8.02.2021, 9:55
Қараулар: 33
Ел алдындағы есеп

Ел алдындағы есеп

(Жалғасы, басы газеттің өткен санында)

Қурайлысай

Өткен жылдың қорытындысымен округте ірі қара 5194,  қой мен ешкі 8042, жылқы 1226  басты құраған.  Есепті кезеңге дейінгі жылмен салыстырғанда өсім байқалады.  Соңғы жылдары округте бруцеллез кеселі тіркелмегенімен, былтыр иеліктегі 27 бас ірі қара осы ауруға шалдығып, дер кезінде жойылды.

2020 жылы 12 азамат грант ұтып алып өздерінің жеке кәсіптерін ашты. Оның ішінде қой шаруашылығы, ет өнімдерін өңдеу, құс өсіру, тігін цехы бар.

Жұмыссыз ретінде тіркелген 158 азамат болса,  кезек бойынша олардың 80-і ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Есепті мерзімде 11 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша тәжірибеден өтті.   «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген 1 жас маман тиісті жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алды.

Округте былтыр жерлесіміз, ақиық ақын Ж.Молдағалиевтың 100 жылдығына орай кең көлемді шаралар ұйымдастырылды. Осы той қарсаңында Құрайлысай кітапханасы комьюнити орталық ретінде қайта жабдықталса, Сайқұдық ауылындағы кітапхана заманауи үлгімен жабдықталып, алдына «Ақындар аллеясы» саябағы орнатылды

Ж.Молдағалиев ауылына кіре берістегі 2018 жылы құрылысы басталған 500 метрлік, Сайқұдық ауылына да кіре берістегі 800 метрлік жолдар биіктетілді, бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.

Былтыр Ж.Молдағалиев ауылының тұсына мектеп түлектерінің қаржылай қолдауымен таным белгілері орнатылып, мектепке парта, спорттық тренажерлер тарту етілді. Байырғы жерлестердің құрған қорынан қаражат бөлініп, Қурайлысай Мәдениет үйінің ауласындағы электр сымдары жаңартылды.

Мерген

Есепті кезеңде 8 шаруа қожалық 25 млн. 544 мың теңге көлемінде инвестиция тартып,  2 шаруа қожалық («Мағзом»,«Мұрат») лизинг арқылы, 2 шаруа қожалық («Халел-Есенгелді», «Дөңгелек») өз қаражаттарына ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

2020 жылы ірі қара мал басын тұқымдық түрлендіру бағдарламасы бойынша 14 шаруа қожалығы 46 бас бұқа сатып алды. Сәйкесінше 56 млн. 872 мың теңге көлемінде мемлекеттік демеуқаржыға ие болды. Әлеуметтік серіктестік арқылы жұмысқа орналастыру бұл округте жолға қойылған. Шаруа қожалықтарына 13 адам қызметке орналасты.

Жыл басынан түрлі қайырымдылық шараларының аясында жергілікті кәсіпкерлер мен жекелеген азаматтар қолдауға мұқтаж тұрғындарға 641 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек ұсынды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балабақшадағы 30, интернаттағы 15 балаға кәсіпкер Елдос Қоспаевтың демеушілігімен және ауылдағы мектеп жасына дейінгі 65 балаға «Әсем» ШҚ жетекшісі Нух Қайров, «Халел-Есенгілді» ШҚ жетекшісі Халел Есенғазиев және «Жұмық» ШҚ жетекшісі Асылбек Оразғалиевтердің демеушілігімен жаңа жылдық сыйлықтар тарту етілген.

Ауылдағы өзект мәселелерге тоқталсақ: Мерген, Мойылды ауылдарының кірме жолдарын жөндеу, Мерген Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, Мойылды, Жолап ауылдарына таза ауыз су жүргізу, Мерген ауылына сапалы интернет желісін қосу мәселелері есепті жиында көтерілді.

Сарытоғай

Бірдейлендіру жұмыстарының нәтижесінде 800 бас мүйізді ірі қара, 2000 бас қой-ешкі, 132 бас құлын, 2 бас түйе дерекқорға енгізілді. Мал басын асылдандыру мақсатында  1 шаруа қожалығы 28 бас ақбас қашарларын, 1 бас ангус аталығын сатып алды. Есепті кезеңде мал басының тұқымдық сапасын арттыру, селекциялық асылдандыру мақсатында  7 шаруа қожалығы 11 бас асыл тұқымды аталық сатып алды. Өткен жылдың қорытындысымен округке 71.400 мың теңге инвестиция тартты.Былтыр мұнда конкурстық негізде 4 азамат жер телімдерін алып, шаруа қожалығын ашу бағытында жұмыстарын бастады.

Округ бойынша 2  жеке кәсіпкер  мен 10 шаруа қожалығы өз қарамағындағы 16 жұмысшымен электронды еңбек келісім шартын  жасап, ресми түрде тіркеді.

Былтыр Сарман ауылындағы тұрғындарының көптен бергі тілегі орындалып, осы ауылға көгілдір отын жеткізілді. Әлеуметтік нысандар және 24 тұрғын үй газға қосылды.

Ауылдық округі әкімшілігі ғимаратында «Өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышы ашылып, тұрғындарға «Е-Gov»порталынан 129 қызмет  көрсетілді.

Тайпақ

Округ бойынша былтыр бірдейлендіру базасына 11000 қой-ешкі, 1400 мүйізді ірі қара, 517 жылқы енгізіліп, таңбаланды. 7860 бас мүйізді ірі қара, 19260 бас қой-ешкісі бруцеллез ауруына тексеріліп, кесел анықталған  28 бас  мүйізді ірі қара, 202 бас қой-ешкі арнайы сою орындарына уақтылы тапсырылды.

Өткен жылда 701 тонна  ет өндірілген, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 6 пайызға жоғары.

Қазіргі уақытта 27 қыстақтың 23-інде желмен және күн сәулесімен жұмыс істейтін электр  энергиясы құрылғылары орнатылған, қалған төртеуі электр желісіне қосылған.

2020 жылы 5  иелік бөлінген инвестициялық субсидияны пайдаланып, су скважинасын бұрғылау нәтижесінде Сүйірқұмақ, Купка, Шошақ және Малақай қыстақтарындағы малды ағайын судан тапшылық көрмеді.

Шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламалары бойынша 32,2 млн теңге көлемінде шағын несие алды.

Өткен жылы  мекемелер мен барлық меншік түріндегі кәсіпорындарда  187  жаңа жұмыс орны ашылса, соның ішінде кәсіпкерлік саласында 18 адам жаңадан тіркелді. 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 20 пайызға артты.

Есепті кезеңде Тайпақ ауылында 5, Шабдаржап ауылында  2, Томпақ ауылында 1 жеке баспана салынып, 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 362 пайызға артты.

Тайпақ ауылының Махамбет, Тыныс Жұмалиев, Әбдір Кашкенов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы төселіп, Достық және Хан тәңірі көшелеріне   2 аялдама орнатылды.

Қашанда ауызбіршілігімен танылған ел азаматтары да өткен жылы ауылдың ажарын келістірер істерге ұйытқы болды. Айталық, «Атырау-Орал» күре жолы бойында «Тайпақ қарбыздары» сауда орны ашылса,  Томпақ ауылы тұрғындары мен осы ауылдың түлектері туған мекенінде ҰОС және тыл ардагерлеріне арналған ескерткіш тақта орнатып, спорт және ойын алаңының құрылысына себепкер болды.

Чапаев

Жылдағыдай, округте абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, ауылдың кескін-келбетін жақсартуға пәрмен берілді. «Нұр Ғасыр» ЖШС-і жылдар бойы қордаланған күл-қоқыс үйінділері мен Панфилов көшесіндегі бұрынғы жатақхана орыны тазартылып, полигонға шығарылды. Сонымен қатар ауыл шетінде орналасқан бұрынғы асфальт зауытының орынындағы шұңқыр бітеліп, жан-жағы темір тормен қоршалды.  «Даңқ» саябағындағы постаменттер қайта жаңартылды.

Көпқабатты үйлердің айналасын абаттандыру мақсатында Қонаев көшесіндегі 5-қабатты көппәтерлі тұрғын үй, Республика көшесінің кіре беріс бойында орналасқан 4 қызметтік пәтерлердің артқы жақтары қоршалды.

Көше жарықтарын реттеу мақсатында Чапаев ауылының Республика көшесіне 96 энергия үнемдегіш шам, жаяу жүргіншілер жолының бойымен 40 шам және Қонаев көшесіне 55, оған қоса жаяу жүргіншілер жолын жарықтандырғыш 25 шам орнатылды. Сонымен қатар тозығы жетуіне байланысты Есенжанов, Исаев, Қазақстан, Қонаев секілді ұзын көшелердің лампалары ауыстырылды.

Чапаев ауылындағы құрылыс саласында да бірқатар ілгерілеу байқалады. Атап айтқанда, аудан орталығында «Жұбан орталығы»  бой көтерсе, Абай атындағы мектеп-гимназия құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жұбан орталығы ғимараты орналасқан саябақта да абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жыл басында аз қамтылған, көпбалалы және әр түрлі санаттағы кезекте тұрған 24 отбасыға 3 қабатты тұрғын үйден  пәтерлердің кілті табысталды.

Чапаев ауылының Қазақстан және Исаев көшелерінің қиылысындағы автокөлік тұрағының жанынан «Береке» жабық базары ашылып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге жағдай жасалды.

Жайық ауылына ұзындығы 3,2 шақырым асфальт төселген жол салынды.

Өткен жылы Ихсанов, Сейфуллин, Қонаев, Әйтиев және Меңдалиев көшелеріне 2,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселді.

Қатты тұрмыстық қалдықтар алаңы сенімгерлік басқаруға беріліп, «Шыңғыс» жеке кәсіпкерлігі жұмысын бастады.

Чапаев ауылында ауыз су алушы абоненттер санының күрт көбеюіне байланысты, ауыз су тапшылығының орын алғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Осы мәселені шешу мақсатында «Жайықтехсервис» мекемесі су мұнараларының ұңғымаларын тазартып, тағы да қосымша екі су мұнарасына ұңғыма қазылды.

Жинақтаған Әсел САҒЫН