1.02.2021, 10:10
Қараулар: 110
Ауылдастарға ашық хат

Ауылдастарға ашық хат

2021 жыл – бүкіл еліміз үшін есте қаларлық ерекше тарихи жыл болмақ. Себебі биыл тәу еткен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы.

Тәуелсіздіктің қалай келгені, мән-мағынасы, еліміз үшін қандай құндылық болғаны осы уақыт ішінде талай рет айтылды, сан мәрте жазылды.

Біздің қазіргі айтпағымыз, ой-пікіріміз – бұл қасиетті мерекені  әр адам, әр жанұя, тұтас қоғам зор дайындықпен, жаңаша ойланумен, терең толғанумен, рухани, мәдени, адами тұрғыдан жаңару сипатымен қарсы алуы керек. Әрбір ата-ана өз балаларына, өмір көрген буын кейінгі жастарға, жігерлі жастар қатарластарына өнегелік үлгісін көрсете білсе, көп іс тындыруға болады. Осы орайда көптен бері бізді толғандырып жүрген, қарапайым, көзге де байқала бермейтін, адамның ойына кейде келмейтін, бірақ мәні зор  мәселелерді ортаға салып, көпшілікке ой салсақ дейміз.

Жыл сайын аудан орталығынан бастап бүкіл ауылдық округтердің орталықтарына дейін ажарланып, абаттанып, халық үшін қыруар жұмыстар атқарылып жатқандығына ел куә. Жергілікті, облыстық, республикалық бюджеттерден миллиондаған қаржы бөлініп, тұрғындарды ауыз су, табиғи газбен қамту мәселесі қарқынды жүргізіліп келеді, күре жолдар жөнделіп, кіреберіс, ауылішілік жолдар реттеліп, жаяу жүргіншілер үшін ондаған шақырымдық төсемжолдар (тротуарлар) салынды. Білім, мәдениет, денсаулық саласында жаңа ғимараттар салынып, бұрынғылары күрделі жөндеуден өтіп, сәні мен салтанаты келісіп, ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етуде.

Аудан басшылары бастап, ауылдық әкімдіктер қостап, алға үлкен мақсат қойып, жыл сайын атқарылар істерге жоспар түзіп, халық үшін аянбай қызмет жасап жатқандықтарын да атап өткен жөн. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елге танымал кәсіпкерлермен бірге туған жеріне жанашырлық танытып жүрген бастамашыл азаматтардың елге істеген қыруар жақсы істерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Солардың қолымен атқарылған көп шара ауылдарға ерекше көрік беріп, қоғамды алға жетелеудің, тәлім-тәрбие алудың өнегелі үлгісіне айналғанын да халық көзімен көрді, риза болды. Ендігі міндет-жоғарыда айтып өткен көптеген келелі істердің халыққа ұзақ жылдарға қызмет көрсетуіне қол жеткізу. Оның ешқандай қиындығы жоқ, осы істерді жүзеге асырған азаматтардың еңбегін бағалау, баптап-күту, келер ұрпақ үшін сақтау керек. Сөзімізге дәлел ретінде аудан орталығындағы соңғы жылдарда бой көтерген нысандар мен демалыс алаңдарын айтсақ та, жеткілікті. Өткен жылдары іске қосылған «Жастар» саябағы үлкендердің де, жастардың да серуен құратын, демалатын орнына айналды. Өкініштісі сол – сол саябаққа әсемдік беріп тұрған жарық шамдарын бәзбіреулер әп сәтте қиратып кетті, және бір емес, бірнеше мәрте. Ал оны істеген өз адамдарымыз, бәлки, өз балаларымыз ғой, бұдан асқан мәдениетсіздік жоқ.

Биылғы жылы жаңа алаң жасақталуда. Ол болашақта барлық салтанатты көпшілік шаралар өткізілетін орын болмақ, қасынан балалар алаңы салынбақ. Түсінікті сөзбен айтар болсақ, ата-әжелері немерелерімен, ата-аналары балаларымен келіп, тынығып, әңгіме-дүкен құрып, қатарластарымен жүздесіп, көңілдерін жадыратар әсер алып қайтардай орынжайға айналмақ.

Ақжайық ауданы – Жұбан елінің жұртшылығы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын өзгелерге үлгі боларлықтай іс атқарып, қарсыласа, үлкен ғанибет болар еді. Ол үшін әрбір елді мекенде үлкен реттілік, тазалық, тәртіп болуы шарт, осыған өзіміз бастамашы болып, балаларымызды үйретуіміз керек. Мысалы, көшелердің біраз бөлігіне жаяу адамдар жүруге ыңғайлы болуы үшін төсемжолдар (тротуарлар) салынды. Қазір қыс айы, аракідік қар жауып, боран соғып, соларды қар басып қалады. Осының әрбір тұрғын өз үйінің тұсынан өтетін бөлігін қардан аршып қойса, қандай жақсы!

Бұған дейін аудандық газет бетінде жазылды, тағы бір еске түсірсек, артық болмас, Гагарин көшесінің бір бөлігінің тұрғындары ұйымдасып, 250-300 метрдей жердің бетон плита төсеніштерін өздері төсеп, арық тұсынан өтетін жеріне өткелге дейін реттеп шықты. Қыс бойына өз еріктерімен соны қардан аршып тұрады. Осы сияқты істі ауыл әкіміне жүктеп, қоғамдық жұмыстағылардың  мойына артудың қандай қажеттілігі бар?! Оларға да жұмыс жетерлік: иесіз алаңқайлар, аумақтар, т.с.с. толып жатыр. Ал олардың күшін үлкен алаңдарды, стадиондарды, саябақтарды, осы сияқты басқа да ортақ пайдаланатын жерлерді реттеуге пайдаланған дұрыс болар еді. Ал біз болсақ, жасыратыны жоқ, үйіміздің алдындағы қоқыс-қағаздарды сол қоғамдық жұмыста жүргендер, не тазалық сенбіліктеріне шыққан қызметкерлердің жинап жүргендерін үйімізде отырып, терезеден тамашалауды әдетке айналдырдық. Бұдан асқан сорақылық болар ма?!

Тағы бір үлкен мәселе – жаз айларында аудан орталығында бағусыз жүрген көше толы малдан құтыла алмай келеміз. Мал иелері оны бағымға қосу, қарсылап алу дегенді мүлдем ұмытты. Таңертенгілік ауласынан шығара салған олар кешкісін сиырларын сауып алып, қайтадан көшеге жібере салуды әбден әдетке айналдырып алған. Ол қайда жайылып жүр, қайдан, қандай су ішіп жүр, күл-қоқыс арасында тамақ қалдықтарын жеп жүр ме, онда шаруасы жоқ. Ал сол малдың сүті мен етін азық етіп отырған кім? Айтылып та, жазылып та жүр – көп жағдайда бағусыз, қараусыз мал канализациялық сарқынды су ішіп, алды батпаққа батып, арам өліп те жатыр! Күре жол бойында автокөліктерге соғылып, кей жағдайда адам өліміне де себепкер болуда. Жыл өткен сайын заң да, талап та күшейіп келеді. Күндердің күнінде осындай келеңсіздік үшін үлкен көлемде айыппұл төлеуге, малға соқтығысқан жеке көлік иелерінің барлық шығынын жабуға тура келетінін де естен шығармаған жөн.

Намысымызға тиіп, бетімізді қызартса да, айтайық – жұмыс бабымен талай аудандарда болып, көзімізбен көрдік: Жымпиты, Жаңақала, Шыңғырлау, Тасқала, Переметное сияқты аудан орталықтары тап-таза, көше бойы жайнап тұрған гүлзарлар, үлкен ұқыптылық, жинақылық мен мұндалап тұр. Ал бізде арық бойы арам шөп, қаптаған ошаған, жел тұрса «көше қыдырған» қағаз-қоқыс, шұбырған қаңғыбас ит, «серуендеп жүрген» төрт түлік – малдың түйеден басқасының бәрі бар!

Біз кейде қарапайым халыққа ренжиміз. Ал кейбір лауазымды тұлғалардан бастап, мекеме басшыларының өздері үйінің алдындағы арықты тазалаудың не екенін білмейді, қаптаған тікенек-ошағанның үстінен аттап өтіп, үйіне күніне бірнеше рет кіріп-шығатындарын да көріп жүрміз. Бұны жауапсыздық дейміз бе, мәдениетсіздік дейміз бе, әлде еті үйренген көрсоқырлық, қасаңдық деп баға береміз бе?!

Құрғақ сөз, жалаң ұран, жасанды іс-қимыл ешкімге де рухани тәрбие бермейді. Әрбір жеке адам өз ісімен, үлгі-өнегесімен, азаматтық-адами келбетімен өзі бастамашы болып, өзгені жетектей білуі арқылы қоғамды дамытады, ортақ жақсы іске өлшеусіз үлес қосады.

Біздің айтпағымыз – қоғамда өмір сүрген соң соның талап-тәртібіне бағыну керек. Біз, ересек адамдар, өзіміз бастап әр ісімізде, әрбір әрекетімізде, жүріс-тұрысымызда мәдениеттілік пен парасаттылық көрсетпесек, туған жеріміздің, еліміздің нағыз ұлтжанды азамат екендігімізді айқындай алмасақ, біздің балаларымыз, жастарымыз кімнен үлгі алмақ, қандай тәрбие көрмек, кімге қарап бой түземек, күндердің күнінде уақыт өте келе олар болашақ ұрпаққа қандай өнеге бермек? Осыны ойланып көрдік пе, ағайын?!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ел игілігі, халық үшін билік басындағы азаматтар тарапынан көптеген қарымды істер жасалып жатыр, соны көре білейік, бағалайық. Бой көтерген әрбір нысанды көзіміздің қарашығындай сақтайық, елдігімізді, мәдениеттілігімізді, азаматтығымызды көрсетейік, өзіміз тұрып жатқан елді мекенімізді көріктендіруге, көгалдандыруға, абаттандыруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосайық. Сәні мен салтанаты жарасқан тұрғылықты жерімізді ұрпағымыздың көз қуанышы іспетті қасиетті мекенге айналдырсақ, солардың зор алғысы мен ризашылығына ие болатынымызды естен шығармайық.

Бұл – бәріміз үшін үлкен парыз және абыройлы міндет.

Жерлестер, ауылдастар қарсы бола қоймас  -Тәуелсіздігіміздің мерейлі жылы әр ай сайын үлкенді-кішіміз қалыс қалмай, сенбілікке шығайық, елді мекеніміздің көркін келтірейік, қол жеткізген табыстарымызды жақсы да игілікті ісімізбен еселей түсіп, елдігімізді, бірлігімізді, азаматтық келбетімізді көрсетейік.

Дәулетжан ЖАҚСЫБАЕВ,

еңбек ардагері.