1.02.2021, 10:01
Қараулар: 57
Мемлекеттік тілдің мерейі үстем

Мемлекеттік тілдің мерейі үстем

Тіл-ғасырлар бойы әр ұлттың бағасы жоқ мәдени байлығы.

Бәрімізге белгілі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілінің мәртебесі туралы «Ата Заңымыздың» 7 бабында «Мемлекеттік тіл-қазақ тілі» атап көрсетілген, сонымен қатар 1997 жылы қабылданған  «Тіл туралы» Заңда мемлекеттік тіл –мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылады және мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу және іс –қағаздарын жүргізу деп айтылған.

Сонымен қатар ҚР «Тіл туралы» заңында «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» деп көрсетілген.

Әрбір елдің қуатты күші, байлық-бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге, мәдени, рухани талғам өрісімен айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген халықтың ақыл-ойының көрінісі –тілге тәуелді екені белгілі. Атадан балаға жеткен ұлы құбылыс ретінде тіліміз талай сыннан сүрінбей өтті, дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, өткір, таза, терең, күшті, кең тіл — ана тілімізден артық халқымыз үшін қасиетті ештеңе болмаған. Себебі, тіл – тарихымыз, тіл – мәдениетіміз, тіл – әдебиетіміз. Тауып айтылған бір ауыз сөзге бір қауым ел тоқтаған. Бұл – халықтың тіл өнеріне деген ыстық сүйіспеншілігінің белгісі.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы Жарлығының және «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың  2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы  27 қаңтардағы қаулысын орындау мақсатында біздің мекемеде  іс-қағаздар  толығымен мемлекеттік тілде жүргізілуде. Барлық  қызметкерлер  мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Мемлекеттік мекемелерден келген хат-хабар алмасулар, ілеспе хаттар, ішкі қызмет тілі, барлық жұмыс жоспарлары, ұйымдастырылатын іс-шаралар толығымен мемлекеттік тілде жүзеге асырылады.

Бағдагүл ЕРКІНҒАЛИЕВА,

ауданаралық Әділет басқармасының бас маманы,

«Қазақстан Заңгерлік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің   Батыс Қазақстан облыстық  филиалының мүшесі