25.01.2021, 10:27
Қараулар: 171
Редакцияға түскен хат

Редакцияға түскен хат

Өткен аптаның сәрсенбісінде редакциямызға пошта арқылы хат келіп түсті. Әдетте пошташы апайымыздан газет пен журналдарды күтетінбіз, осыда ақ конвертті ұсынғанда, «шатасып кеткен шығар» деп, сыртындағы мекенжайды тексеріп, біраз тұрып қалдық. Ақпараттық технология дамып тұр: пошташының қоржынын емес, электронды поштаны тексеретін кезеңде таңырқағанымыз да ешкімге тосын емес шығар.

Хаттың мазмұнына келер болсақ, Чапаев ауылының тұрғындары уәкілетті органдарға базынасын айта жазыпты. Сондықтан бір ауыз сөзін өзгертпей, мазмұнын бұзбай, жазылған қалпында жариялауды жөн көрдік.

«Құрметті редакция!

Сізге хабарласып отырған Чапаев ауылы тұрғындары. Біздер мына ауылымыздың көркейіп, тас жолдар (асфальт) көбейіп, жаяу жолдар төселіп жатқанын көріп, қуанып жатамыз. Дегенмен біздер бір түсінбей қалатын көріністер де бар .

Айта кетсек, Достық шағын ауданына барар жолда бір жырасы Қазақтелеком ғимаратына қарай, екіншісі Қарасай жағына кететін су каналы бар. Осы каналдың жағасынан былтыр жылыжай салынғанынан көп хабардар. Ал бұрын осы жерде табиғи жағажай болатын, яғни тұрғындар балаларымен суға түсіп, отбасымен бірге демалатын ауыл ішіндегі жақсы орын болды. Енді каналға тақап салынған осы жылыжайдан басталған құрылыс әрі қарай жалғасатыны анық.

Біздің білгіміз келетіні, осы дұрыс па? Каналдағы судың деңгейі көтерілгенде жағадан жырып, айналасына ағатыны бар. Осындайда техника күші болмаса, тоқтату қиын. Ал егер де осы жылыжайдығ тұсынан жырып кетсе, оған техника бара алмайды, ал мұндай жағдай орын алатын болса, арты қиынға соғатыны тағы белгілі.

Негізінен, біздің ойымыз ол жерде жылыжай емес, демалыс алаңы болуы керек, сол каналдың жанына ұзына бойына (500 метрдей) жерге биік өсетін ағаш отырғызылса, шырша ағашы болса, тіпті жақсы. Оларды бой алып өскенше, қоршап қойса, өскен теректердің көлеңкесіне скамейкалар қойса және автожолдың еніндей асфальт төселсе, міне, керемет, нағыз демалатын саяжай болар еді. Біздер  азаматтардың жер алып жылыжай, бау-бақша салғанына ешқандай сөзіміз жоқ, бәрі дұрыс, тек өзінің орнына салынса, қоғамдық жерге кедергі келтірмесе болғаны.

Енді бір айта кететін жағдай, анау үлкен трассаға шығатын бұрылыста «Караван» қызмет көрсету кешенінен қалаға қарай шығатын бағытында былтыр («Караваннан» көп алыс емес) ауқымды бау-бақша салынған. Ол бау-бақшаның тек үш беті қоршалып, канал жақ беті ашық  қалды. Айтып айтпай, не керек, күз басталмай жатып канал суы тартылып қалды. Міне сол уақытта ауылдың малы (сиырлар) бақшаларына кіріп кетіп, бағбандарды біраз әбігерге салған еді. Бақша иелері басшыларға шағымданып, соңынан малдар қамалды. Ауыл тұрғындарымен екі арада үлкен кикілжің, ұрыс керіс араздық туғаны да рас. Енді былай қарағанда, жеке мал бағымда болуы дұрыс қой, тек сол малды бағуға қазір ешкім  шықпайды. Ал ауылдың малы бағзы заманнан еркін жайлысқа үйренген, өздері жайылып, өздері келеді. Осы тұста ескерері, бақша иелері өз алқаптарын толық қоршауға мән берсе…

Құрметті редакция, біздің сізге хат жолдаған себебіміз – аудан орталығындағы жерлерді қосалқы шаруашылыққа жер беруші тиісті органдар халыққа Сіздің газет арқылы біздің түсірген жазбамызға түсінік беріп өтсе деген тілек. Жер қалай беріледі, ауылдың архитектуралық ерекшеліктері ескеріле ме? Нормаларын көрсетіп, салатын жерін белгілесе, қоғамдық нысандардан қандай қашықта болу керектігін айтса, бәріне де түсінікті болар еді деген ойымыз.

Ауыл тұрғындары