8.02.2021, 9:44
Қараулар: 106
«Шерханның» ширақ тірлігі

«Шерханның» ширақ тірлігі

Қаңтар айының  дәл ортасы. Қаһарына мінбесе де, қыстың аты қыс емес пе, түнімен ұйтқыған боран қырдың жолын тегіс  тегіс бітеп тастапты. Жайықтың самар бетіндегі күре жолға қарай аршылған жолмен көнелеу машинамен біз де келеміз. Бағытымыз Есенсай ауылдық округіне қарасты, Кеңсуат  ауылы. Кең даладай етіп аршылған жол кереметтей тайғақ, жылдамдықты асырсаң,  көлігіңнің артын бұлғаңдатып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан рөлде отырған жолқосшымыз бабымен ғана айдап келе жатыр. Онысы жөн екен. Жолдың жанына тайып түсіп кеткен жеңіл көлік көрінді. Айналасы тып-тыныш, кеше болған жағыдай-ау.

Арада біраз уақыт өткен соң тәжірибесі мол шопырымыз бізді  межелі жерге жеткізді әупірімдеп. Анадайдан байыз таппай жүрген жігіт ағасын байқадық. Ертемен келеді деген бізді күтіп жүр-ай тағатсызданып. Расында да, аман-саулық сұрасқан соң, сонау Чапайдан бұрқасынға қарамай жолға шыққан сапарымыздың кейіпкері дәл осы адам екен.

Ер жасы елуден енді асқан Бауыржан Еркінов мал жайлау, жем шөбін қамдау тірлігімен жүр екен. Біз барған уақыт кешкі 17  30 дың шамасы. Малдың қыстағы да ауылдан көп алыста емес, қоралар сапалы салынған, төрт түлігінің жайын қамдаған шаруа ауласын кең қоршаумен шегендепті. Шөбін отап, күйісін қайырған ірі қараның саны біраз. Шаруадан бір сәт қол үзбей, еңбекке бізбен әңгімеге кірісті.

Бауыржан Еркінов – осы Кеңсуат ауылының тумасы. Әкесі көп  жылдар осында механизатор болып, зейнетке шыққан еңбек адамы екен. Кіндігінен тараған 3 ұл, 1 қызын бала кезінен еңбектің қазанында қайнатқан да осы асқар тау  әке болатын. Үйде уақ жандық пен аздаған ірі қара ұстап, олардың қамын өзі жұмыста жүргенде тетелес өскен балаларына тапсыратын. Артынан қорадағы жұмысты жайғастырып қойғанын көріп, көңілі марқаятын еді.

«Ата-анамның бізге берген тәрбиесі зая кетпеді. Еңбектің арқасында келген нанның дәмін сезіндік. Әрқайсымыз өмірден өз орнымызды тауып, тірлігімізді ширатуға барымызды салып келеміз. «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті» деген қанатты сөзді де әкеміз біздің санамызға мықтап құйды» дейді Бауыржан аға.

Ардақты әкенің жасы бүгінде 73-ке таяған, бүгінде  сол ауылда тұрып жатыр, балаларына  ақыл айтып, жол сілтеп келеді. Өкінішке қарай, Кеңсуатта  көп жылдар дәрігер қызметін атқарған аналары 2012 жылы өмірден өтіпті.

Бауыржан мектеп бітіргесін бір жылдан соң Кеңес Армиясы қатарында Венгрияда әскери борышын өтеп келеді. Оралғасын бірер жыл ауыл мектебінде ұстаздық етеді. Одан соң Орал қаласындағы мұғалімдер даярлайтын училишеге бастауыш сынып ұстазы мамандығы бойынша оқуға түсіп, екі жылдан соң аяқтап шығады. Осы ұстаздық тәлімін меңгеріп жүрген жылдары сырымдық ару Лунарамен шаңырақ көтереді. Педагогикалық қызметі абыройсыз болған жоқ, «ұстазым» дейтін шәкірттері әр салада жүр. Заманның ағымына ілескен ол кәсіпкерлікке 2013 жылы бет бұрыпты. Жер иеленіп, қорадағы азын-аулақ малын қырға айдап келеді. Бастаған істің қайырын көру үшін қаржы құю керек. Қарапайым мұғалім болған Бауыржанда қаражат қайдан бола қойсын, мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінуді ойластырады. Осылайша «Сыбаға» бағдарламасымен несие рәсімдеп, 7 млн теңгеге 43 бас ірі қара сатып алып баға бастайды. Айналасы 7 жылдың ішінде Ойсыл қара түлігін 145-ке жеткізген ол жылқы өсіруге де ден қойыпты. Жал-құйрықтылардың елуі далада тебінде жүр.

«Шаруашылыққа ұлымның есімін беріп, «Шерхан» деп атадым. Балам жастайынан еңбекке араласып, малды өсірудің қыр-сырын меңгерсін деген ойым да болды. Себебі әкеден көрген тәлімім ұлыма да жалғасқанын қаладым. Осы ойым жүзеге асты. Қозы-лақ, құлын, бұзау бағып өскен Шерханым бүгінде өзіме қолғанат. Шағын шаруашылығымызда механизатор боп, тірлігімізді өрістетуге еңбек етіп жүр», – деп мақтанды қожалық иесі. Иа, мақтануы да дұрыс. Ұрпақ сабақтастығы деп осыны айтады емес пе?!

Мал өсіріп,оны баптаған шаруаның ең алдымен қамдайтыны оның жем-шөбі екені белгілі. Сондықтан  2015 жылы лизингке шөп дайындайтын трактор мен шалғысына дейін алады. Жыл сайын мал азығын осы техниканың көмегімен өздері дайындап алады екен. Ал жемді Орал қаласынан алады. Биылғы қуаңшылық бұл қожалықтың шаруаларын Теректі ауданындағы Подстепное ауылына техникаларымен бірге «көшіп» баруға мәжбүрлеген көрінеді. Ұлы трактор тізгіндесе, шаруашылықтағы жиені шөп маялап, бумалайды екен. Алыс жерден тасымалдау көбіне өз мойнында. Былтырғыдан қалған 500 орама шөп пен биылғы тынбас еңбектің арқасында қораға тағы 500 орама үйілді. «Қыстың райы жұмсақ, жер аяғы кеңігенше жетуі тиіс» дейді малшы.

Ал жазда еңбеккер ірі қараларын ауылдан 20 шақырым жердегі «Мұқат» деп аталатын қырлық жерде жаяды. Малдың суын әбден ойластырған ол жайылым басына бір емес үш құдық соқтырыпты. Ал осы біз келген қыстақта да бір құдық матормен жұмыс жасап тұр. Бірақ соңғы кезде су тапшылығы  жер асты суларына да әсер еткен сыңайлы,  тез сарқылып қалады. «Біздің жаз мал жаятын жайладың іргесінен «Азнабай-Тайпақ» су арнасы өтеді. Кеуіп жатқан арнаға қарап, кемеріне дейін толған күндерді сағынышпен еске аламын. Ал осы арнаға жан бітіру үшін күш біріктіре жұмыстануды қажет етілетіні белгілі. Кезінде толып ағып жататын арнаның қайта оралуы біздің жұмысымызға үлкен көмек қой, осы іс қолға алынады деген әңгімені құлағымыз шалып жүр. Әсте бастаған іс нәтижелі болса деген ой. Жалғыз мен ғана емес, қырдағы малшы ағайын үшін «ақ түйенің қарыны жарылар еді ау», – дейді әңгіме арасында.

«Кең болсаң, кем болмайсың» деген, өзіндегіні көппен бөлісуді жөн көретін ол ауылында көгілдір отын өткізілмеген үйлерге қыс айларында техникамен көмектесіп, отын түсіріп береді. Ал ауылдың дәл ортасында  азық түлік дүкені тұр. Оның иесі – Бауыржанның жан жары, 3 қыз бен 1 ұлдың анасы Лунара. Дүкеннің сөрелеріндегі тауарларды қаладан тасып әкеліп, толтырып қоятын да осы Бауыржан. Осы жерде айта кетсек, Бәукеңнің бір інісі Подстепное ауылында дүкен ашқан ірі кәсіпкер екен. Бәрі асқар тау әкенің еңбекке тәрбиелеп, өмірде тек өзінің ғана күшіне сену керектігін санаға сіңіргенінің арқасы деп айтсақ болар. Әкесіне қолғабыс болған Шерхан турасында жоғарыда айтып кетсек, 3 қызының екеуі теңін тапқан, жанұялы, біреуі студент.

Міне, шаруашылықтың ширақ тірлігінен қысқаша баяндасақ, осы. Алдағы күндеріне сәттілік тілеп, мал басы көбейіп, ырыздықтары арта берсін деген тілекпен қол алысып көлігімізге беттедік.

Ә.САҒЫНТАЙҰЛЫ.