25.01.2021, 10:56
Қараулар: 127
Бұйырған бақ

Бұйырған бақ

Дүйім елдің  құрметіне  бөлену – даралардың дарасына ғана бұйыратын бақ. Ол  үшін  табандылық, шыдамдылық, парасаттылық, мейірімділік  сынды  қасиеттер  адам  бойынан  табылуы  керек. Дәл  осы  қасиеттер  Қаламқас  ананың  бойында бар десек, қателеспейміз. Отбасының  құт-берекесі, шаңырағының  ұйытқысы  Қаламқас  ана  жас  кезінен  өлең  жазып, қолына  қалам  ұстаған  кейуана.  Бүгінде  90-жастан  асса да, санасы ашық, жады мықты. Ауыл шежіресінен сыр тартқанда, ұйып отырып тыңдайсың. Бір таңқалаларлығы, жас кезінде көрген  көп  қиыншылықтар, үй  шаруасы, бала  тәрбиесі  әжеміздің  қалам  ұстап,  өлең  жазуына  еш кедергі бола алмапты.

Қатал  тағдырдың  сынағына  шыдаған  абзал  жан – бүгінде  немере-шөбере  сүйіп, мәуелі  бәйтеректей,  балалары  сол  бәйтеректі  саялап, өнегелі  ғұмыр  кешуде. Қос  қанаты  мен  немересі  Аягүлден  айырылған  сәтте  әженің  жүрегі қарс  айырылып, езілгенде  киелі  өлең  әженің  көз  жасына  тоқтау  болып  еселенген  қайғысын  азайтқанына барлық ауылдастар куә болды. Өлеңнің құдіреті де сол-ау.

Өмірден  қанша түңілсе де, өмірге  деген  сүйіспеншілігі,  бір  басына  түскен  қиыншылығына  тоқтау  бола  біліп, әманда құрмет төрінен табыла білді. Қиындыққа  толы  жылдарды,  жылаумен  өткен  айларды  бастан  өткерсе де, жүрегі кең ол елге, жігерлі  жастарға  батасын  беріп, маңдайынан  иіскеп, ауыл-елді  алға  сүйреп, бар  білген, өмірден  түйген  ойларын  талмай  айтудан бір жазған емес.

Әженің  ақыл-кеңесінен, бата-тілегінен  қуаттанып, өмірден  өз  орнын  тапқан  жастардың  қатары  да  емес. Дүние  есігін  іңгәләп  жаңа  ашқан  сәбилерді  де  бесікке  салып, тұсауын  кесіп,  аналық  жүрегімен  ақ  тілегін  арнаған  сәттері  де  үлгі  тұтарлықтай.

Жүзге аяқ басса да, бір қалыптан  таймаған  асыл ана – жылы  жүрегін  суытпай, өмірдің  арнасымен  өз  болмыс бітімін  сақтап қалған ерек жандардың бірі. Сырт  көзге сыншыл, қайратты  көрінгенімен, орны  бөлек  кейуананы  ел-жұрты,  замандастары  қашанда  құрметтейді.

Бір  сөзінде  Қаламқас  ана: «Мен  өмір атты ең  үлкен  мектептен  білім  алдым. Үлкен  ой  түйдім. Қанша  қиналсам да,  сыр  бермедім. Білім  ордасын  ойдағыдай  бітірдім. Қасиетті  білім  ошағының  ұстаздары  ата-анам  болса, сол  аяулы  ұстаздардан  алған  білімімді  ұл-қыздарыма, немерелеріме, келіндеріме  дәріс  етіп жеткізе  білдім. Соның  арқасында  ұрпақтарымның  мәртебесі  асқақ, арман-мақсаттары  айқын» дегені бар. Өзі айтқандай өмір атты мектептің тосқан сындарына төтеп берген анаға ұрпақтарыңыздың  қызығын  көріп, аман  болыңыз  деген тілек айтамыз. Талай дарындылар мен ел ағаларын дүниеге әкелген ауылымызға сіздей ел анасы керек.

Бақтыгүл ҚҰСАЙЫН,

ауылдық  әйелдер  кеңесінің  төрайымы.

КӨНЕККЕТКЕН