25.01.2021, 10:55
Қараулар: 63
Әулетінің әдемі келіні

Әулетінің әдемі келіні

Шолпан Жұмалиева жастайынан елгезек, алғыр болатын. Есейіп, бой жеткені – бәрі көз алдымызда. Үлкендерге құрмет көрсетіп, кішілерді қамқорлап жүретін әдемі мінезі бар. Осының бәрі оның бойына ата-анасының тәлім-тәрбиесінен сіңген қасиет екені айдан анық. Шолпанның әкесі Жанша ағай мен анасы Қазиза апай 8 баланы өсіріп-өндірді. Көпке үлгілі отағасы  көлік жүргізуші болып, 35-40 жылға жуық осы Есенсайда қажырлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Ұл-қыздарына шама-шарқы келгенше, білім алып берді. Балаларының алды Ақтауда, Алматы-Шымкентте жанұя құрып, жұмыс бабымен сол жақта тұрады.

Ағай ертеректе дүние салды. Қазиза апай Орал қаласында Нұрлан деген баласының қолында болып, 87 жасында дүниеден өтті.

Ауылымыздың өнегесіне айналған солардың жалғасы – Шолпан Орал педагогикалық институтын математика-информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, туған ауылы Есенсай орта мектебінде ұстаздық етеді. І санаттағы ұстаз, өзінің де ауылымыздың Бауыржан деген азаматымен көтерген шаңырағында береке шалқып, 4 баласын тәрбиелеп, өзгеге үлгі болып жүр.

Айтайын дегенім, Шолпанның  Бауыржан екеуінің қолында болған ата-енесіне деген ерек ықыласы. Әкесі Саламат ағай – тылда еңбек еткен адам. Ағай осы Есенсайда біраз жыл шеберханада  жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Ашаршылық жылдарында дүниеге келген ол кезінде Целиноградқа 2 жыл қатарынан тың көтеруге қатысқан. Сол еңбегі еленіп, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды. Қазірде 92 жаста болса да, ағамыз тың, ешкімге салмақ салмай, өзі жүріп-тұрады. Енесі 1930 жылғы, былтыр 91 жасында дүниеден озды.

Қос қарияны бағып-қағып отырған Шолпандай келінге қызыға қараймын. Қазақтың әр отбасында осындай көрегенді, тәрбиелі келін болса деп тілеймін. Көзі тірісінде енесінің ақ батасын алып, бүгінде 100-ге аяқ басқан атасының алғысына бөленген келін қарапайым, қонақжай, шаруасына мығым. Қашан көрсең де, қолындағы 2-3 сиырын сауып, қаймақ-майын айырып, жылы-жұмсағын қарттарының ауызына тосып жүргені. Осындай қамқорлықты көрген көршілері де Шолпанның жақсылығын жыр қылып айтады.

Мен ардагерлер кеңесінің төрайымы ретінде бақ мекен еткен отбасына жиі-жиі барып тұрамын, амандығын білемін. Үстел үстінде қан қысымын өлшейтін құрал, дәрі-дәрмектері, термометр жатады. Ақсақал жиі-жиі  қан қысымын өзі өлшеп тұрады.

Бауыржан мен Шолпан нағашысының 1972 жылы туған баласы Санаққалиды 6-сынып оқығаннан бастап, өз тәрбиелеріне алған. Санаққалидың әке-шешесі ертерек дүниеден өткен, өзі 12 баланың бірі. Сол жігіт Есенсайдан 11 жылдық мектепті бітіріп, қалада жұмыс істеп жүрген жерінен инсульт соғып, бір аяқ, бір қолынан жан кетіп қалған болатын. Соны Бауыржан қалаға ауруханаға жатқызып, ІІ топ мүгедектігін алып берді. Санаққали мүгедек, жүре алмайды, сөйлемейді, бірдеңені ымдап көрсетеді. Осы нағашысының баласын өз тәрбиесіне алып, әкесімен бірге мәпелеп, бағып отыр. Қандай қайырымдылық дерсің, өздері жұмыста болса да, тамақтарын уақтылы әзірлеп, мәпелеп отыр.

Бауыржан да жоғары білімді. Дене тәрбиесінен сабақ береді. Бауыржан мен Шолпан тұрмыстағы қызынан 3 жиен, үлкен ұлынан 3 немесе сүйіп отыр. Қызы Ақтауда жұмыста. Қолында 10-сынып оқитын баласы бар. Өте тәрбиелі жанұя.

Біздің Есенсайда осындай мейірімді жан, қайырымды жан тұрады. Ата-енесінің ақ батасын алған келін жөнінде  өзім сүйіп оқитын «Жайық таңы» газетіне жазуды жөн көрдім. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демекші жанұясына амандық тілеп, алғысқа бөлене бер демекпін!

Меруерт ҚАУЫМБАЕВА,

ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы, еңбек ардагері

ЕСЕНСАЙ