25.01.2021, 10:48
Қараулар: 71
Неге біз осы?

Неге біз осы?

Әңгіменің әлқиссасын сұрақтан бастағаным – сырласайық дегенім, ұлық мәртебелі қалың оқырман қауым. Неге біз осы ел басқарған жігіттердің жігерін құм қылуға құмармыз? Олар да өзіміз секілді анадан туған үкілі ұлдар емес пе?! «Тегін кісі таз болмайды» деп отыратын бұрын үлкендер.Ел басқарсын десе сенгені де.

Өзі міне алмаған арбаның шиқылын жаратпайтын жаман әдет қайдан келді бізге? Әлқисса ағамыз жайлы болғасын, айтылып қалған арасөз. Мен бүгін Жайық елінің жампоз азаматы, аты ел тарихында анық жазылуы тиіс аға жайлы аз сөз айтпақпын. Дұрысы, айтып үлгерген аға буынға сәл қосымша жасайын.

Тек деген ұғым бар қазақта. Тексіздерге төр бұйырмайды. Ал біздің Абай ағамыз атына сай өте текті, тәрбиелі азамат еді. Әкесі де, шешесі де майдангерлер, ел сыйлаған «кемпір-шал» еді. Солардан туған Абай қайдан осал болсын! Жұбан елі Ақжайықты басқарған кезінде қайманадан тек қана алғыс алып кеткен бірегейі осы –Абай Сәтиұлы еді.

Алаңсыз жұмыс жасауына жағдай туғызған жан-жары Орынтай да оңды жеңгеміз. Өлкетану мұражайындағы Жұбан бөлмесіне жанын салған да осы Орынтай Махмұдқызы екенін ел біледі.

Ардақты Абай ағаның аруағы разы болса, біз де риза! Өткен күнде белгі бар. Ағамыз алпыстың ауылына келіп кіргенде,  жырдан  тәбірік ұсынған болатынбыз. Соны қайта оқырманның есіне түсіруді жөн көрдім. Текті ұлдың бітім-болмысын, қадір-қасиетін осы жыр шумақтарын оқи отырып, тағы бір еске түсірейікші:

АЗАМАТ

(Абай Сәтиұлының 60 жасына жыр-мәзір)

Еңбек еткен ел мерейін қандыра,

Қара салмай шабатұғын алдына.

Абай сынды асыл текті тұлпарға,

Шыныменен алпыс келіп қалды ма?

Ал, Әбеке, құт сыйласын келген жас,

Тұра берсең «елуіңде ел болмас».

Әр қырынан әрлі сәуле шашатын,

Секілдісің, сырбаз аға, сен де алмас.

Барып жатқан баhадүрлер қауымы

Қалай, аға, алпысыңның ауылы?

Ардагерлер «алпыс-тал түс» десе де,

Сейілмей жүр серілердің қауіпі.

Соның бәрін білмекке жұрт құмар-ау,

Жеңгеміздің жүзі жарқын, нұр-алау!

Тұрған кезде алпыс ауылын мекендеп,

Әзіл айтсақ, асыл аға көтермек.

Сені көрген сұлулар кіл сұрайды,

«Осы Әбекең шын алпыста ма екен», – деп?!

Өзің едің ару-Ананың ботасы,

Сұрай салсақ, болмас деймін оқасы.

Алпыс жақтан қарағанда, Әбеке,

Көріне ме жетпістің жон-жотасы?

Азаматын көтерсе – елдің елдігі,

Еріккенен еске алмадым мен мұны.

Алпысыңның асқарынан қарасаң,

Көріне ме сексен жастың сеңгірі?

Сағынтай БИСЕНҒАЛИЕВ

Қазақстан ақын-жыршылар Одағының мүшесі.