8.02.2021, 9:46
Қараулар: 41
«IQanat» — білімнің шексіз мүмкіндігі

«IQanat» — білімнің шексіз мүмкіндігі

«IQanat» републикалық олимпиадасы 2019 жылдан  бері ауыл мектептерінің оқушылары арасында өткізілуде. Бұл жобаның басты мақсаты – қабілетті оқушыларды анықтау және қолдау, шығармашылық, танымдық, зияткерлік бастамаларын жандандыру, оқушылардың білімге қызығушылығын арттыру, сөйтіп, ауыл мектебінің түлектеріне білім гранттарын жеңіп алып, еліміздің және шетелдің іргелі оқу орындарында жол ашуды көздейді.  Сонымен қатар бағдарламаға Қазақстан аймақтары бойынша іріктеу кезеңдері, сондай-ақ еліміздің және шетел бастаушы жоғарғы оқу орындарына грант және стипендиямен түсулеріне қолдау көрсету кіреді.

Осы ретте биылғы 2020-2021 оқу жылынан бастап ауданымыздың «IQanat-2019» жеңімпаздары Абай атындағы мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы Тимур Теміржан, М.Әуезов атындағы ОМ-тің  11 сынып оқушысы Райхан Бақонова, «IQanat-2020» жеңімпазы Абай атындағы мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Есенаман Жалмұханов сынды жас жеткіншектер  Бурабайда былтыр ашылған IQanat High School of Burabay мектебінде білімдерін шыңдап, оқуын жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұл оқу орны халықаралық талаптарға сай салынған, мұнда әлемнің үздік педагогикалық тәжірибелерінің негізінде білім беріледі. Барлығы бұл мектепте еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдардан 184 дарында бала білім алуда. Олар Тұңғыш Президент қоры мен қазақстандық бизнесмендердің қаржылау қолдауының арқасында тегін оқытылады.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА