18.01.2021, 10:10
Қараулар: 131
Еңбекпен жаңарған Сарытоғай

Еңбекпен жаңарған Сарытоғай

Таныс болыңыздар, ауданымыздың Атыраумен шекаралас ең шалғай округі – Сарытоғай. Бұл округ Жайықтың бұқар бетінде аудан түгілі, облыстың шекарасын айқындап тұр. Әдетте шалғай десек, ойымызға тұрмысы жұпыны, орталықтағы игіліктерден қалыс қалған елді мекен оралатыны анық. Ал құрамына Жанама мен Сарман ауылдары кіретін бұл округте жағдай мүлдем басқаша: мемлекетіміздің ауылға деген қамқорлығы, ауыл азаматтарының бірлігі жарасқан тірлігінің арқасында дәулеті артып, тынысы кеңеюде. Ежелден Атыраумен аралас-құралас, төрт түлігінің өрісі ортақ ауылдың бүгінгі күніне бір назар аударсақ. Ауылда барлық әлеуметтік нысандар жұмыс жасауда. Биылғы жылдың жақсы жаңалығының бірі – Сарман елді-мекеніне көгілдір отын тартылып, тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалды. Күні бүгінге 24 үй, 3 мемлекеттік мекемеге газ тартылған. Ал Жанама ауылында 11 тұрғын көгілдір отынды үйлеріне кіргізген. «Ақбұлақпен» жеткізілген судың әр үйдің кранынан бұлақтай ағып тұрғанының өзі игілік емес пе?!

Өрісіне қарап мал өсер

Ауданымыздың басқа елді мекендеріндегідей, Сарытоғай ауылдық округінің тұрғындарының дені ата кәсіп – мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда берекелі кәсіппен шаруасын дөңгелетіп отырған 29 шаруа қожалығы бар. Қожалықтар мен жеке сектордың үлесінде 2593 ірі қара, 3291 уақ жандық, 933 түйе бар.  Атап өту керек, қожалықтардың басым бөлігі малды асылдандыруға бет бұрып, соған сәйкес мемлекеттен берілетін қолдауларды сезінуде. Қолдау демекші, еңбеккерлердің ырысын молайтуға мемлекеттік бағдарламалардың да себі мол. Айталық, «Арман» шаруа қожалығы 15 млн 960 мың теңгеге 28 бас қазақтың ақбас сиырының аналығын, 450 мың теңгеге ангус бұқасын сатып алса, ірі қараның тұқымдық сапасын арттыру мақсатында тағы 7 қожалық 11 бас асыл тұқымды аталықты «қолға түсірген». Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен  екі шаруа қожалығы 10 млн. теңгеге мал басын көбейту, әрі техника алу мақсатында несие рәсімдеп, игілігін көруде. Бұл мүмкіндікті  жекелеген тұрғындар да қапы жібермеуге тырысады. Өткен жылы 2 млн.теңгеге несие рәсімдетіп, ауыл азаматы жеке иелігіндегі малдың басын көбейтті.

Жаз шанасын, қыс арбасын сайлаған халықпыз. Өйтпегенде ше, малмен күн көріп отырған ауыл-аймақта әр жұмысың уақтылы қамдағанның маңызы орасан. Кеңес үкіметі тарағанда пайға тиген трактор-техниканың бүгінде пайдасы аздау. Бірі мүлдем металлоломға кетсе, енді бірі шабындық басында істен шығып, шаруаны әбден әбігерге түсіреді. Сондықтан шығар, соңғы жылдары сарытоғайлық еңбеккерлер техниканы жаңартуға ден қойып отыр. Бұйыртса, шабындыққа жұмылдырылған темір арбаның түгел жаңарар күні де таяу.

«Күре жолдың бойындағы ауылдардағыдай емес, сауда-саттық, өнім өндірумен айналысуға тыныс тарлау. Бар үмітіміз – Индер-Барбастау жолының жөнделіп, бұқар бетте жол қатынасы реттелсе, бізде де кәсіпкерлік кеңінен қанат жаяры анық.  Сондықтан ауыл тұрғындары бар күшін төрт түлік өсіруге салады. Мал бақсаң, жаныңды салып бағасың. Бір қиналтатыныны, бірнеше жыл қатарынан болған ыстық жаз, жауын-шашынның аздығы бір кездері түгін тартса, майы шығар шөбі шүйгін жерлерді тақырға айналдырып барады. Мал иелері былтыр мал азығын көршілес Сырым, Қаратөбе аудандарынан тасымалмен алдырды. Жол шығыны, шабындықтағы азаматтарға төленетін жалақы, соның бәрін есепке алғанда 1 орама шөптің құны 6500-8000 мың теңге аралығында болған. Шаруалардың жинаған жемшөп қоры осы қыстан қиналмай шығуға жетерлік деп болжап отырмыз. Қыстың қаһарына мінбей, шуақты күндерімен қуантқаны да – малды ағайынға көп көмек», – дейді округ әкімі Абзал Әлжан.

Бақ пен ырыс еңбекте

Еңбек еткен адамға бақ қонатыны секілді, ауылдағы азаматтары еңбекқор болса, осы мекенді бақ қоныс етеді. Расында да, заман ағымымен өмірін, тірлігін жақсартуға ниеттері зор сарытоғайлықтардың еселер берекесі де мол. Оны жұмыстың қиындығына  қарамастан, жеке кәсібін өрістеткен жандардың талпынысынан бек байқаймыз. Ауылдық округте 19 жеке кәсіпкер, 3 азық-түлік, 1 киім дүкені жұмыс жасайды. Олардан үлгі алып, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсіпке үйреніп, артынша бизнестегі алғашқы қадамдарын бастаған жандардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Былтыр «Бастау-Бизнес» бағдарламасымен ауылдың үш тұрғыны арнайы біліктілік курстарынан дәріс алып, әрқайсысы 556 мың теңгеден өтеусіз грантты иеленді. Екеуі кондитерлік іспен айналысу үшін арнайы құрал-жабдықтар сатып алып, ауылдастарына алғашқы өнімдерін ұсынып та үлгерді. Тәтті тіскебасарларды пісіріп,  шаруаларын дөңгелетіп отырған қос кондитердің өнімі дүкенге қойылып, сатылымға шығарылуда. Ал үшіншісі ағаш өнімдері шеберханасының жұмысын әрі қарай дамыту үшін қосымша құралдар алған.

«Жұмыстың көзін тапқан, жақұттың өзін табады» демеуші ме еді?! Былтыр округ бойынша 4 адам тұрақты жұмысқа 23 адам уақытша жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар ақл-жағдайы төмен отбасылардың мүшелерін ақылы қоғамдық жұмыспен қамту да күн тәртібінен түскен емес. Былтырдың өзінде 59 адам осындай жұмыстарға тартылса, 5 ауыл тұрғыны түрлі шаруа қожалықтарында әлеуметтік негізде қызмет атқарған. Жастардың жұмыспен қамтылуы үшін елімізде көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – оқу орнын жаңа бітірген түлекке тәжірибе жинақтауға септігі мол «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы. Мемлекеттің осы қолдауының шарапатын сезінген 6 маман әрі қарай еңбек жолын жалғастыруға мүмкіндік алды.

Мейірім етсең, мейірімге бөленерсің

– Әлемді мейірім ғана құтқаратынын пандемия кезінде кеңпейіл ауыл азаматтары толық дәлелдеп шықты. Небір жағдайда ешкімнің қиындықпен жалғыз қалмайтындығын ісімен көрсеткен ауылдастарыма дән ризамын. Осыған дейін де талай бастамаларды жұмыла атқарған азаматтар шектеу кезеңінде бір-біріне медеу болғанына еріксіз жаның сүйсінеді», — дейді Абзал Жәрдемұлы. Округ басшысының  ағынан жарылған ризашылығын артық сөзсіз де түсіндіруге болады. Мұнда карантин кезінде әлеуметтік көмекке зәру отбасыларды бас көтерген жерлестері жеке қамқорлығына алды. Өздерінің жұмыстары түрлі шектеулердің салдарынан уақытша тоқтап қалса да, өзінде барын көппен бөлісуді тілеген жандар баршылық. Айталық, осындай азаматтар ірі қара еті мен 300 келі астықты тегін таратса, шаруа қожалықтары, мекеме ұжымдары, ауылдың әр жылғы мектеп түлектері 1 млн.теңге көлемінде  азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажет тауарлар сатып алып,  көмекке мұқтаж жандарға осылайша жәрдем берді. Ал ата-анасынан айырылған оқушыға ұялы телефон алып беріп, сабағын оқуына мүмкіндік туғызған азаматтардың мәрттігіне таңдай қақпасқа амал жоқ. Тайпақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің сауапты істе белсенділік танытатынын да айта кету керек. Олардың түсірген отынымен ауылдағы 14 отбасы қыстың қыраулы айларында баспаналарын жылытып отыр.

Міне еселі еңбекпен тірлігін түлеткен Сарытоғайдың бүгінгі тірлігі, қысқаша баяндасақ, осындай. Өздеріңіз куә болып отырғандай, мұнда жасампаз қарекет, тың бастамаларға бетбұрыс бар. Ал ауылдың көркеюіне тайлы-таяғы қалмай, барша жұмыла еңбек етсе, құтымыздың молайғаны емес пе?

Әсия ШЫРАЙ