1.02.2021, 9:47
Қараулар: 58
Абай мектебінің шамшырақтары

Абай мектебінің шамшырақтары

Аудандағы іргелі білім ордаларының бірі – Абай атындағы мектеп-гимназияның, соның ішінде педагогтар қауымының жетістіктері ерен. Жыл нәтижесін қорытындылаған бірқатар әдістемелік шеберлік, педагогикалық біліктілік байқауларында осы мектептің мұғалімдері жоғары нәтиже көрсетіп, өзге әріптестеріне үлгі бола білді.

Атап өтсек, өзін өзі тану пәнінің мұғалімі Гүлнар Иманғалиева республикамызда білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылған «Өзін өзі тану» пәнінің үздік педагогы» республикалық байқауында 3 орын иеленіп, осы саланың негізін қалаған Сара Назарбаеваның алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар бүкіл елімізде қашықтан оқыту процесі жүзеге асырылған «OnlineMektep» платформасындасындағы педагогтардың арасында осы жүйенің ең белсенді мұғалімін анықтаған байқауда әр облыстан жеңімпаздар анықталды. Біздің облыстан осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Клара Төлепбергенова үздік деп танылды. Оған арнайы оқыту ресурстары орнатылған сенсорлық трансформер ноутбук тарту етілді.

Әсия ШЫРАЙ