18.01.2021, 10:02
Қараулар: 100
Ел болашағын айқындаған күн

Ел болашағын айқындаған күн

10 қаңтар күні еліміздегі ең бір ірі саяси шаралардың бірі саналатын – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен облыстық, аудандық мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті.

Бұл шара ауданымызда да үлкен ұйымшылдықпен өтіп, сайлаушыларымыздың 93,2 пайызы қатысты. Бұған ауданымызда дауыс беру кезінде әр түрлі партия, қоғамдық ұйым, БАҚ өкілдері атынан қатысқан байқаушылардың сайлау заң бұзушылықсыз, ашық және ұйымшылдықпен өткендігі жайында түйін сөздері де дәлел.

Қыстың қыраулы күніне қарамай, еліміздің болашағын ойлаған және өз даусының маңызды екенін түсінген азаматтардың алды сайлау учаскелері ашылысымен тағдыршешті таңдауларын жасады. Аудандағы 1 аумақтық және 52 учаскелік сайлау комиссияларында ұйымдастыру жұмыстары алдын ала қамдалды. Індеттің таралуының алдын алу мақсатында учаскелерге келген барлық дауыс берушілердің дене қызуы өлшеніп, бірреттік маска, антисептиктермен қамтамасыз етілді. Сайлаушылар қолданған қаламдар да қайта зарарсыздандырылып, азаматтардың саулығын сақтауға мықтап көңіл бөлінген.

Енді аудан орталығындағы учаскелердегі ахуалды бақылаған тілшілеріміздің репортажына көңіл бөлсек.

Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің ғимаратында орналасқан №26 учаскелік сайлау комиссияларында ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы барлық жердегігейде таңғы сағат 7-ден басталды. Саяси бұл шараның ойдағыдай өтуі үшін қолдан келгеннің бәрі жасалғанын ерекше атап өту керек. Сайлау учаскесінде алдымен Мемлекеттік Әнұран ойналды. Санитарлық талаптардың сақталуы да қарастырылған. Сайлау қағаздарының жәшіктері ашылған соң, комиссия төрағасы Айдар Кулатов дауыс беруді ашық деп жариялады.

Мұнда  дауыс берушілердің саны 1893 болса, олардың 1621-і тікелей учаскеге келіп дауыс берген, 22 тұрғынға сайлау бюллетендері үйлеріне жеткізілді. Сағат түскі 12-ге дейін 811 тұрғын (42,8%), сағат 14-ке 1300 (68,6 %), сағат 16-ға 1451 адам (76%), соңғы сағаттарда 1643 (86,7%) сайлаушы өз мүмкіндіктерін пайдаланды.

Учаске ашылысымен, өз таңдауын жасауға асыққандардың қатарында 86 жастағы ауыл тұрғыны Садап Ақтаева да бар. Бала-келін, немерелерімен бірге келген ол елінің жарқын болашағы үшін дауыс бергенін айтады: «Елімнің татулығы, амандығы, тәуелсіздігі үшін, болашақ ұрпақтың жарқын кемелі үшін өз таңдауымды жасап, дауыс беруге келдім. Қай партия болса да, әрқайсысының өзіндік ерекше бағдарламасы бар. Жеңіске жеткен партия халық қамы, болашағымыз үшін аянбай еңбек етеді деп сенемін. Біздің елімізде сайлау қай уақытта да әділ, ашық өтеді, еш бұлтартпалаусыз. Осы науқанды ұйымдастырып, халықты дауыс беруге шақырған жандарға алғыстан басқа ештеңе айтпаймын. Барлығы еліміз үшін жасалып жатырған игі қадамдардың бірі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын».

Аудан орталығындағы №25 сайлау учаскесінде ашылу салтанатында жиналғандардың алдында Чапаев ауылдық округінің әкімі Нұртаза Нәбиденов сөз сөйлеп, саяси додаға ауылдастардың белсенді атсалысып, азаматтық парызын орындайтынына сенім білдірді. Сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып келгендердің ішінде дәл бүгін 18 жасқа толған Гаухар Жұбандық  бар. Ол өзінің бүгінгі күннен алған әсерімен былайша бөлісті «Мен алғаш  өз таңдауымды жасауға келіп тұрмын. Тәуелсіз еліміздің азаматшасы атанған күнім, яғни он сегіз жасқа толған күнімнің осы тарихи  сәтпен тұспа-тұс келуі жайдан жай емес деп білемін. Өзіңді сайлауға келіп жатқан үлкен аға-әпкелерімнің арасынан көру сондай тамаша екен, дәл бір мерекедей. Келген жандардың барлығының көңілдері көтеріңкі. Алдағы уақытта оқуымды сәтті аяқтап, ата-анамның, мені оқытқан ұстаздарымның үмітін ақтап, еліме қажет маман атанып шығуға барымды саламын»

Алғаш дауыс берген Гаухарға комиссия төрағасы Кенжебек Айтқалиев  туған күнімен құттықтап, сыйлық тапсырды, болашағына жарқын қадамдар тіледі.

Әсет САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

Ләззат САМАТҚЫЗЫ

Болат Әлішев, зейнеткер (Чапаев): 10 қаңтарда таңғы сағат 7:30 да №26 учаскеге барып, өз таңдауымды жасадым. Барлық жердегідей, мында да адамдар көп шоғырланатын болған соң, сақтық шаралары да мейлінше күшейтілген. Кіреберісте медицина қызметкерлері  дене қызуын өлшеп, қолымызды антисептикпен өңдеуге кеңес берді. Әлеуметтік арақашықтықтың да сақталуы қатаң қадағалауда. Осындай ел тағдыры шешілетін маңызды күнде тұрғындардың өмірі мен денсаулығына аса мән берілгенін құптаймын.

Мәлика Шамұрат, студент: жасым 21-де. Алматы қаласында университетте оқимын. Қазір бүкіл жоғары оқу орындарының студенттеріндей қашықтан білім алудамын. 2019 жылы өткен Президент сайлауында Алматы қаласынан дауыс берсем, бүгін, міне, халық қалаулыларын өзімнің туып-өскен ауылымда берудің реті келді. Бұған дейін саяси додаға түскен барлық партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен жіті таныстым. Соның ішінде елдегі жағдайды жақсарту, жастардың әлеуетін арттыру мақсатындағы жұмыстарды толық саралап, алдына нақты мақсат-меже, көрсеткіштер қойған «Nur Otan» партиясына өз даусымды бердім.

Болат Жұмағалиев, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы (Мерген): жаңа сайлау елдегі қоғамдық-саяси үдеріске тың серпін берері сөзсіз. Тек саяси-партиялық үдеріске емес, қоғамдық-саяси талқылауларға жаңаша ахуал әкелді. Біздің ауылдық округте де сайлау ойдағыдай өтті. Солай болуға да тиісті. Әлемдегі тұрақсыздық жағдайында елімізде оған қарсы оң үрдістер үсті-үстіне қолға алынып жатыр. Соның бәрі қазақстандықтардың бүгінгі және ертеңге жарқын тағдыры үшін маңызы өте зор екені аян. Сол қарқын алған бастамалар аяқсыз қалмауы тиіс. Міне, ел тұрғындары сайлауға сондықтан да белсене қатысты.

Осы сайлауда ең көп дауысқа ие болып, айқын жеңіске жеткен «Nur Otan» партиясының орны ерек, бірлігі мықты. Күн сайын оның қатары нығайып келеді. Қоғамымыздың белсенді тобын құрайтын нұротандықтардың алымды, үлгілі істері көпшілікке таныс. Өзіміздің ауыл-аймақтан бір ғана мысал келтірейін. Сайлауда ауыл тұрғындарының 90 пайыздан астамы дауыс берсе, олардың басым бөлігі жетекші партиямызды жеңіске лайық деп тапты. Ел сенімін арқалаған депутаттар ауылды өркендету үшін барын салады деген үміт те, сенім де зор.