25.01.2021, 10:22
Қараулар: 104
Ауыртпалықты адамдық жеңеді немесе тіршілікте ананы қиындықпен жалғыз қалдырмайық

Ауыртпалықты адамдық жеңеді немесе тіршілікте ананы қиындықпен жалғыз қалдырмайық

Өрт пен су – тіршілікке зор қатер төндіретін кесапат. Тұтанған от жан жағын жалмап, күлге айналдырады емес пе?! Өкінішке қарай, қаңтардың қытымыр аязында  Алмалы ауылында бір үй өрткен оранып, түгелдей жанып кетті. Абырой болғанда, сол баспананы мекен еткен адамдар дін-аман. Оқиғаны ретімен тарқатсақ.

Қаңтар айының 7- жұлдызы. Майра Құспанова әдеттегідей тіршілік қамы, үйдің күйбең тірлігімен жүр. Майра апайымызбен бірге  қызы Татьяна және кішкентай жиені бірге тұрады екен. Демалыс болғасын кенже қызы анасына көмектесіп, кір-қоңын жуып, оны жайып қасында. Қыстың қысқа күнінде бәрін үлгеріп тастағысы келген үй адамдары қарбаласпен дамыл таппады. Кешкі алтылардың шамасында қорадағы азын-аулақ уақ жандығын жайғастырып, Майра апамыз да үйіне кіреді. Дұрысын айтқанда, өздері тамақтанатын жазғы сарайға келеді. Алланың осы отбасын болар кесапаттан сақтайын дегені шығар, бір бөлмелік қоныстың ішіне жылу жүйесін жүргізіп, қыста отыруға лайықтап жөндеп алған болатын. Бағанағы жуған киімдерін жинастырып, қызы үлкен үйге кіріп-шығып жүреді.

Апат айтып келмейді. Дастарқан басына жиналған отбасы аз ғана сәттен соң қара шаңырағы отқа оранатынын қайдан білсін?!  Сағат кешкі жеті жарымдардың шамасында электр жарығы жалп етіп өшіп қалды. Ауа райы қолайсызда электр желісінің онсыз да ескі сымдары сыр беріп, әлсін-әлі жарықтың сөнетініне әбден үйренген Майра апаның ойына «Қап-ай, кешкі киномды көре алмайтын болдым-ау» деген ой сап ете қалыпты. Басқалай түк алаңдаған жоқ. «Қосылар біраздан соң жөнделсе» деп дастарханды жинай бергені сол еді, белгісіз нөмірден телефонына  қоңырау түседі. Ар жағынан жас баланың дауысы «Майра апа, сіздің үйден түтін шығып жатыр ғой. Қайдасыз? Мен көрші балаң Ерболмын ғой» деп жатады. Ести сала сарайынан үйге қарай жүгіре жөнеледі. Көрші-көлемнің біразы лезде жиналып қалыпты. Барлығы да абдыраулы. Оттың жалыны  көрінбегенмен, түтін терезе саңылауларынан будақтап шығып жатыр.

Не шанарын, не шанбасын білмей, сасқалақтаған отанасы аман қалған мүлігін алып шықпақ ниетпен үйге енеді. Сыртқы есікті ашып кіргенімен, түпкі бөлмелерге қарай өту мүмкін емес. Себебі тұнышықтыра, қолқаны қабар түтінмен қоса оттың лебі бет қаратпайды. Сырттан жиналған адамдар сабырға шақырып әлек. Марқұм отағасы Виталиймен бірге талай бақытты күндерін өткізіп, ұрпақ өсірген киелі шаңырақтың, соншама жыл жинақтаған дүниесінің өртке оранғанын көріп, состиып тұрып қалған ана «Майра, сақ бол! Бармашы  әрі қарай, газ тетіктері қосулы ғой» деп айғайлаған көршілерінің дауысын естіп қана есін жияды.

Ауылдасының басына түскен ауыртпалықты көрші, жерлестері бірдей көтергенін айта кету керек. Аз ғана уақыттың ішінде жинала қалып, бірі телефонмен ауыл әкімшілігіне, ауыл тұрғындарына хабарлап жатты. Ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айбат Сүндетов те осы жерден табылып, Тайпақ ауылынан өрт сөндірушілерді шақыртады. Сыртан келетін көгілді отын желісі ажыратылады. Тракторына жұмысшысын мінгізіп, өзі де жетіп келген жергілікті «Балауса» шаруа қожалығының иесі Қуан Садықовтың да көмегі зор болды.  Тайпақ ауылынан жеделдете жеткен өрт сөндіру мекемесінің жігіттерімен бірге ауыл ел азаматтары жұмылып, өртті сөндіруге кірісті. Осы мекеменің  басшысы Ғани Нұрғалиевтің өзінен бастап барша өрт сөндірушілерге, қиындықта жалғыз қалдырмаған ауылдастарына Майра апаның айтар алғысы мол.

Үйдің ішін түгел жайлаған өртпен арпалыс төрт сағаттың үстіне созылады. Бұл баспананы аман алып қала алмағанмен барын салған жұртшылықтың ендігі ойлары – үш пәтерлік баспананың басқа пәтерлерін сақтап қалу. Әупірімдеп сол пәтерлерді тілсізжау шарпымастан бұрын сөндіргенімен, ортада тұратын көршісі Мерген Бисенғалиевтің үй ішін түтін басып, ыс сіңіп, төбелері зақымдалған.

Бүгінде Майраға қолдан келгенше көмектесіп, жанып кеткен дүниесінің орнын толтыруға ауылдастары барын салуда. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей барын қолына ала жүгірген ақкөңіл алмалылықтар әлі де  көмектеспек ниетте. Айдың күн аманында баспанасынан айырылған анаға өз ағайындарынан бөлек жаны ашыған ниеттес жандар әл ауқатынша қаражатпен қолдау көрсетіп жатыр.

Алмалыдағы осы оқыс жағдайды естіген біз Майра апамен хабарласып, жүздестік. Бар болғаны жарты күнде баспанасынан айырылған үй иесі көзіне жас ала отырып, былай дейді: «Үйім өртеніп кетеді-ау деген ой үш ұйықтасам, түсіме кіріп көрген жоқ. Жолдасым Виталий көп жыл ауылда электрик болып, еңбек етті. Осыдан екі жыл бұрын өмірден озды. Бес перзентімнің төртеуі өз алдына отау құрып, бөлек тұрып жатыр. Қолымда қызым Татьяна мен кішкене жиенім ғана. Сол қызымды оқытып, әл ауқатымша азын аулақ мал ұстап тірлік етіп жатқан жайым бар. Ұл-қызды өсіріп, қатарға қосу үшін талпынып, өмірдің небір қиыншылықтарына қарсы тұруға тырысқаным көпке аян. Бір кездері ауылдық әкімшілікте еден жуушы болып, жұмыс жасағам. Ол кезде балалар кішкентай еді. Берірек келе мектеп балабақшасында осындай қызмет атқардым. Жұрт қатарлы үй ішін жиhазбен әрлеп,  теледидар ,асхана жабдықтарын, мұздатқышымды сатып алдым. Енді, міне, мына бір тосын жай соның бәрін төрт сағатта күлге айналдырды. Ең өкініштісі, керек құжаттарымызды алып шыға алмадық,  қазір оларды қайта жасақтау үшін аудан мен екі ортада шапқылап жүрмін.

Татьяна қашықтан білім алған кезде қажет болып, су жаңа ноутбук пен принтерді несиеге алғам. Олар да, несиенің қағаздары да түгел өртеніп кетті. Алланың бергені шығар, түнде үйде қонатын едік, өрт сол кезде шыққанда, аман қалар ма едік. Осыны ойлап та шүкіршілік етемін. Дегенмен пенде болғасын, баспанаңнан, жиған дүниеңнен әп сәтте айырылған қиын екен. Осындайда жанымнан табылып, қолдау көрсеткен жерлестеріме басымды иіп, алғыс айтамын. Қас пен көздің арасында болған оқиғада кімдердің келіп, кімдердің кетіп жатқанын да аңғармаппын. Әйтеуір толып келіп жатты. Қолдарынан келген көмектерін аямады. Біреуі ыдыс-аяқпен көмектесіп жатса, біреулері басқа да тұрмысқа керекті заттарды әкеліп, жәрдем етуде. Мысалы, ауылымыздың азаматы Азамат Байменов деген жігіт күні кеше ғана аулама бір қойын жетелеп келіп тұр.«Апа аз да болса көптей көр» дейді .Әңгіме көмектің аз-көбінде емес, адамның ниетінде екенін басыма қиындық түскенде түсіндім. Аудан айнасы осы газеттеріңіз арқылы баршасына алғыс айтамын. Мұндай ауыр жағдай ешкімнің басына түспесін. Бүгінде кіріп шыққан сайын көз алдымда үйіндіге айналған баспанамның орынын тазартуға күшім жетпей жатыр, соған да  жақсы адамдардан көмек болса, жақсы. Бұл да бір алланың сынағы шығар. Бастысы, ел аман болсын, «Елде болса, ерінге тиеді» деген»

Иа, тас түскен жеріне ауыр. Көзіне үйірілген жасты сілкіп тастап, болашаққа сеніммен қараған, ауылдастарынан алғысын аямаған қарапайым қазақ әйелінің қайсарлығына таңқалмасқа болмайды. Ауылдастары бастап, Майра апаға қолдау көрсету үшін игі бастаманы қолға алыпты. Үй иесінің атына ашылған банк шотына қаржы салып, бүгінде сол шотта 800 мың теңгедей қаражат жиналды. «Көп түкірсе көл» «Теңіз тамшыдан құралады» деген бар, жесірі мен жетімін жылатпайтын ағайын елі барда бұл қиындық та еңсеріліп, жоғалғанның орны толар. Бұл күндер де көрген түстей ұмытылар. Тек баршамыз жұмылып, көмек көрсетуіміз керек. Біздің редакция ұжымы да өздерінің көмегін аямайды. Өзгелерді де сауапты істен шет қалмауға шақырамыз. Осыған дейін де елдігімізді, бірлігімізді танытқан ақжайықтықтармыз. Бейбіт күнде  тілсіз жаудан зардап шеккен отбасына көмек көрсететін мейірімді жандардың көптеп табылатынына шүбамыз жоқ.

Құспановтар отбасына көмектесемін деушілер Майра Құспанованың атына 87718678901  нөмірі арқылы Каспи банктегі шотына кез келген көлемде қаражат аудара алады. Ауыртпалықты адамдық жеңетінін ұмытпайық, ағайын.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ