1.02.2021, 9:55
Қараулар: 58
#STOPCOVID19

#STOPCOVID19

Қазақстанда вакцинацияға арналған электрон паспорт енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі ол не үшін енгізілгенін және қазақстандықтар вакцинацияға арналған электрон паспортсыз шетелге шыға алу-алмауын түсіндірді, — деп хабарлайды ресми ақпарат көздерінде.

Денсаулық сақтау министрлігі жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация 1 ақпанда басталатынын айтты. Ол үшін электронды есеп жүргізу жоспарланып жатыр, яғни вакцинацияның электрон паспорттары енгізілмек.

«Вакцинацияға арналған электрон паспорт – профилактикалық екпе салынғаны туралы құжат. Ол жерде адам қандай препарат қабылдағаны, қандай мөлшерде және қай күні, сонымен қатар, екпеден кейін пайда болған қандай да бір белгі шыққаны туралы ақпарат тұрады. Адам коронавирус инфекциясына қарсы екпе алғаннан кейін ол туралы ақпарат жақын уақытта eGov mobile қосымшасында шығады. Екпе алған адам туралы ақпарат және екінші вакцинаны қашан салдыруы керек туралы ақпарат болады», — дейді Нұршай Әзімбаева.

Вакцина екі кезеңмен салынады. Екінші екпе бірінші екпені салғаннан кейін 21 күннен соң салынады.

Сонымен қатар, ДСМ өкілі Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе салдырмағандарға қандай да бір шектеу енгізіле ме, әлде жоқ па деген сұраққа жауап берді. «Бәлкім болашақта кей елдер профилактикалық екпе алмаған адамдарға шектеу енгізуі мүмкін. Бұл болашақтағы әңгіме. Бірақ бүгінде біздің елде екпе салдырмағандарға қандай да бір шектеу енгізу жоспарланып жатқан жоқ», — деді Әзімбаева.

Оның айтуынша, электрон паспорт үшін қосымша қаражат бөлінбеген, себебі жүйе қолданыстағы базаға енгізілмек. Вакцина салатын медицина қызметкерлері алдын ала дайындықтан өтеді. Оларды оқыту курстары 22 қаңтарда басталады.

***

Қазақстанда COVID-19 вакцинациясынан бас тартуға болмайды деген ақпарат жалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Stopfake.kz ресурсына сілтеме жасап.

Қазнет қолданушылары Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау міндетті болатыны туралы жаңалықты талқылап жатыр. Олар 2020 жылғы 24 қыркүйектегі «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қарсы міндетті профилактикалық егулер жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық егілуге жататын топтарын бекіту туралы» қаулыға өзгерістер енгізу туралы» қаулыға сүйенеді. Шын мәнінде қаулыда бас тартуға болмайтын мәжбүрлі вакцинация туралы айтылмаған. – Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі, яғни азаматтар екпе алуға өз еркімен келісім беруі тиіс, – деп түсіндірді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі. Бұдан басқа, 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте бұрынғыдай ҚР кез келген азаматының «Емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға» құқығы бар нормалар сақталған. 16 жастағы және одан асқан балалардың профилактикалық және консультациялық-диагностикалық көмек алудан хабардар түрде бас тартуға құқығы бар.

***

Қазіргі таңда әлем бойынша 42 мемлекет коронавирусқа қарсы вакцинаны қолданып отыр. Ақпан айынан бастап Қазақстан да осы елдердің қатарына кіреді. COVID-19-ға қарсы вакциналар қай мемлекеттерде қолданылып жатыр? ,Вакцина егуге қатысты халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі қандай? «ҚазАқпарат» тілшісінің осы сұрақтарына ҚР ДСМ Ұлттық денсаулық сақтау орталығы «Санитариялық- эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының эпидемиолог дәрігері Лена Қасабекова жауап берді. «Бүгінгі таңда әлем бойынша коронавирус инфекциясына қарсы 237 вакцина жасалған. Оның ішінде 64 вакцина клиникалық сынақтан, ал 173 вакцина клиника алдындағы сынақтан өтіп жатыр. Клиникалық сынақтан өтіп жатқан вакциналар ішінде 8 вакцина қолданысқа енді. (Moderna, BioNTech / Pfizer, Oxford Biomedica және AstraZeneca, Н.Ф.Гамалея атындағы ғылыми-зерттеу институты (Спутник V), CanSino Biologics, Sinopharm (2), Sinovac / Instituto Butantan / Bio Farma). Бұл вакциналар АҚШ-та, Ресейде, Қытайда жасалған және өз елдерінде қолданыста», — дейді эпидемиолог дәрігер Лена Қасабекова. Сарапшы қазіргі таңда қазақстандық вакцина да сынақтан өтіп жатқанын айтты. «Бұл вакцина да алдыңғы қатарлы, дамыған мемлекеттердің вакциналары сияқты сынақтың үшінші кезеңінен өтуде. QazCovid-in вакцинасы бірінші және екінші сынақтан сәтті өткені туралы барлық бұқаралық ақпарат құралында жарияланды», — дейді ол.

Moderna компаниясының вакцинасы Канада, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяда қолданылуда. Pfizer компаниясының вакцинасы Еуроодаққа мүше елдердің бәрінде, Израиль, Аргентина, Мексика, Сауд Арабиясы, АҚШ және Ұлыбританияда қолданылып отыр. Британдықтар мен американдықтардың бірлесіп шығарған Oxford Biomedica және AstraZeneca компанияларының вакцинасы Ұлыбритания, Үндістан және Аргентинада егілуде. Ресейдің «Спутник V» вакцинасы Ресейдің өзінде, Беларусь, Боливия, Аргентина, Алжир және Сербияда қолданыста. Қытайдың 4 вакцинасы, атап айтқанда CanSino Biologics компаниясы шығарған вакцина Қытайдың өзінде, Біріккен Араб Әмірліктерінде қолданылады. Ухань институты Sinopharm компаниясымен бірлесіп шығарған вакцина Біріккен Араб Әмірліктерінде, ал Sinovac компаниясының вакцинасы Қытайдың өзінде және Бейжің институтының Sinopharm компаниясымен бірлесіп шығарған вакцинасы Біріккен Араб Әмірдіктері мен Бахрейн мемлекетінде қолданылады.

Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда әлем бойынша қанша адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілгенін айтты. «2021 жыл 20 қаңтар күнгі мәлімет бойынша, әлемде коронавирусқа қарсы 46,89 млн доза вакцина егілген. Оның ішінде АҚШ-та 15 700 000 адамға, Қытайда 15 000 000 адамға және Ұлыбритания Біріккен Корольдігінде 5 000 000 адамға, Израильде 3 000 000-ға жуық адамға және Біріккен Араб Әмірліктерінде 2 100 000 адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілген. Еуроодаққа мүше мемлекеттерде 1 000 000-ға жуық адамға, Италия, Түркия, Испания және Ресей мемлекеттерінде 1 000 000-ға жуық адамға вакцина егілген, — дейді Лена Қасабекова. — Ең алдымен медицина саласынық қызметкерлері, мұғалімдер, полиция қызметкерлері сияқты өмірдік маңызды салада қызмет ететін мамандарға егіледі. Олар қауіп-қатер тобына кіреді. Өздеріңіз көргендей, коронавирус індеті өршіп тұрған кезде дәл осы саладағы мамандар алғы шепте жүрді. Осы салада қызмет ететіндердің арасында коронавируспен ауырғандары да, өмірмен қоштасқандары да көп болды. Қауіп-қатер тобына денсаулығында ақауы бар адамдар да кіреді. Олардың қатарына жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті сияқты созылмалы аурулары бар адамдар кіреді. 60 жастан асқан егде жастағы адамдар да қауіп-қатер тобына кіреді, сол себепті ең алдымен соларға егіледі. Вакцина егуге қатысты әлемдегі барлық мемлекет осы қағиданы ұстанады», — дейді ол.

Оның айтуынша, қайсы топ вакцинамен алдымен қамтылатыны әр мемлекеттің өз мүмкіндігіне, вакцинаның қаншалықты жеткілікті екеніне байланысты. Қауіп-қатер тобындағы адамдардың бәрін вакцинамен қамтамасыз ете алатын мемлекеттер бар, бірақ елдегі бүкіл халықты вакцинамен толық қамтыған мемлекет әлі жоқ. «Коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты бірқатар мемлекеттің тұрғындарына сауалнама жүргізілгені туралы ақпарат бар. Бұл ақпарат сенімді дереккөзден алынды. Сауалнамада «Осы аптада коронавирусқа қарсы вакцина егетіні туралы айтса – сіз келісер ме едіңіз?» деген сұрақ қойылған. Ұлыбританияда сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 70%-дан астамы коронавирусқа қарсы вакцинаны қабылдауға дайын екенін айтса, Еуроодаққа мүше елдер тұрғындарының 50%-дан астамы вакцина егуге қарсы емес екенін білдірген. Яғни, тұрғындардың көбінің вакцинаға деген көзқарасы түзу», — дейді сарапшы.

Ақпарат ашық дереккөздерден алынды