18.01.2021, 10:06
Қараулар: 253
Жаны жайсаң, ары таза азамат еді…

Жаны жайсаң, ары таза азамат еді…

Аудан орталығындағы ақын Жұбан Молдағалиевтің еңселі ескерткішінің жанынан өткен сайын төмендегі өлең жолдары еріксіз еске түседі.

Жастарымыз мүсініңе мақтанышпен қарайды,

Ерлігіңді, өрлігіңді жүрегіне балайды.

Қазағыңның намысы боп тұрасың мәңгі биікте,

Ұлттық рухты жырларыңмен тамсандырып талайды.

Ақжайықтың жағасына келді үлкен қуаныш,

Жұбан елі тыным таппай атқаруда ұлан іс.

Сайқұдықта «Тәу – тұғыры» — халқына болды үлкен сый,

Ақын рухын асқақтатқан азаматтарға мың алғыс!

Өтер зулап талай уақыт, талай жылдар, талай күн.

Көк аспаннан күн күлімдеп жүзіңе сенің қарайды.

90 жылдық мерейтойда ескерткішіңді орнатқан

Құрмет тұтар, ұмытпас елі Сәтиұлы Абайды.

Аудан халқы жатыр бүгін шын жүректен қуанып,

Ортамызда – ақын ұлы, батыр ұлы Жұбаны,

Мойындатқан жарты әлемге қазақ деген ел барын,

Туған жердің төл перзенті, Ақжайықтың тұмары!..

Иә, жүректі сыздатардай мұңды естелік айту қандай қиын десеңізші: биылғы жылы қаңтар айының 23 күні ортамызда жайраң қағып, айналасына жақсылық пен ізгіліктің нұрын шашып жүрген Абай Сәтиұлы Иманғалиевтің ғұмыры оқыстан үзілмесе, 70 жасқа толар еді. Зейнеткерлік жасына да жете алмай, 62 жасында 2013 жылдың 25 мамырында арамыздан кете барды.

Уақытпен санаспай, тынымсыз күй кешіп, «Елім!..» — деп қызмет жасап жүрген Абай Сәтиұлының ел алдындағы еселі еңбегі ескеріліп, 2012 жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай «Құрмет» орденімен марапатталуын Ақжайық ауданы жұртшылығы зор мақтанышпен қабыл алған болатын, ақжарма ақ тілектер ағылған сәт еді ол кез.

Бұл – Абай Сәтиұлының Ақжайық ауданын 6 жыл басқарғандағы ерен еңбегіне берілген шынайы да әділ баға. Өйткені аудан әкімі қызметінің алғашқы күнінен-ақ Жайықтың қос қапталындағы ауылдық жердегі халықтың мәдени-тұрмыстық деңгейін жақсарту ісіне шұғыл кірісіп, көптеген толымды істерді атқарды. Қиюы қашып, ажары кетіп, азып-тозуға дейін жеткен ондаған мәдениет, білім нысандарының күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың игілігіне қызмет жасауына өзіндік үлесін қосқан болатын.

Қоян-қолтық бірге қызмет атқарғандықтан Абай Сәтиұлының сол кездерде жарғақ құлағы жастыққа тимей, күн-түн демей, демалыс дегенді мүлдем ұмытып, халық үшін аянбай жұмыстанғанына куә болдық. Оның іскерлігі Алғабас елді мекенін топан су басу қаупі туындаған кезде ерекше көрінді. Сондай-ақ Тінәлі ауылын аусыл індеті шарпып, тұрғындар бір сәтте бар малынан айырылып, ауылдағы ит пен мысыққа дейін тегіс жойып, елді мекен оба соғып қаңырап бос қалғандай күй кешкен сәтте де бүкіл ұйымдастыру жұмысының басы-қасында жүргені де әлі күнге халық жадында.

Абай Сәтиұлының орасан зор ұйымдастырушылық қабілеті, мақсатты іске халықты жұмылдыра білудегі ерекше қасиеті 2010 жылы Жұбан ақынның 90 жылдық мерейтойын атап өту кезінде талайды таңдай қақтырды. Туған жердің төл перзентін ұлықтауда халықтың қалауын дөп басып, жерлестерінің ұлтжандылық сезімін оятудағы баға жетпес ерен еңбегі аудан тарихында мәңгілікке жазылды.

Осындай ерекше қасиет иесі, ізгілік пен кісілік киесі бола білген Абай Сәтиұлының үлкен құрмет, зор марапаттан кейін араға бар болғаны 3 ай уақыт салып, аяқ астынан жұмыстан босатылуы аудан жұртшылығын, жанашыр қатарластары мен қызметтес жолдастарын ашық аспанда найзағай соғып өткендей күйге түсіргені де ащы шындық!

Сонау 70-ші жылдардан бастап комсомол, партия жұмыстарының барлық сатысынан өтіп, облыс әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, зор бедел мен абыройға ие болған, еліне, халқына, мемлекетке қалтқысыз қызмет еткен сирек кездесетін ерекше талантты мемлекеттік қызметкердің бір жылдан астам уақыт бойына ешкімге керек болмай жұмыссыз қалып, жан дүниесі күйзеліске түсіп, жүйкесіне ауыр жүк түсіп, қоғамға да, мемлекетке де қажет еместей жағдайға тап болғанда, кезінде  қасында құрдай жорғалап жүргендер де, Абай Сәтиұлының зор қамқорлығын, ілтипатын, жақсылығын көргендер де, ақ дастарханынан талай рет дәм татқан үлкенді-кішілі небір зиялы қауым өкілдері де қиын сәтте араша түсе алмауы, қасынан табылмауы – арыстай азаматтың жүрегіне өшпестей жара салды, айықпас дертке ұшыратты. Нағыз кемеліне келген шақта, өскелең ұрпаққа ақсақалдық ақылын айтар кезде ерен еңбегінің зейнетін көре алмай, арамыздан тым ерте кетті:

«Жұбан елі!..» деп соққан жүрегі

Ерекше азаматтың бірі еді.

Тым ерте кетті өмірден,

Қабыл болмады-ау көптің тілегі… –

деп, орны толмас өкініш арқалап қала бардық.

Абай Сәтиұлының сауығып кетуін бүкіл аудан халқы тілеп еді, жанашыр достары мен тума-туыстарының да көңілі алаңдаулы болатын. Телефонмен сөйлескенде де, көңілін сұрай барып жүзбе-жүз кездескенде де, жанына батқан сырқатын сездірмей, керісінше, бізге жігер беріп, «алаңдамаңдар, бәрі де дұрыс болады» — деп айтатын.

Бір ойды, бір ой қозғайды:

…Таразылап көрсек өткенді,

Ер басына не кеп, не кетпеді?!

Ажал мен Аллаға жаба саламыз,

Жер бетіндегі сұмдық біткенді.

Адамнан сұмдық өткен бе,

Қарсы күш бар ма Өктемге?!

Дала төсінен ерте айырсақ, —

Қызыл гүл де солар көктемде!

Арманға адам жеткен бе?!

Риза болу да қиын өткенге.

Қарайлай, қимай кетесің

Ажал – уақыт келіп жеткенде…

Осындайда бүгінгі қоғам мүлдем мансұқ еткен, келмеске кеткен Кеңес заманындағы қызмет басында жүрген кадрларға деген партиялық қамқорлық еске түседі. Оны көзімізбен көрген біздердің қазіргі кезде жоғары басқару жүйесінде жиі көрініс тауып жататын келеңсіздіктерді құптай қоймасымыз анық. Қандай кемшілігі болса да, жұмыста небір олқылықтар жіберсе де, коммунисттік партия өз кадрларын далаға лақтыра алмайтын: бір жұмыстан екінші жұмысқа ауыстыру арқылы мүмкіндік беретін, тәрбиелейтін, қамқорлайтын, қорғайтын, ең бастысы, адам тағдырына мән беретін.

Ғасырлар бойына қазақпен бірге жасап келе жатқан жаман қасиет, айықпас дерт бар, ол – қасында жүрген адамның жақсылығын, талантын, қабілет-қарымын көре алмау, іштарлық, қызғаныш, осыдан барып, арыздау, өсектеу, бірін біріне айдап салу, қайткен күнде де өзінен озған жоғары білікті дарын иесінің көзін құрту. Осының салдарынан ғой, кезінде алаштың арыстарын оққа байлағанымыз.

Қадыр ақынның: «Біздің қазақ бәрін кешіреді, тек тірі жүрегіңді кешіре алмайды», — деуінде үлкен қасірет жатқаны туралы ойланып көрдік пе?!

Біз көп ретте қасымызда жүрген әріптесіміздің көзі тірісінде жақсы ісін көре алмай жүреміз де, ол өлгеннен кейін етегіміз жасқа толып, еңірегендей боламыз.

Бұл орайда қазақтың Қадір ақыны:

Ағайынның көңіліне келмесін,

Айту керек кейде тіпті елге сын.

Тірідегі мақтаудың бос орынын

Жоқтауменен толтырады өлгесін, —

деуі де осыдан болса керек.

… Иә, аяулы азаматымыз Абай Сәтиұлы бүгінге дейін қатарымызда жүрсе қоғамға қажетті қаншама игілікті, пайдалы да пайымды іс тындырар еді. Өзіне өте жарасты әдемі жымиысымен, әзіл – ойнақы сөзімен, әсем әуез – әнімен айналасын нұрға бөлеп жүрер еді – ау, әттең…

«Құстар әнін» сызылтып ол салатын,

Көпке ұнаса, шын қуанып қалатын.

Сәні еді достары мен ортаның,

Ал жұмыста от боп лаулап жанатын.

Халқы Абайға өз ұлым деп қарайтын,

Әрбір ісін жақсылыққа балайтын.

Кісілігін, сыпайылық келбетін

Елге деген құрметі деп санайтын.

Көп еді оның қоғамға әлі берері,

Досқа адал, өмірде нағыз ер еді!

Мәңгілікке қалды біздің жүректе

Ақжайықты «Жұбан елі!» — дегені…

Жаның жәннатта, топырағың торқа болсын, ардақты азамат, адал дос, жан – құрдас!..

Дәулетжан ЖАҚСЫБАЕВ,

мемлекеттік қызмет ісінің ардагері,

Ақжайық ауданының құрметті азаматы.