1.02.2021, 10:15
Қараулар: 57
Ойынмен есейеді сәби-балғын

Ойынмен есейеді сәби-балғын

Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Мектепке дейінгі шақ бала бойында адамгершіліктің негізін қалайды.Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап ізгілік, мейірімділік, сымбаттылық сезімдерін қалыптастыру — ата-аналармен тәрбиешінің міндеті.

Баланың бірінші әрекеті –ойын. Сондықтан оның бойындағы жағымды қасиеттерді дамыту барысында балабақшада ойынның атқарар рөлі өте жоғары. Әрине, бала жалғыз ойнағанды ұнатпайды, қатар құрбыларымен бірлесіп ойнайды  және ойын арқылы  бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасайды. Достарымен бірге ойнау  баланың моралъдық, эстетикалық сезімдерінің қалыптасуына әсер етеді. Ұжымдық ойындарда бала жолдастықтың, ауызбіршілікпен ұйымшылдықтың не екенін түсіне бастайды.

Ойын – баланың жансерігі іспеттес.Бала ойнап өседі.

Мысалы: рөлдерге бөлгенде балаға тиген ұнамсыз кейіпкердің сипатының өзі-ақ көп нәрсені шешеді. Сондықтан тәрбиешінің міндеті — балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын қамтамасыз ету, сонда ғана ойын өз мақсатына жетіп, тәрбиелік мәні арта түседі. Тәрбиеші ойын арқылы әр баланың игі бастамасын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбіте, өзіндік мінез құлқын қалыптастырады. Баланың әдепті, көргенді, қайырымды болып өсуі қоршаған ортасына, үлкендерге байланысты екені мәлім. Балалардың мейрбандық қасиеті отбасындағы үлкен адамдар өнегесіне, балабақшадағы тәрбиешінің олармен күнделікті қарым-қатынасы мен тәрбие жұмысын ұтымды жүргізуіне байланысы қалыптасады.

Балалардың бір-бірімен достық қарым-қатынасының дұрыс қалыптасуында мақсатты жүргізілген жүйелі ойын процесінің тәрбиелік мәні мол. Балалардың достық сезімі ойын кезінде шыңдала түседі. Сәби шағындағы алғашқы қуыршақпен ойнауы баланың қамқорлық, ізгілік сезімін оятады да, әрі қарай өрбіте түседі.

Тәрбиеші балалардың қарым-қатынасын күнделікті бақылау арқылы әр баланың мінез құлықтарының қалай қалыптаса бастағанын анықтайды. Бала бойындағы жағымды, жағымсыз қылықтарды ескере отырып, жұмыс жүргізеді. Ол  ойын ойнауға жағдай туғызумен қатар, балалардың ойынға деген белсенділігін үнемі арттырып отыруы тиіс. Топта өзара ынтымақтастық жағдайында балалардың ойынды өз қалауымен бастауы не болмаса, ойынға өз еркімен қатысуы аса маңызды. Әр ойынның сюжетін өз мәнінде өрбіту үшін, оған атрибуттар, ойыншықтар қажет. Мысалы: Қуыршақ түрлі мамандық иелерін бейнелеу үшін қолданылады. Оған дәрігер, мұғалім, аспазшы, почташы, ғарышкер, т.б. сондай-ақ, жануарларды бейнелейтін ойыншықтар да қажет.

Сюжетті-рөлдік ойынды ұйымдастырудың екі жолын қарастырып көрелік.

  1. Тәрбиеші ойынды өзі ұсынып,балаларды рөлге бөліп, ойын шартын түсіндіреді.
  2. Тәрбиеші ойынға араласпайды.

Ал енді ойынды ұйымдастырудың жолдары тиімді болмаса, балалардың ойынға деген қызығушылықтары тез басылып қалады. Неге? Бірінші жолы балалар тек орындаушылар ғана болса, ал екінші жолы ойынның сюжетін өрбіте алмайды. Осындай жағдайды болдырмау үшін тәрбиеші алдымен балалардың дүниетанымы қандай дәрежеде екенін білуі тиіс, сосын ғана баланың ақыл-ойы парасатын  кеңейте түсу қажет. Ойынды ұйымдастырғанда балаларға жетекші бола отырып, ойнай білуге, ережесін сақтауға, ойлануға бағыттай, ойынға қызықтыра отырып, зейінін, қиялын дамыту және қозғау, белсенділігін арттырса, нұр.

Балабақшаларда балаларды тәрбиелеу мен оқытуға кешенді көзқарас қалыптастыруда түрлі дамытатын ойындар, міндеттер, ойын-сауық шараларына көп мән беріледі. Оқыту мен тәрбиелеуге бағытталып ұйымдастырылатын ойындар балаларды таныс ортаға бейімдеу мақсатында жүргізіледі, оның танымдық қызметін жандандыратын дидактикалық материалдардың болуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар бүгінде  балабақшада кеңінен насихатталатын ұлттық  ойындардың да алар орны ерекше.

Толқын КАЮПОВА,

«Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі

Чапаев