1.02.2021, 10:06
Қараулар: 117
Еңбекке тартқан «Еңбек» бағдарламасы

Еңбекке тартқан «Еңбек» бағдарламасы

Жеке кәсіп деген ешкімге тәуелді болмай, өз күнін өзі көрудің, бала-шаға нәсібін молайтудың бірден бір жолы екенін бәрі біледі. Ал талпынғанды демеп, аяғынан тұрып кетуіне қолдау беретін  бағдарламалар көп. Солардың бірі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасынан шарапат көріп, несібесін молайтқан жерлестерімізді көпке үлгі етсек…

Дәмі тіл үйіретін торт пен пицца бар

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Сарытоғай округіне қарасты Жанама ауылында дәмді торт пен пицца самса дайындайтын Бекзада Жұбандықова есімді кәсіп иесі тұрады. Осы шағын ауылда туып өсіп, оқып, жар бақытын да туған ауылдан тапқан келіншек бұл күнде төрт перзенттің анасы. Жолдасы мектепте маусымдық жұмыста болғандықтан, жазда жұмыссыз, өзі де екі қолға күрек таба алмай жүргеніне біраз болды. Үйден айналысатын, табысы жақсы бір шаруаны ойластырып жүргені қашан?! Ал ол үшін қаражаттың керегі белгілі.

Тігінші боламын деп шешеді ғой бастапқыда. Өйткені осы жұмысқа епсектігі бар. Кішкене кезінде әдемі оюлар жасап, көйлектер тігіп, түймелер қадайтын. Мұның бәрі анасының үйреткені. Бекзадаға анасы тағам дайындаудың да қыр-сырын меңгерткен екен. Түрлі тәтті, тоқаш пісіріп, ауылдың қонақ шақырған шаңырағындағы дастарханның сәнін келтіргенде, анасына талай қолғабыс болған. Осы машықты одан әрі дамытып, жерлестерін тәтті өнімдермен қуантқысы да келеді. Бірақ сол баяғы сауал – ақшаны қайдан алмақ керек?

Бұл дүниеде барлық ниет-тілек орындалады, бастысы – мақсат қажет. Осыны Бекзада анық түйсінді. «Өткен жылдың мамыр айында аудандық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары келіп, кәсіппен айналысамын деген жұмыссыз жандарға,көп балалы отбасыларға арналған бағдарлама бар екенін айтты. Тыңдап отырсам,  көкейге қонымды, дәл өзіме  керек қолдау. Тәуекел етіп, осы бағдарламаға қатысып көрмек болдым. Жиыннан соң мамандарға жолығып, қандай құжат қажет екенін анығырақ біліп алдым», — дейді берілген мүмкіндікті қапы жібермеген жас келіншек.

Артынша онлайн оқуға қатысып, тиісті сертификат алған соң, бизнес-жоспарын жасақтап, конкурсқа жолдайды. Тапсырған құжаттарының үздіктердің қатарынан табылып, грант иегері атанғанын естігенде, қуанышында шек болмады. Қаражат түскен бойда қалаға аттанып, торт дайындайтын құралдар мен ток және газ плиталары, мұздатқышқа дейін алыпты. Үйіне әкеліп орнатқан күні-ақ кондитер өнімдерін пісіріп, ауылдастарына ұсына бастайды.

Алғаш оның өніміне 18 жасқа толған ауылдас қыз баланың ата-анасы тапсырыс беріпті. Тәтті тортпен қызын қуантқан ана Бекзаданың өнеріне мақтауын жеткізіпті. Бірінен бірі естіген сарытоғайлықтар енді шағын отырысқа қажет тәттілерді қаладан тасымай, ауылдас кондитерден алғанды жөн көреді.

Тек қазіргі уақытта жұмыртқа бағасы мен қанттың құны шарықтап кеткені біраз кедергі. Әйткенмен жұмыс тоқтаған жоқ. Ауыл адамдарының тапсырысымен пицца дайындап та жүр. «Шүкір, барлық қиындықтарға қарамастан бастаған ісімді алға жетелеуге барымды салдым. Өнімдерімнің сұранысқа ие екендігі де көңіл қуантады. Бұл бағдарлама менің жаңа өміріме себеп болды десем, артық айтқаным емес. Ал барлық ақпаратты ұғынықты етіп жеткізген, құжаттарды дайындауда қолдау көрсеткен аудандық жұмыспен қамту мамандарына, басшыларына зор алғысымды айтамын. Ендігі жерде жоспар да, мақсат та көп. Ауылда бос тұрған ғимараттар бар, солардың бірі жөнделіп жатса, жалға бөлме алсам деген ойым бар. Мектеп балаларын самсамен қамтамасыз етіп,  кәсібімді кеңейткім келеді», – дейді шағын ауылда шаруасын жолға қойған келіншек.

Жаңабұлақтағы жаңа шеберхана

Жаңабұлақ ауылына 2005 жылы Қарақалпақстанан атамекенге қоныс аударған қандасымыз Жақсылық Оразымбетовтің жанұясы еңбекпен көгерген үйелмен. Отағасы ауылда тоқ жөндеуші болып, жұмысқа тұрса, жолдасы бүгінгі кейіпкеріміз Мухаббат ауылдағы мектеп асханасына мамандығы бойынша 2008 жылы қызметке тұрыпты. Осылай өз ағымымен жалғасып жатқан қайнаған тіршілікте екі қызы  бой жетіп, өз алдына шаңырақ көтеріп, теңдерін табады. Одан кейінгі ұл мен қыз студент атанды.

Әр күнімізге шүкіршілік еткен халықпыз ғой, Оразымбетовтардың да отбасында қалыптасқан тірлік өзгермейтіндей көрінген. Бүкіл әлемді әбігерге салған індет бұл жанұяға да өз әмірін жүргізді. Пандемияға байланысты мектеп асханасы карантинге жабылып, Мухаббат жұмыссыз қалды. Әманда еңбекқорлығымен ерекшеленетін отанасы қол қусырып, қарап отыруды жөн деп санамайды. Жолдасының табысы аз, отбасын қаржылық қиындықтан алып шығу үшін, күнкөріс көзін табу қажет болатын. Ауылдық әкімшілікке барып жолыққанында, «Еңбек» бағдарламасымен грант алу жайында кеңес береді. Ол үшін аудан орталығына барып жұмыссыздар қатарына тіркелу керек екен.

Айтылды, бітті. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, үйден онлайн  курстан өтіп, бизнес-жоспар жасақтауға кіріседі. Ойлана келе, бала кезінен жанына жақын іс  құрақтан жасалған әдемі көрпелер тігуді  жөн көреді. Түскен қаражатқа маталар мен тігін машинасын сатып алған ол үйдің ішінен «Үміт» деген атаумен шеберхана ашады.

Көбіне «қыз жасауы», яғни тұрмысқа шыққан қыздардың ата-аналары мұнда тапсырыс беруде. Ауылдың іші өз алдына, жақын маңдағы ауылдардан келіп ою-өрнекпен көмкерілген көрпеге «құда түскен» жандар көбейіп келеді. Сұраныс артқан сайын жұмысы да көбейеді емес пе?! Мухаббат ханымға жүн түтіп, тыстарының қиюын келтіруге, тігуге өз қыздары көмектесуде. Қыздары да өз қолдарынан тұмарлар жасап, көпшілікке ұсынып жүр. Көздің жауын алатындай етіп ою-өрнекпен безендірілген тұмарға тапсырыс берушінің руы жазылып, әрленеді.

Ниет болса, соны  жүзеге асыруға талпыныс болса, адамның қолынан келмейтін дүние жоқ әсте жаһанда. Мемлекеттен берілген қаражаттың бір тиынын да шашау шығармай, ісін дамытуға жұмсаған Мухаббаттың бүгінгі тірлігі барша ауылдастарына үлгі.

«Қой өсірсең қораңда, жем шөбіңді мол қамда»

Осы бағдарламаның грантын жеңіп алып, кәсіппен айналысып, тірлігін түлеткен тағы бір еңбекқор жан Манас Сағынгереев Базартөбе округіне қарасты Қызылжар ауылында тұрады. Шағын ауылда барлығына бірдей жұмыс көзін табу оңай емес. Негізінен, ауыл азаматтарының көбі жанұясына табыс әкелу үшін ірі қалаларға жұмысқа кетіп жатады.

Ал Манас пен жұбайы Венера 5 перзент өсіріп оқытып отыр. Қашықта жүріп, табыс табайын десе, осы балалардың тәрбиесі ақсап, отанасына да қиын соғатын түрі бар. Әрі қорасындағы аздаған уақ жандығына да уақтылы күтім керек. Жұмыссыз жүрген жандарға көмек көрсететін бағдарлама жөнінде ақпарат Манастың да құлағына жетеді. Көп ойланбастан, мал басын көбейтуді көздеп, конкурсқа құжаттарын тапсырады. Көп болған жоқ, қараша айында бағдарламаның қаражаты да қолдарына тиеді. Содан бері міне екі айдан асты. Осы аралықта Манас көршілес Сырым ауданынан 10 бас ,ауыл  ішінен 6 бас қой сатып алады. Осылай шағын ауылда «Арлан» деп аталатын  тек қана қой малын өсіретін шағын мал шаруашылығы іске кірісті.

Ісі шағын болғанымен, тірлігі мығым шаруашылықтың болашаққа көздеген жоспарлары да жоқ емес. Манастың айтуынша, қойдың етімен қатар жүнін де пайдаға асырғысы келеді.  «Қой өсірсең қораңда, жем шөбіңді мол қамда» деп жиі айтып отыратын шопан болған әкенің сөзін санада мықтап тоқып алған Манастың қыстан қысылмай шығатын жемшөп қоры бар.

Ә.БИСЕНҒАЛИЕВ.