1.02.2021, 10:08
Қараулар: 58
Өлең болмайды ғазалдың бəрі

Өлең болмайды ғазалдың бəрі

Әнуар Аманжолов болашағынан үміт күттірген жас ақындардың қатарына тұнық сырмен, лирикалық ерек сарынымен енді. Мектеп жасынан бастап қолына қалам ұстап, поэзия әлеміне қанат сермеген ол талай таланттың жолын ашқан «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшесі. Ол  1997 жылы 15 — мамыр күні Тайпақ ауылында дүниеге келген. Краснояр орта жалпы білім беретін мектебін тәмамдаған соң М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде филология факультетінде білімін жалғастырды. 2019 жылдан бастап  Тайпақ мектеп – гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқаруда. Облыстық Қадыр оқуларының жеңімпазы, «Біз құрдастармыз» атты жастардың республикалық шығармашылық байқауында III орын иегері атанды. Педагогтер арасындағы облыстық Жұбан оқуларында «Ғашықтың жүрегімен халқын сүйген…» аталымы бойынша өз туындысымен қатысып, жеңістің ең жоғары тұғырынан көрінді.

Қалың оқырманымызға жерлес жастың шығармашылығындағы таңдаулы шығармаларды ұсынамыз.

Жұбан — жебе 

«Өлең» десе өртен сен, түс егеске,

(Жүрегіңе от берер күш емес пе?!)

Өлең жайлы толғансам, көз іле алмай,

Бала кезгі оқиға түседі еске.

Бала едім ғой түйнекті ақыл дәні,

(Өлең сенің білмеуші ем атыңды әлі)

Дала кезген ойымды, ойын қуып,

Бұзды бір күн атамның шақырғаны.

Тым оқыстан естілді мынау енді,

(Мезгіл ымырт. Басқан шақ қырау белді)

…Ойлы жүзін аударып жанарыма,

«Жұбан кім?» деп, ауырлау, сұрау берді.

«Ақын» дедім ойланбай, іркілместен,

(Кетпейді ғой ешқашан бұл күн естен).

«Қазақ» деді, нақтылап, атам тағы,

Тірі қалған мың өлім, мың күрестен.

«Және» деді үзілген жалғап сөзін,

(Ұстағандай көрінді салмақты өзін)

«Мынау айтар сөзімді мәңгі ұмытпа,

Менен тарар ұрпаққа — салмақ, сезін»

Жылдар менің жасымды тонап болған,

(Қолымда қалам емес, орақ болған).

Мынау тұрған шаңырақ, ескі үйімде,

Жұбан ақын бір кезде қонақ болған.

…Жұбан отыр. Қарайды сынай бәрін,

(Болмысына сыйлаған Құдай бәрін).

Жарты сағат отырып, кетпек болды,

Тізерлей қап батасын сұрай қалдым.

Сонда Жұбан жымиды.(Жылынды аймақ)

(Біреуге ерсі, біреуге мұным айбат).

Ауызынан құлаған ақ батасы,

Қонып жатты иыққа жүгін байлап.

«Жалған сөйлер болсаңыз — ұртың күйсін,

Аш — қомағай болсаңыз — мұртың күйсін.

Ұрпағыңнан ақын боп шықса біреу —

Ұлтын сүйсін! Ұлтын сүйсін! Ұлтын сүйсін!», –

Деді дағы жөнелді күн батысқа,

(Сол аяулы сәтім-ау, тым-ақ қысқа).

Сөзге құмар балам ең ұрпағымнан,

Жырдың туын ендігі сен-ақ ұста.

Ұлтыңды сүй – қуаныш-мұңын біліп,

Ұлтыңды сүй – қайғысын, сырын біліп.

Сен дүниеге келген күн аунатып ем,

Жұбан шыққан сол төрге, ырым қылып.

…Маған емес тек қана, сақалы ердің,

Ұрпағыма берілген бата», – деді.

Бітірген соң тым ауыр әңгімесін,

Көз алдымда өзгерді ата реңі.

Бұл күндері есейдік, жыр – қанатым,

Ақын берген батасы – бір қанатым.

…Мінберлерге шыққанда өлең оқып,

Сүйейтіндей арқамнан Жұбан ақын!

 

ШЕР

Ей, дүние, қорқытпа түнегіңмен,

Мен де бейбақ едім ғой тілегі өлген.

…Маған мәлім сезімді,

Сәтті осынау –

Сезіне алмай жүрмін ғой жүрегіммен.

Сөге көрме.

Айыпқа бұйырма да,

Сауабы жоқ мінәжәт,

Сыйынған да.

Тәңіріме қосар ем тілегімді,

Тостағыма бар күнәм құйылғанда.

Шалқып тұрып, о, сосын,

Тербелемін…

Шылым шегем.

Араласып түтінге,

Шерге өлеңім.

Өксігіме барамын жұтылып мен,

Тарылып бара жатыр шеңгелі оның.

…Бір мұхитта келеміз,бөлек кеме,

Көкке қарап айтатын көп өкпе де.

…Екеуіміз де сыйынар бір-ақ Құдай,

Оқылатын дұғамыз бөлек неге?!…

 

Досыма

Сен мұңайма!

Тәңір хақы осы ма?

(Сезім сыны қатты болған, шошыма).

Періштесі болған дертке дауа бар,

Терезеңді айғыздаған қасірет

Дүниенің түсі сары екенін

Көрсетпейді. Қосылам!

Жанарыңа жұтылардай кеңістік,

Ол аязға мен үсіп

Талай жүргем

Әр жолыма тамып-тамып сезімім…

Ол кездерім ең ыстық!

Күз жауғанда келмесе,

(Жанның хақы тең десек)

Алақаннан ұшып кеткен жапырақ-

Пәтуасыз желге серт.

Ұшып кеткен жапырақ.

Жетелейді, перідей,

Адастырып өз ішінде мұңыңның

Өріміне жағаласып бұрымның,

Кетпесіне кім кепіл?

Айта бергін түнге сыр.

Бата берме мұңға бос.

Уысымнан уақыт сусып кетер деп

Алақаныңды жұмба, дос!

Құдай біледі!

 

Элегия

Не позволю мямлить стих…

В.В.Маяковский

Сезімнің кетсе сүйкімі қашып,

Оянбай қалса ұйқылы ғашық.

Естілсе құстың қиқуы қашық,

Жаныңды мұңның қиқымы басып.

Танымай қалып өзіңді-өзің,

Күтуден шаршап көз ілді төзім.

Тəңірге жетпей үзілді сөзім,

Уақыттан тығып жүзімді өзім.

Үмітің ойшыл алдаса, кəні,

Түседі түгел жанға салмағы.

Құрғаған санаң қанбаса нəрі,

Өмір сүргенің…далбаса бəрі.

Əлемнің салған сазарып əні,

Мұңымды естігем ғажабындағы.

Өлең болмайды ғазалдың бəрі,

Ойымның мен ем таза құрбаны.

***

Мен өлеңді тірілтіп алғам,

Мұқағалидің мазарындағы!

 

SILENTIUM

Мен кешегі төгілген жасты айтамын,

Жүрегіңе батады тастай сағым.

Саусағыңның ұшында шыр айналған,

Менің бос айқайым.

Білмегенсіп жүргенмен біз білетін,

Миығынан майысып күз күлетін.

Жымисаңыз құлайтын «Құдайым» деп,

Аңғал болып кетіпті біздің ел тым.

Махаббат па?…

Сіз, бірақ, сенбей налып,

Бұрымыңыз жағалай көкжиекті

Түнге айналып…

Қарашығым майысты кірпік қағып,

Кеше көрген түстерім өңге айналып

Өліп кетсем…

Ақ өлім…перизатсыз…

Мен білмейтін соқпақпен келе жатсыз.

Елестетіп көріңіз сүйіп тұрып,

«Сізді сүйдім, тыңдаңыз» деген жоқсыз.

Қиялымда болмады гүлдерге аунау,

Құпиясын құлыптар түндер марғау

…Содан кейін

көзіңізден оқыған нәрселерді

құлағыммен естуге үлгере алмау…

…білесіз бе сондай қиын.

 

Ақжайық ауданы