жердің қояндары қартайып, өз ажалдарымен өледі — деді бір жігіт. Шынымен де тып-тыныш меңіреу жер…

***

Меңіреу ғаламда суретші Қайыр Оразғалиевпен табыстырған тағдырыма ризамын. Өз  жасынан әлдеқайда балаң көрінетін ағамның жанында біраз жүрген едім. «Сәбилігін ұмытқан адамнан қорық!» – дейді ылғи маған. Рас шығар… Аңғал, сәби мінезі бар. Болмашы нәстеге бұртиып қалатыны тағы бар. «Менің үшінші класс оқитын досым» деймін кейде әзілдеп. Ал ашуланса… Құдай оны көрсетпей-ақ қойсын! Тиіскен адамды бір ұрып қана ұйқтата салатыны үшін студент кезінде алған «Глушитель» деген лақап аты бар екенін еститінмін.

«Бірде ауылға барып қайтайықшы. Мамам( Әжесі) түсіме еніп жүр». – деп, қолқа салды. Қайрақаңның туған жері – Көнеккеткен ауылы өте көркем, табиғаты тамаша жер. Қалың тоғай. Жасыл Жайық өзені ерекше өң беріп тұрған жұмақ арал да Көнеккеткен деп аталады. Зират басына барып, мамасының аруағына құран бағыштады. Үп еткен жел жоқ, күн тынық болатын. Нағашысы Шәрәпи екеуі отырғызған тал бар екен. Қазір мәуелі ағаш боп өсіп тұр. Қайран қалғаным, Қайрақаң дұға оқып отырған кезде, әлгі ағаштың жапырақтары сыбдырлап, жайқалып, ағашқа жан біте бастағаны. Жел жоқ. Тып-тынық. Ал алып ағаш жапырақтарымен бірге қозғалып тұр… Ол аз болса, жаңбыр себелеп өтті. Құдды сиқыр.

— Ылғи осылай. Мен келгенде өстеді, — деді Қайрақаң. Алланың пәрмені-ай! Өз тұла бойында да бір сиқыр күш бар. Кейде жұмбақ, мылқау жанға айналады. Жазған жұмыстары да — Мысық. Қойған қолы да — Мысық. Өзі де мысыққа ұқсайды.

– Сенің жазған жұмыстарыңда неге ылғи мысық жүреді? — деймін.

— Кішкентай кезімде балалықпен мысықтарды көп қорлап едім…

Түсінікті әрі түсініксіз. Азамат соғысы кезінде Чапаев дивизиясы аталмыш ауыл төңірегінде де соғысқан екен. Екеуміз ескі жылдар жаңғырығын жаңартып, патрон іздеп кеттік. Тіпті қазып әуре болмайсың. Бәрі көрініп жатыр. Егер ту сыртымыздан қараған кісі болса, тысы ақа, іші бала, патрон санап мәз болған екі делқұлыны көрер еді.

– Жүр, мен саған балық жегізейін.

Тоғайға келдік. Жардың бойын жағалап біраз жүрді де, шешіне бастады. Жаңа байқадым, суда құрулы тұрған біреудің ауы бар екен. Балыққа шүпірлеп толып тұр. Қайрақаң үш орташа балықты ғана жағаға лақтырды. Бәрін алғым кеп тыпыршып мен тұрмын. Көзім тояр емес.

– Осы алғанымыз жетеді. Бұл балықтар біреудің несібесі, – деді Қайрақаң маған. Қандай қанағатшыл! Жасыл түйежапыраққа орап, түтінге ыстап пісірген ағамның сол балығының дәмін әлі күнге ұмытпаймын. Осы жолы оның тылсым күш иесімен  қатар, елін ойлайтын азаматтығына да көз жеткізіп оралдым.

2008 жыл. МГУ-дің ұйымдастыруымен өтетін кезекті студенттер театрының фестиваліне шақырту алып, Қайрақаң екеуміз Мәскеуге бардық. Үлкен шаһарды жатқа біледі. Студент кезінен осы қалада болғанды ұнатады екен. Өсуі мен кәсіби шыңдалуына әсер еткен осы қала. Атақты МГУ-дің қасиетті жатақханасына орналастық. Қаншама ғұламалар өсіріп шығарған білім ордасы бұл. Спектакль көріп келген соң шаршап ұйқыға кетемін. Ұйқымды бұзбастан әдеппен оятар еді Қайрақаң. Өзі тәттіні жақсы көретіндіктен ылғи дәмді тағамдарды толтырып алдыма қояды… Түнде тоңып қалмасын деп денемді қымтап жататынын да сезіп білемін. Мұнда да сол – ағалық қамқорлық!

Бірде Третьяков галереясына ертіп апарды. Қайрақаң бәрін маған тәптіштеп түсіндіре бастады. Залдан залға өтіп, Врубель, Кандинский, Моне, Мане, Малевич т.б суретшілердің ерекшеліктерін, түс-бояу, стиль-манера жөнінде де біраз мағлұмат беріп жатты. Шынымды айтсам, қазіргі режиссерлік жұмысыма да осылардың зор әсері тиіп жүр.

Осылайша Орал провинциясындағы бала Мұқанның көкірек көзін оятып, жарық сәуле құюға талпынған Қайрақаңды қалай ұмытайын!  Мен ештеңені де ұмытпаймын! Көрген-білгенімнің барлығы да жүрек түкпірімде жып-жылы күйінде сақтаулы. Поэзияны сүйесіз. Жабырқағанда жыр жазасыз. Оны Қуаныш екеуміз білеміз. Мысықты Пайғамбарымыз да құрметтеген дейді ғой. Мысықты жаза беріңіз. Тек мысықтабандап жақындайтын мысықтілеулестерден бойыңызды аулақ ұстаңыз,аға!

***

Шынымен де тып- тыныш меңіреу жер. Он күн мұрсатты пайдаланып, орыс әскерлері зеңбіректерімен келген. Келген де меңіреу тыныштықты бұзған. Аққан қан күннің бетіне шапшып, қызылкүрең боп ұйып қалған. Батыстың күні осыдан қырмызы. Аяңдап Тастөбенің басына көтерілдік. Бір нәрсе ағарғандай болды. Маңғыстаудың ақ тасынан қашалып жасалған, ұзын тұрқы метр жарымдай белгі екен. Бетіне ойылып «Бұл жерде 1837 жылы 15-қарашада Тастөбе шайқасы болған» деп жазылған екен. Екі жанына айбалта мен найзаның бедері басылыпты. Ал  төменгі жағында «… Қайыр» деп таңбаланып тұр екен. Көзіме жас келді… Жеткен екен ғой… Келген екен ғой…Белгі қойып, зиярат еткен екен ғой…

Үндемей жүріп ізгілік жасаған екен ғой тағы Қайрақам! Айғай шулы заманда айғайламайтын алтын ағам-ай! Сол сәтте мен үшін қадірің де, қасиетің де тым қымбаттап бара жатты.

Мұқан-Ғали ТОМАНОВ,

режиссер.

Атырау қаласы