1.02.2021, 9:49
Қараулар: 91
Жеңіс сарбазы 95-те

Жеңіс сарбазы 95-те

Отанын жаудан қорғап, жеңіс деп жанын шүберекке түйген аталарымыздың ерлігі еш ұмытылмайды. Аудандағы көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагері, батырымыз, мақтанышымыз Исимов Сұпығали атамыз күні кеше 95-інші қысын қарсылады. Құжатта тамыз айында дүниеге келген деп жазылса да, отбасы, ағайын-тума қарияның  туған күнін 14 қаңтарда атап өтеді екен. Соғыс ардагерінің қуанышын бүкіл ауыл халқы бөлісіп, қарияның амандығын тілесіп жатты.

Ал Қаршы орта жалпы білім беретін мектебінің «Өлкетану» үйірмесінің жетекшісі Эльмира Қайырғали, мектеп тәлімгері Ажар Әбуова және «Жасұлан» ұйымының оқушылары ардагердің үйіне барып, мерейлі тойымен құттықтады. Шәкірттердің туған жер, ерлік туралы өлең-жырлары жауынгердің рухын көтерді. Осылайша ұл-қыздар соғыстың ауыртпалығы, сол кездегі ұландардың Отанға деген сүйіспеншілігі, көзсіз ерлігі туралы қаһарманның өз аузынан естіп, бұл еркіндігіміздің оңай жолмен келмегенін түйсінді.

Ардагердің мерейлі жасына орай мектеп ұжымы сый-сияпатын ұсынып, құрмет көрсетті. Исимовтар отбасы қуанышты бөліскен ұстаздар мен оқушыларға ризашылықтарын білдір, Сұпығали аталары жас ұрпаққа батасын берді.

Айнажан СӘРСЕНБАЕВА