8.02.2021, 9:54
Қараулар: 42
Парыз бен мақсат

Парыз бен мақсат

Дүйім халықтың сеніміне ие болған «Nur Otan» партиясы көпшілікпен тығы байланыс орнатып, әр қадамын елдің көкейіндегі мәселелерді шешуге бағыттауда. Оның жарқын мысалын партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген жұмыстарды орындауға қазірден бастап кіріскендіктерін баяндаған әлеуметтік желідегі көлемді мақаласынан-ақ көруге болады.

Партия осы сайлаудың қорытындысында мәслихаттар мен Мәжілісте депутаттық мандаттың 80%-ға жуығын иеленді. Ал бұл дегеніңіз – халықтың үлкен сенімі, партияға артылған зор жауапкершілік.

Мен осыған дейін де бірнеше мәрте елдің қалауымен депутат болып, ауыл-аймақта игі істердің өркен жаюына қолымнан келгенше үлесімді қостым. VІ шақырылымда Ақжайық аудандық мәслихатының құрамында 13 депутат болсақ, алғашқы күннен бастап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып белсенді қызмет атқардық. Мұны әрбір депутаттың белсенділігіне сай атқарылған жұмыстардан айқын көруге болатын еді. Мәслихат сессияларында аудан әкімінің есебі тыңдалып, әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзімді жоспары бекітіліп, ауданымыздың жылдық бюджеті қабылданып, сонымен қатар әлеуметтік, салық, тұрғын үй көмегі, жер мәселелері талқыланып, қажетті шешімдер қабылданып, олардың орындалуы тұрақты түрде бақылауға алынып отырды.

Аталған мерзім ішінде білім беру, құрылыс саласын, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту сияқты өзекті мәселелермен қатар аймақтарды дамытуға арналған бағдарламалардың орындалу барысы қатаң қадағалауда болды. «Nur Otan»  партиясының депутаттары халықтың қалауымен сайланғандықтан, оның қоғамдық негізде атқарылатын жұмыс екендігіне қарамастан ауыл-елдің берекесін арттыруға барын салды.

Депутаттық қызметімде халықпен байланыс бір сәтке де үзілген жоқ. Әрдайым көпшілік жиындарда көтерілген мәселелердің шешімін табуын назардан тыс қалдырмауға тырыстым. Айталық, білім мен денсаулық сақтау, елді мекендерді ауыз сумен, табиғи газбен қамтамасыз ету, интернет байланысын орнату жұмыстарымен қатар, билік тарапына айтылған ұсыныстардың орындалғанына қатысты халық ризашылық пікірлерін білдіріп жатты. Атап айтсақ, табиғи газбен 100% қамтылуы, ауыз су мәселесі де біртіндеп шешімін тауып жатқаны үлкен жетістік.

VІ шақырылымдағы мәслихат депутаты ретінде жасаған мерзімде 78 азаматты қабылдап, олардың мәселелеріне қатысты депутаттық сауалдар жолдап, 28 ұсыныс-пікірмен жұмыстаныппын. Облыстық, аудандық басылымдарда жарық көрген өзекті мақалаларым да нәтижесіз қалған жоқ.

Енді, міне, VІІ шақырылымда депутат ретінде сайландым. Осыған дейінгі еңбегімді бағалаған жерлестердің сенімі деп білемін. Сондықтан сайлауалды насихат барысында тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-тілектерін бағдарладым. Олардың басым бөлігі партияның аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасына кіргізілді.

Ел үшін қызмет етудің абыройы мен мәртебесінен гөрі  мен үшін жауапкершілігі пен міндеті басым.  Болашақтан әрбір ата-ана, әр азамат тек қана жақсылық күтеді. Елдің амандығын, заманның тыныштығын ойлайды. Мемлекетіміздің келешегі жарқын, ешқандай қауіп – қатер төнбесін деп тілейді. Ұрпақтары қиындық көрмесін, тыныштықта өмір сүрсін деген арман-тілегі. Сондықтан біздер де осы бағытта жұмыстанып, «Nur Otan» партиясының ұсынған бағдарламаларын жүзеге асыруға бар күшімізді салуымыз қажет. Аудандық мәслихат бекіткен бағдарламалар шеңберінде болашақта да аудан халқының тұрмыс-тіршілігі өрге басатынына сенімдіміз.

Самал ДОШАНОВА,

мәслихат депутаты

АЛМАЛЫ