11.01.2021, 10:05
Қараулар: 136
Жануарды асырап, күте білу – мәдениет

Жануарды асырап, күте білу – мәдениет

Баршаңызға белгілі, өткен жыл біраз қиындықтарды біріге еңсердік, жаңа жылда да сан тарау сынақтар аз болмайтын секілді. Соның ішінде басты құндылық – адам өмірі мен денсаулығы, өмір сүру ортасының қауіпсіз, жайлы болуы екенін уақыт айғақтады.

Осы орайда жылдар бойы жиындарда қызу талқыланып, шешімін таппай қойған бір мәселе – елдімекендерде өріп жүрген иесіз иттер жайы. Олардың ауладағы малға келтірген зияны, қабаған тобырдан ересектер мен балалардың жарақат алуы туралы айтылды да, жазылды да. Бұрындары, есімізде, ауылдық кеңес арқылы арнайы мамандар шақырылып, ауылда иттерді жаппай ататын. Бірақ бұралқы иттер саны жылға жетпей қайта көбейіп, балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңкөңіл ахуал сейілмеді. «Басшылар қайда қарап отыр, неге аттырмайды» деп бар кінәні билікке аудара салатынымыз да жасырын емес. Ал шындығына тура қарар болсақ, кінәлі өзіміз-ау деген ой келеді. Олай дейтінім, 10-15-тен топталып көше торыған көп иттің ішінен арып-ашыққан бірін көрмейсің. Бәрі де күтімдегі күйлі жануарлар. Демек, иесі бар. Малға да, жанға да қауіп төндіруші сол әр ауладағы байлаусыз бос жүрген өзіміздің Ақтөстеріміз.

Қазақ үшін жеті қазынаның бірі – итті ұстаудың өркениетті елдердегі жайына назар аударсақ. Оларда ит, мысық асырау, әсіресе қорғансыз, қараусыз қалғандарын үйге әкеліп, отбасының бір мүшесі мәртебесінде бағып-қағып, дағдыға айналған. Олардың түсінігінде иесінің міндеті итін уақтылы тамақтандырумен шектелмейді, тиісті орында тіркетіп құжаттау, толыққанды зооветеринарлық, сангигиеналық талаптарды мезгілімен мүлтіксіз орындау, арнайы орын (бөлме, үйшік) бөлу және тұмылдырықпен (намордник) жетекке алып серуендету қатаң сақталады. Сондықтан оларда қаңғыбас ит көрмейсің. Біздегідей ит ату хайуанаттарға қарсы жасалған аса ауыр қылмыс саналады, сәйкесінше заңға тартылады. Әлдеқалай иесіз жүрген жануар болса, дереу уақытша ұастау орындарына жеткізіліп, жаңа қожайыны алғанша, күтімде болады. Қауіпсіз. Айтайын дегенім, тура бүгін-ертең болмағанмен, бәлкім біз де таяу жылдарда бұрынғыдай көшені қанға бөктіріп, ауылды, бала-шағаны азан-қазан қылатын кеңестік «ит ату» науқанынан саналы түрде бас тартып, осындай барынша адамгершіл жол таңдайтын шығармыз.

Бірақ сол «таяу жылдардың» келуін күтетін бізде жаңдай жоқ. Ел болып бір шешімге таяу күндерде келуіміз керек. Және де малдәрігерлік, санэпидемиялық қызмет мамандарының пікірінше, ол шешім біреу – біз, әрқайсымыз итімізді еркіне бос жібере салуды үзілді-кесілді доғаруымыз қахет. Сонда ғана көшедегі қабаған иттердің қарасы азаяды. Бұл – бір. Екіншіден, бос жүрген ит күл-қоқысқа, өлексеге үйір келеді, балалар арасында жұқпалы ауру қаупін туғызады. Демек, біз, ересектер, «әкім қайда қарап отыр» деген орынсыз ескі әңгімені қойып, өз итіміз үшін өз жауапкершілігімізді сезінетін уақыт келді. Ауылымыз өмір сүруге жайды, көшелері бүлдіршіндер үшін қауіпсіз болсын десек, осы айтылған мамандар кеңеске құлақ асайық.

Иесіз итті батыстағыдай үйге кіргізіп, отбасының бір мүшесі қылмасақ та, аулада ұстап бағу қолдан келместей қиын шаруа емес. Айтуларына қарағанда, жергілікті ветеринариялық кеңсе де төрт түлікке қандай қызмет көрсетсе, итке де сондай екпе-ем шараларын, стерилизация, тіркеу-құжаттау жұмыстарын жасауға әзір. Тек ит иесінен, яғни біз бен сізден, ниет болса, болғаны.

Сөз соңындағы ақпарат: осы мақала жарияланбастан бірер күн бұрын базар маңында тайыншадай бір төбет мектеп жасындағы баланы қауып ала жаздағаны; сол маңдағы адамдар арашалап қалыпты; ит жөніне кеткен; оқиғаға куә болғандар әдеттегідей « әкім қайда қарап отыр, аттыру керек қой» десіп тарасыпты.

Бақтығали ҚОСПАЕВ,

еңбек ардагері.

Чапаев ауылының тұрғыны.