8.02.2021, 9:50
Қараулар: 67
Бағыт бастамашылдыққа үндейді

Бағыт бастамашылдыққа үндейді

Өткен жыл бәріміз үшін үлкен сынаққа толы болды. Коронавирустық пандемия құндылықтарымызды, басымдықтарды өзгертіп, көптеген сұрақтарға басқаша қарауға мәжбүр етіп, басты құндылық адамның өмірі мен денсаулығы екенін дәлелдеді.

Осы сын-қатерлерге қарамастан, «Nur Otan» партиясы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін, қызмет жасап тұрған жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін бар күшін салады. Партия мүшелерін де біріктіретін осы мақсат.

Бүгінде ел тұрғындары «Nur Otan»партиясынан нақты мәселелерді шешуді және бастамаларды ілгерілетуді күтеді. Сондықтан аудан көлемінде шешуі уақыт күттірмейтін бірнеше мәселелерді партияның сайлауалды бағдарламасына енгіздік. Праймериз және сайлауалды үгіт-насихат науқанында ауыл-елді мекендерді аралағанда түскен тұрғындардың ұсыныс-тілектері болашақтағы жұмыс жоспарымыздан маңызды бағдарына айналды.

«Nur Otan» партиясының міндет-мақсаттарының бірі – тұрақты экономикалық даму және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру. Біздің ауданда мал шаруашылығы кең өріс алғандықтан, осы бағытта көздеген межелеріміз бар. Мысалы, мал шаруашылығын дамыту,  соның ішінде асыл тұқымды ірі қара мал басын 70%-ға (10 мыңнан 17 мың басқа дейін) ұлғайту көзделді. Малды ағайында мазалайтын мәселе – су тапшылығы. Осы күрмеулі мәселені шешу мақсатында алдағы жылдары Аяқ; Ащы-Азнабай-Тайпақ, Бударин, Первомай, Карачин каналдарында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды.

Нарықтық қатынастарды дамыту  өңірге құйылған инвестициялардың көлеміне байланысты. Осыған сай ірі инвесторлар есебінен ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салаларындағы 22 инвестициялық жоба іске қосу да межеленді. Бұл сәйкесінше жаңа жұмыс орындарының ашылуына негіз боп, жұмыссыздық деңгейін азайтуға ықпал етері сөзсіз.

Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту және өмір сүру деңгейін жақсартуда шағын және орта бизнес секторы маңызды рөл атқарады. Сондықтан жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие мен грант алатын тұрғындардың санын арттырып, кәсіпкерлік негіздеріне оқытуда қолдау көрсетіледі. Осыған дейін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының барлық құралдары арқылы 63 млн.теңге көлемінде 39 кәсіпкерге несие берілсе, 247 субъекті субсидия және жеңілдетілген несие түрінде мемлекеттік қолдау алды. Көріп отырғаныңыздай, бизнесті несиелендіру көлемі жылдан –жылға  өсіп келеді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да назардан тыс қалмайды.

«Nur Otan» партиясы ауыл азаматтарының өмір сүру сапасын жан-жақты арттыруды қолдайды. Бұл бағытта «Ауыл – ел бесігі», «Құттымекен» жобаларын іске асыру және әр ауылда интернет жылдамдығын арттыруға пәрмен беріледі. Аудандық маңызы бар жолдардың жөнделуі, ауыл тұрғындарын таза ауыз су, техникалық сумен қамтамасыз ету, баспанамен қамту сынды мәселелер күн тәртібінен түспек емес. Айталық, 2021-2025 жылдары Чапаев және Тайпақ ауылдарында 6 көп пәтерлі тұрғын үй, 6 елді мекенде бір қабатты 2 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілмек. Осындай қам-қарекеттің нәтижесінде 350-ден астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – әманда өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші. Сол себепті білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада сапалы қызметтерге қол жеткізе отырып, аудан тұрғындарының өмір сүру жағдайын арттыруға күш салынады. Нақтылап айтсақ, 2025 жылға дейін Базартөбе ауылында дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, Қабыл, Бітік, Тінәлі, Жайық, Самал ауылдарындағы медициналық пункттеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жоғары білікті медицина қызметкерлерін тартуға бар күшімізді саламыз. Сонымен қатар жөндеуді қажет ететін мектептерді жаңғыртып, Атамекен ауылындағы Махамбет Өтемісов атындағы мектеп ғимаратын жаңадан салу көзделді.

Бұл тек атқарылар жұмыстардың бір парасы ғана. Партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген барлық ауқымды жұмыстар, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың ауданымыздың 5 жылдық дамыту бағдарламасының басым бағыттарының қатарынан табылғаны – олардың кезек күттірмей орындалатындығының кепілі.

Көріп отырғаныңыздай, біздің аудандық филиал еліміздің жер-жеріндегідей, партиялық жобалар аясында ұйымдастырған сан алуан іс-шаралардың басым көпшілігін халықтың жағдайын жақсартумен үндестіріп отыр. Осыған әрқайсымыз үлес қосып, бүгінімізді бекем, болашағымызды кемел қылуға еселі еңбек етуге тиіспіз.

Айжан Нысанбаева,

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары