25.01.2021, 10:30
Қараулар: 67
Жаңа шақырылымның алғашқы сессиясы

Жаңа шақырылымның алғашқы сессиясы

VIІ шақырылымдағы аудандық мәслихаттың І сессиясы өткен аптаның жұмасында өтті. Сессияны аудандық сайлау комиссиясының төрағасы  Жаслан Макашев ашты.

Сессия жұмысына аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатысты.

Алдымен 10 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлаудың қорытындысы туралы Ж.Макашев хабарлама жасады.

– Саяси науқан ауданымызда жоғары дәрежеде өтті деуге толық негіз бар. Ауданымыздағы сайлаушылардың жаппай дауыс беруі және ешбір заңбұзушылықтың тіркелмеуі – учаскелік сайлау комиссиялары, ауыл әкімдерінің, штаб мүшелерінің тынымды жұмыстарының нәтижесі.

Аудандық мәслихат депутаттығына партиялық тізімдер бойынша 29 кандидат тіркелді. Сайлау алдындағы үгітті жүргізу кезеңінде үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін орындар, кандидаттардың сайлаушылармен кездесу үшін үй-жайлар мекендері уақтылы белгіленді. Кестелері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, кандидаттар мен сенімді өкілдеріне сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тең жағдай жасалды.

Сайлау күні  саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері атынан барлығы 317 байқаушылар қатынасты. Сайлаушылар тізіміне  енгізілген 23 236 азаматтың 21 681-і немесе 93,2 пайызы қатысса, 40 сайлаушы дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері бойынша, 1303-і дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берді», – деді ол.

Комиссия төрағасы жаңадан сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі тапсырды.

Осыдан соң депутаттар сессияның төрағалығын Айжан Нысанбаеваны сайлады.

Сессия төрағасы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 19-бабы, 1-тармақшасына сәйкес, аудандық мәслихаттың тұрақты негізде жұмыс істейтін хатшысын сайлау туралы мәселеге байланысты осы жауапты лауазымға депутат Сәлімгерей Қалимеденұлы Сиражевтың кандидатурасын ұсынды, оның өмірбаянымен таныстырды.

Ашық дауыспен Сәлімгерей Сиражев бірауыздан аудандық мәслихат хатшылығына сайланды.

Осыдан соң депутаттардың жаппай

Осыдан соң сессияда үш тұрақты комиссия құру туралы шешім алынып, олардың төрағалары мен мүшелері сайланды. Бюджет, экономика, инфрақұрылымды және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болып Әсел Ерментаева, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, мәдениет, жастар саясаты, ұйымдастыру және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болып Самал Дошанова, ауылды дамыту, аграрлық саясат, қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайлар жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болып Нұрлан Есболатов тағайындалды.

Сонымен қатар Ақжайық аудандық мәслихатында «Nur Otan»партиясының фракциясын құру туралы шешім қабылданды.

Сессияда аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов сөз сөйледі.

– 10 қаңтарда өткен сайлауда Мәжіліс пен мәслихат депутаттары партиялық тізіммен сайланды. Сайлаудың демократия қағидаларына сай, әділ де ашық түрде өткеніне көпшіліктің пікірі куә. Біздің мәслихатқа үш партияның атынан үміткерлердің мүдірмей өткені – осы сөзімізге анық дәлел. Бұған дейінгі VІ шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаты болған азаматтарға бірлесіп атқарған жұмыстары үшін үлкен рақмет айтамын. Өмірден алған үлкен тәжірибелерің әркез қоғамға пайдалы болғанын мақтан етеміз. Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін. Еліміздің алға қойған келелі межелерін лайықты жүзеге асыруда әрқашан бірге жұмыстанатын боламыз, – деген аудан басшысы өткен шақырылым депутаттарына сый-тартуын табыс етті. Сонымен бірге зейнет жасына жеткен Өмірғали Иманғалиевті қошеметтеді.

Келесі сессияның төрағасы болып депутат Самал Дошанова сайланды.

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ