18.01.2021, 9:50
Қараулар: 66
Вирустан балаларды сақтау үшін

Вирустан балаларды сақтау үшін

Коронавирус пандемиясына байланысты былтырғы жылдың наурыз айынан бастап білім ордаларындағы дәрістер онлайн форматына ауыстырылғаны белгілі. Ал жаңа оқу жылында тек бастауыш сынып оқушылары, яғни 1-4 сыныптар мен мектепалды даярлық топтары кезекші сыныпта оқи бастады. Онда да бір сыныпта 15 оқушыдан артық болмауы ескерілді, барлық санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақылауда болды. Ал оқушылар саны аз елді мекендерде оқыту штаттық режимде жалғасты.

Жаңа талаптарға сүйене отырып, үшінші тоқсанда ірі мектептерде 5, 9, 11-ші сынып оқушылары қайтадан дәстүрлі білім алу үрдісіне көшті. Қалған шәкірттер әлі де болса қашықтан оқып жатыр. Осыған байланысты аудан орталығында құрылған мониторингтік топ Чапаев ауылындағы үш мектептің жағдайымен танысып, талаптардың сақталуына ерекше назар аударды.

Облыстық жедел әрекет ету штабының тапсырмасымен шыққан  аудандық жастар мен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың маманы Айдар Елдесов жетелікшілік еткен топ алдымен №1-ші ОЖББ мектебіне  келді. Мұнда барлық талаптардың ескерілгендігі есіктен кіргеннен-ақ анық байқалады. Кіреберістен қызу өлшегіш құралдар мен антисептик,бетперделер мен мұндалап тұр. Мектеп қызметкерлері топ мүшелерінің қызуын өлшеп, қолдарын бірден антисептикпен зарарсыздандырды. Бәрі де қауіпсіздіктің қамы.

Түске дейін мектепте білім алып жатырған жоғары сыныптарда барлық қауіпсіздік ережелері сақталған:  оқушылардың арақашықтығы, жеке қорғаныс құралдарымен қамтылуы да қаперде. Мектеп директоры Мәншүк Болатқызының айтуынша, оқшаулау бөлмесі жасақталып, осында арнайы дәрігер қызмет етуде. Кварц уақытылы қосылуда.

Жаңадан бой көтеріп, пайдалануға берілген Абай атындағы мектеп гимназиясының ғимаратында да балалар мен ұстаздардың, қызметкерлердің сақтығы толық қамдалған. Топ жетекшісі А.Елдесов пандемия қайта күш алып, науқастар саны артып жатқанын ескертіп, ұл-қыздардың денсаулығына аса мұқият болуы керектігін  ескертті.

М.Әуезов атындағы мектепте де осы төңірегінде ақпарат жеткізілді. «Жаман айтпай жақсы жоқ, оқушылар арасында қандай да бір суық тиюдің белгілері байқалса, ол сол бойда оқшаулау бөлмесіне жеткізіліп, дәрігердің бақылауынан өтеді. Оқу жылының басынан бастап мектепте болған бастауыш сынып оқушылары барлық талаптарға әбден үйреніп алды, жоғары сынып оқушыларының талаптардан шығып кетпеуі үнемі назарда. Балалар мектепті сағынып қалған, айтқанымызды бұлжытпай орындауда. Өздерінде бетпердемен қоса антисептиктері де бірге жүреді және қолдануды ұмытпайды»,– дейді осы мектептің басшысы Светлана Сабырова.

Осындай бақылаулар мен түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Әсет БИСАНҒАЛИЕВ