18.01.2021, 10:12
Қараулар: 120
Індет әлі өршіп тұр

Індет әлі өршіп тұр

Әлемді дүрліктірген пандемияның қарқыны әлі де бәсеңдемей тұр. Күзде жағдай жақсарғандай көрінгенімен, соңғы бір-екі айда коронавирус жұқтырғандардың қатары көбейіп келеді. Аудандағы ахуал, вируспен күрес, науқастарға көмек жайында аудандық аурухананың дәрігер эпидемиологі  Еркебұлан Беляков хабарлайды.

–Қазан айынан бастап індеттің екінші толқыны жүруде. Осы аралықта 110 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Олардың 94-інде ауру ПТР-сараптамамен расталса, 16-сы вирус белгілері бар пневмония түрінде тіркелген. Өкінішке қарай, 3 жерлесіміздің өміріне араша түсе алмадық. Жастарына қарай жіктер болсақ, 16 жасөспірім, қалғандары ересектер, 1 жасқа дейінгі сәбилер де бар. Аталған науқастармен қарым-қатынаста болған барлық адамдардан ПТР сараптама алынып, тексерілді. Бүгінге жұқпалы аурулар бөлімшесінде 18 науқас ем алуда.  Қарым-қатынаста болған адамдар күнделікті бақылауда, медицина қызметкерлері телефон, бейнебайланыс арқылы хабарласып отыр. Шағымы болған жағдайда мобильді бригада барып тексереді, – дейді ол.

Короновирустан сақтанудың жолы қарапайым: алдымен жеке бас гигиенасын қатаң сақтау қажет; тұрғындар көп шоғырланатын жерге, өзге қала-елді мекендерге шама келгенше бармаған жөн. Үйге кіргенде үнемі қолды сабындап жуып, антисептикпен зарарсыздандырып отырған абзал. Көпшілік орынға, соның ішінде емханаға барғанда үнемі маска тағып жүру керектігін де ұмытпаңыз. Асылында күніне кем дегенде дене температурасын 2 рет өлшеп тұрсаңыз, артықтық етпейді. Ал егер дене қызуыңыз көтеріліп, ауыра қалсаңыз, тез арада медициналық мамандарға хабарласу керек.

Әсем ЕСБЕК