25.01.2021, 10:47
Қараулар: 63
Жақсы адам жадыңнан өшпейді

Жақсы адам жадыңнан өшпейді

Біздің ауданға тән жақсы үрдіс бар. Ақжайықтықтар шамасы келсе, тірісін де, өмірден өткенін де құрметтеп отырады. Әлбетте, жүріп өткен жолдарында әр адам өмірден нені алды, нені жадына түйді, нені үлгі тұтты, осыны әрдайым еске алып, жаңғыртып отырған дұрыс-ау.

Ақжайық пен Тайпақ ауданы қосылып, халықтың алакөбе кешкен уақыттары күні кешегідей көз алдымызда. Облысымыздағы ірі ауданды басқару өмір тәжірибесі бар жандарға берілуі де заңдылықтай. Жайықтың қос жағасын қатар жайлаған ауданға басшылық еткен арыстай азаматтардың ішінде  Абай Сәтиұлы Иманғалиев ағамыздың алар орны ерекше.  Егер дәл қазір менен біреу «Абай аға қандай ісімен сіздің жадыңызда қалды?» деп сұраса, «ақыл-парасаты, Жұбанға арнаған кітабы, ақынның рухын жаңғыртқан ескерткіші, ауылдарға жаппай тартыла бастаған газ, ауыз сумен және елді мекендердегі мәдениет үйлерінің күрделі жөндеулерден өткізілуімен» дер едім.

Мен ауылда тұрғандықтан, аудан әкімімен көп байланыс жасау маған аса қажет бола қоймайтын. Дегенмен ауыл-аймақты түлету, өркендету бағытындағы алға қойған бағдарламалар барысында пікірлес болғаным рас.

Бір ғана мысал келтіре кетейін. Сайқұдық ауылында мәдениет үйі мен кітапхананы күрделі жөндеуден өткізу туралы кеңес болды. Ауылдағы кітапхана 1980 жылы Жұбан Молдағалиев ағаның 60 жылдығына орай өз қолымен ашылған еді. «Оны күрделі жөндеуден өткізуге болады, ал ауыл клубы күрделі жөндеуге келмейді, оны қайта салу ғана керек», – деп тастаған ұсынысымызды қабыл алған Абай Сәтиұлы бұл жұмысты қолға алған еді. Айта кетейін, біз осы ұсынысты ақынның 90 жылдығынан 3 жыл бұрын, яғни 2007 жылда жолдап едік.

200 орындық мәдениет үйін мемлекеттік бағдарламамен чапаевтық мердігер Нұрлан Салыхов жетекшілік ететін «Нұр Ғасыр» ЖШС түгел жаңадан салып берді. Ал кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, бүгіндері заманауи үлгіде халыққа қызмет етуде.

Сол жылғы мерейтойға «Мен қазақпын» Тәутұғыры  орнату үшін алғаш ұсыныс түсіріп, ауылға аяқтай келіп, оның эскизі жөнінде ақылдасып, Жұбанның кіндік қаны тамған Мыңшұңқырға орнатсақ деп ұсыныс айтқан да осы Абай Сәтиұлы. Мұның өзі билік басында жүрсе де, шығармашылық пен рухани өмірден қол үзбегенін көрсетеді арда азаматтың. Мен ол жерде мүлде елді мекен қалғанын, сол тұғырды ауыл ортасындағы еңселі Мәдениет үйінің ауласына орнатсақ, келіп-кеткен жандар үшін де, ауылдастар үшін де бұл туындының маңызы зор болар деген ұсыныс айттым. Аудан әкімі ретінде биіктен қарап, біздің ұсынысымызды көзге де ілмей саларына болар еді. Бірақ ол екі ұсынысты да қолдады. «Ақынын алдына салған әкімді» бірінші рет көргенім осы.

Жалпы, Абай ағаның адами болмысы ерекше еді, ауылға келгенде әр үлкен адам түгіл кішкентай балалардың өзіне де ерекше мән беріп, олармен сөйлесіп, жағдайын білетін.

Біздің ауылдағы Жұбан атындағы мектептің қандай айқай-шумен салынғаны белгілі. 2010 жылы желтоқсан айында алғаш қадасын қағуға Абай Сәтиұлы өзі келді, Жұбан ағаның тумасы Амангелді Қалашев ұрпағымен бірге қазық қағылды.  Мектепті «Ақсай КПО» компаниясы 2013 жылы 12 желтоқсансанда пайдалануға берді.

Мен бұл кезде зейнет демалысында жүрдім, аудандық мәслихатқа депутат болатынмын. Ауданда әкім болып тұрған кезінде Абай аға «Ертең мектеп ашылғанда бір бөлмені «Жұбан музейі» қыламыз, өзің осыны жасақтарсың», – деп тапсырма берген-тін. Аманатқа қиянат жоқ, кейін бір бөлмені Жұбанға арнап, ұлттық үрдістегі ашық мұражай жасақтадым.

Мектептің құрылысы жүрген 3 жыл оңай өтті дей алмаймын. Ауыл азаматтарын жұмысқа тарттық. Қай компания жасаса да, өз еңбеккерлеріне көбірек ақша, ауылдағыларға аз жалақы төгетін. Орыс-қазағымен арпалысып жүріп, сол ауыл жігіттерінің еңбекақысын көтеруге және уақтылы еңбекақысын беруге Абай ағаның көмегіне көп жүгіндім, ол  үнемі оң нәтиже берік отырды.

Иә, жақсы адамның игі ісі жадыңнан өшпейді. Шағын ғана Сайқұдықта бақандай үш қолтаңбасы қалған тұлғаны ұмыту мүмкін емес. Бүгінгі 70 жасына жете алмаған Абай ағамыздың рухы пейіште шалқысын, ұрпаққа өнеге болар ісі көп, біз Сізді ұмытпаймыз, аға!

Үзілдік ЕЛЕУБАЙҚЫЗЫ,

ақын, жұбантанушы.

Ақжайық ауданының Құрметті азаматы.