25.01.2021, 10:46
Қараулар: 66
Ел мүддесі үшін жанып жүретін

Ел мүддесі үшін жанып жүретін

Қаншама ұзақ ғұмыр кешкенімен өмірдің соңына қарай қамшының сабындай болып, шолтаң ете қалатын, көрген түстей жалт етіп өте шығатын жарық дүниені ата-бабаларымыз «жалған»  деген бір ауыз сөзбен  түйіндепті.  Күні кеше ортамызда  жүрген  Абай Сәтиұлының  өмірден өткеніне де сегіз жылға аяқ  басқан екен….

Жақсылар арамызда жүргенде мына өмірден өтпейтіндей,  ана дүниеге ешқашан кетпейтіндей көрінетіні бар. Сондай абзал, жақсы  азаматтардың бірі Абай Сәтиұлын ортамызда анқылдап жүре беретіндей  сезінетін едік. Ғұмырын осыншалықты ұзақ қылмаған жаратқанның  жазуына шара бар ма?

Азды-көпті ғұмырында  мағыналы тіршілік кешіп, түрлі мемлекеттік қызметтерде, соның ішінде лауазымды, жауапты, басшы қызметтерді атқарған Абай Сәтиұлының қадірі  тірлігінде де жоғары болды. Іскер басшы, жақсы жолдас, айналасындағыларға адамгершілігі зор, орны бөлек, ақкөңіл азамат ретінде танылып еді…

Абай Сәтиұлы туралы сөз болғанда өткен ғасырдың жетпісінші,  сексенінші, тоқсаныншы жылдары ойға оралады. Абай Сәтиұлының өмір жолы, өскен ортасы, қай жерде қандай қызмет атқарғаны, замандастары  туралы тәптіштеп жату, тіпті қайталау соншалықты көкейкесті емес. Өйткені оның бәрі өрде де, төрде де, санада да, санатта да сайрап тұр. Көпті көрген, өмір сабақтарын түйген оны білетін адамдар үшін «Абай Сәтиұлы» деген аты-жөнінің өзі қашан да біліктілік пен парасат өлшемі.

Мен Абай Сәтиұлымен Ақжайық ауданына 2006 жылы наурыз айында аудан әкімі лауазымына  келгеннен кейін әріптес, қызметтес болып, ол кісі аудан әкімі, мен ауылдық округ әкімі болып қоян-қолтық қызмет атқардық.  Тағдыр маған осындай жаны жайсаң, жүрегі жомарт жанмен қызметтес болуға жазды.

Біздің дана халқымызда ежелден келе жатқан «Жаңбыр жауса жер ырысы, жақсы туса ел тынысы»  деген тамаша мақал бар. Осындай аталы сөз бүкіл саналы ғұмырын  елінің бүгіні мен ертеніңе арнаған, жасаған істері мен айтқан ақыл-кеңесі өнеге, өмірлік іздері  сайын далада сайрап жатқан осындай ел азаматына арнап айтса керек, күнделікті қарым-қатынаста өзінің адамгершілік абзал қасиеттерімен көпшілік ілтипатына ие болған, талайларға үлгі көрсетіп, жас буынға жақсы жол сілтеп еді.  Қыр-сыры көп мемлекеттік қызметте адамдар  тағдырына араласқан кезде, таразының басын тең ұстап, ұстамдылық ұлағатын, адамгершілік қасиеттер қағидасын сақтаудың өзі қиын кездердің де болатыны белгілі. Абай Сәтиұлының осындай тығырықтан жол таба білетін ерекше қасиеттері туралы жұмыстас, әріптес болған азаматтардың аузынан жиі естиміз, өзіміз де куә болдық.

Мемлекеттік қызметкердің қолы жұмыста болса, көзі алысты болжайтын барлаушыдай болуы керек. Арыстай азаматтың талай кем-кетікті қазбаламай, соның алдын алуды, түзетуді, батыруды емес бағалаудың пәрменділігін бұзбай, мемлекеттік  қызметтің қыр-сырын жете білумен талай сындарлы сәтті кешкеніне куәмін.

«Адамды сынап, оның шынайы бет-бейнесін білгің келсе, қолына билік пен байлық беріп көр» деген тұжырым бар. Абай Сәтиұлын  осынау екі қиын сынақтан сүрінбей өткен азамат басшы деуге толық негіз бар.  Ол мемлекеттік қызметті өзінің  жеке басының қамынан жоғары қойды.  Нақтырақ айтатын болсақ, басшылық лауазымдарды атқарып жүргенде, кеудесіне нан пісіп, асқақтап кеткен жоқ, қарапайым да кішіпейіл қалпынан танбады.

Абай Сәтиұлы жер көлемі мен халқы жағынан облыстағы үлкен Жайық өзенінің екі жақ бетін мекен еткен біздің ауданды басқарғанда, өңірдің экономикасы қарыштап дамыды, ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы өркендей түсті. Асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын, көшім тұқымды жылқы өсіретін шаруа қожалықтары көбейді. Ел экономикасына әлемдік қаржы дағдарысы ауыр тиген жылдардың өзінде ауылдық округтерде ауыз су, табиғи газ құбырлары тартылып, пайдалануға берілді. Ауылдық округтің елді мекендеріне орталық қалалардағылай игіліктерді жеткізу сол кезде облыс көлемінде некен саяқ. Бұл Абай Сәтиұлы сияқты басшының шалғай ауылдардағы жаны жабырқаған тұрғындардың жағдайын егжей-тегжейлі жетік біліп, сезінгені және қамқорлығы деуге әбден болады. Мәселен, округ орталықтарында орта мектеп, мәдениет үйлері, балабақша күрделі жөндеуден өтіп, іске қосылды. Мысалы, Қарауылтөбе ауылдық округінде орта мектеп, мәдениет үйі, балабақша ғимараттары Абай Сәтиұлы ауданды басқарған 2006-2012 жылдары жөндеуден өтті. Аудан орталығында аурухана ғимараты, М.Әуезов атындағы орта мектеп ғимараты жаңадан бой көтерді.

Оның ең басты мақсаты қосылған қос аудан халқының, яғни Ақжайық елінің рухын ақиық ақын Жұбан арқылы біріктіруге күш салу еді. Ақынның асқақ рухы бүгін биіктен қарап, Жайық өзенінің оң жағасында тұрса – бұл Абай Сәтиұлындай басшының көрегендігі деп білуіміз қажет. Бүгінде Ақжайық ауданының халқы бір кісідей Жұбан елі – ақжайықтықтармыз деп мақтанады. Өзі де өнерден құр алақан емес басшы мәдениет саласына үлкен мән берді. Марқұм шағын отырыстарда жуан дауысымен қазақша-орысша әндерді нақышына келтіріп әуелететін, еріксіз тамсандыратын. Ауданның түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып жүрген ел таныған өнер адамдарын аудан орталығына шоғырландырып, оларға барлық жағдайлары жасалған пәтерлер беріп, жұмысқа орналастыруға күш салып еді. Соның нәтижесінде Ақжайық ауданының мәдениет саласы бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетіп, республикаға дейін танылды. Жайық өзенінің Бұқар бетіндегі ауылдардың мәдениет ұйлерінің бүгінгі таңда сыңғырлап тұруы да Абай Сәтиұлының еңбегі демеске шара жоқ.

Жүрегі «елім» деп соққан азаматтың Жұбан еліне деген махаббаты алабөтен еді. 2010 жылы ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың 90 жылдығында Сайқұдық ауылында «Тәу тұғыры» ескерткіші, Жұбан ауылында жаңадан екі қабатты орта мектеп ғимараты салынды. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Егер алдағы күндерде ауданымыз елдің қолдауымен «Жұбан ауданы» атанып жатса, ол Абай Сәтиұлының бір арманының орындалғаны.

Көшбасшылық қасиет дарыған асыл азаматтың сан қырлы іскерлігі туралы айта беруге болар еді. Адамға абырой, атақ тек қана елі үшін еткен еңбегінің арқасында келеді десек, бойына біткен бар қасиетін Ақжайық өңіріндегі қалың елдің игілігіне жұмсағаны үшін «Құрмет» орденін тағып, «Ақжайық ауданының құрметті азаматы» атанды.

Адам бұл өмірге келеді, кетеді. Алайда, қанша уақыт өтсе де, дүйім жұрттың есінде мәңгі сақталатын тұлғалар бар. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, өмір жолы — өнеге, тағдыр жолы – тағылым, іздегені – ізгілік, жасағаны – жақсылық, айтатыны – ақиқат болған Абай Сәтиұлындай азаматтың жарқын бейнесі жыл өткен сайын ақжайықтықтар үшін сағынышқа айнала бермек.

Ихсан Ғиззат Құжатұлы,

зейнеткер.

1998 – 2016 жылдары Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі.