18.01.2021, 9:51
Қараулар: 94
Ауылдастары ат мінгізді

Ауылдастары ат мінгізді

Өткен жыл аудан үшін спорттық жетістіктерге бай болды десек, артық айтқанымыз емес Жалпы, жастарды денсаулық кепіліне талпындыратын іс-шаралар індетке байланысты көрерменсіз, онлайн өтіп, ауылдарымызда спорттың бұқаралығын арттыруда бірқатар жұмыс атқарылды.

Жыл бедерінде жылт еткен жақсылықтардың ішінде Шымкент қаласында бокстан өткен республика  чемпионатында 2001-2002 жылы туған жастар арасында Алғабас ауылының тумасы Даниял Сәбиттің жеңісін ерекше атаймыз. Былғары қолғап шеберінің облыс бен ауданның атағын аспандатқан бұрынғы жетістіктері де біраз жанды тамсандырғандай. Айталық, 2019 жылы  Сербия елінің Суботица қаласында өткен  Халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанса, осы жылы Атырауда өткен 2002-2003 жылғы жастар арасында ҚР чемпионатында осы жетістігін тағы қайталады. Бүгінде ол М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік унирвирсетінің 1-курс студенті. Данияр Елеусінов атындағы спорт мектебінде жаттығып жүр.

Алғабаста дүниеге келген тағы бір спортшы Зайреден Мұхамбетжанов былтыр Қостанай қаласында грэппингтен ерлер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 1-орынды қанжығасына байласа, Қызылорда қаласында өткен жарыста да балғын спортшыға тең келер жан болмады. Тараз қаласында күміс жүлдегер атанған.

Бәрін айт та, бірін айт, бастысы, елдің, ауылдастардың құрметі. Туған ауылдан түлеген тастүлектердің жеңісі алғабастықтардың мерейін асырды. Өздерінің ілтипаттарын лебіз-тілекпен жеткізген олар қос спортшыға тосын сый жасапты. Дәлірек айтсақ, осы ауылдың 1984 жылы туған азаматтары екеуіне де тұлпар мінгізіп, қошемет көрсетті. Ауыл жігіттері бірі жұдырығына жан шыдамас боксшы, бірі жекпе-жекте жауырыны жерге тимеген балуанға мәртебелерінің биік болып, елінің атын әлемге танытар ерлер атануына тілектестіктерін білдірді. Сонымен қатар ауылдық округі атынан алғыс хаттар табысталды.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ