1.02.2021, 9:56
Қараулар: 51
Коронавирус жүрек ауруларына қалай әсер етеді?

Коронавирус жүрек ауруларына қалай әсер етеді?

Коронавирус инфекциясы асқынған дерті бар адамдарға өте қауіпті екендігі бұған дейінгі зерттеу қорытындылары көрсеткені рас. Ал, жүрек қантамырлары ауруы бойынша есепте тұрған адамдар үшін бұл дерттің қандай қаупі бар? Осы сауалдарды аудандық аурухананың неврологы Шара Манасоваға қойған едік.

Жүрек-қан тамыры аурулары бар науқастар коронавирусты өзгелерге қарағанда тез жұқтыра ма?

Коронавирусты жұқтыру қаупі барлық адамдар үшін бірдей. Бірақ коронавирустың өте қауіпті инфекция екенін, оның ағзаның асқынған тұстарын одан әрі қоздыратынын ұмытпауымыз керек. Дені сау адамның жағдайын қиындатып жіберетін жұқпаның жүрегі ауыратын адамдарда белгілі бір өзгерістер әкелетіні айтпаса да, түсінікті. Коронавирус туралы сөз қозғағанда, көбіне өкпе қабынып, тыныс алу қиындайтыны ойға оралады. Тыныс алу қызметі бұзылған соң, ағзаға қажет оттек жетіспей, қан қойылады. Осының әсерінен ірілі-шағын тромбтар пайда болады. Ірі тромбтар жылжып барып, миға, жүрекке баратын тамырларды бітеуі мүмкін. Өкпе артериясы екіге бөлінеді. Түгелдей емес, бір бұтағын бітесе, өкпе инфаркті болады. Бүкіл артерияны бітесе, бірден өліп кетуі мүмкін. Осыған адамдар мән беруі керек. Әрі дәрігер кеңесін тыңдау керек.

– Коронавирус жүрек ұстамасы және аритмия сияқты ауруларды тудыруы мүмкін бе?

Негізіне, өкпе қабынғанда, аритмияны күшейтуі мүмкін немесе тіпті кейбір науқастарда жүрекше фибриляциясын тудыруы да мүмкін. Коронавирусты жұқтыру белгілері пайда болғпн кезде кеуде қуысының ауырсынуын сезінген науқастар бірден дәрігерге хабарласса, асқынудың алдын алуға болады.

– Карантин жағдайында, әсіресе таза ауасыз, үйде ұзақ уақыт отыруға мәжбүр болу созылмалы ауруы бар адамдарға қиын тиеді. Мұндай жағдайда қайтпек керек?

Алдымен бөлмені әлсін әлі желдетіп тұру қажет.  Сонымен қатар үйдегі температураны 19°C -ден 22 °C-ге дейін ұстау керек. Темекі шегу көптеген созылмалы аурулардың асқынуының негізгі себептерінің бірі және қан қойылуының негізгі факторы. Темекінің  санын қысқартып қана қоймай, одан  толық бас тарту қажет. Ғылыми зерттеу нәтижелері темекі шегуден бас тартқан кезде тыныс алу функциясының жақсаратынын, түрлі ауру симптомдарының басылып, асқыну жиілігінің бәсеңдейтінін, өкпе обырының даму қаупі төмендейтіндігін, жұқпалы ауруларға төзімділігінің артатынын көрсетті.

Тұрақты дене шынықтыру жаттығулары және тыныс алу гимнастикасын жасап тұрсаңыз да, еш артықтық етпейді. Егер сіз физикалық тұрғыда белсенді болсаңыз, өкпеңіз бен жүрек бұлшық еттерінің қызметі жақсарады, иммундық жүйеңіз нығайады.

Жүрек қан тамырлары аурулары  бар адамдар күн сайын қабылдайтын дәрілік препараттарын үздіксіз қабылдап отыруы керек. Себебі, олар жүректің қалыпты деңгейде жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, қан қысымының жоғарылауын болдырмайды. Сондықтан дәрігер тағайындаған дәрілердің жеткілікті мөлшерде аптечкаңызда болуын қадағалап отырыңыз.

Әңгімелескен Әсел САҒЫН