8.02.2021, 9:56
Қараулар: 45
#STOPCOVID19

#STOPCOVID19

1 ақпаннан бастап Қазақстанда Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталды. 15 ақпаннан бастап вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. Ал 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде.

Вакцинация препараттың келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет мамандары егіледі. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтары, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет мамандары вакцинацияланады. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады. Бұдан басқа, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.

Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.

Вакцинация жүргізер алдында дене температурасы өлшенеді, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, өзге де  шаралар жасалады. Егер температура 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады.

Ресейлік Спутник V вакцинасы бойынша қарсы көрсетілімдер: ауыр аллергиялық реакциялар, жүктілік және бала емізу кезеңдері, 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарттар. Бауыр мен бүйректің созылмалы ауруы барларға, қант диабеті сынды эндокриндік жүйенің айқын бұзылысы байқалғандарға; қан түзілу жүйесінің ауыр сырқаттарында, эпилепсия, инсульт және орталық жүйке жүйесінің басқа ауруларында, жүрек-қантамыр жүйесі дерттерінде, бастапқы және қайталама иммун тапшылығы мен аутоиммунды, сондай-ақ, демікпе және созылмалы обструктивті өкпе ауруларында; диабетпен және метаболикалық синдром, атопия мен экзема аллергиялық реакциялары, сондай-ақ қатерлі ісік, қатерлі қан аурулары бар науқастарға вакцина саларда ағза жағдайын жекелей қарастыру керек. Яғни, бұл жағдайларда екпе салдыруға мүлдем тиым салынбайды, тек вакциналау кезінде әр науқастың жағдайына байланысты дербес тағайындалуы тиіс.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы егу тегін жүргізіледі. Үкімет резервінен тиісті қаражат бөлінеді. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарына сәйкес, COVID-пен ауырып сауыққаннан кейін вакцинация 6 айдан ерте жүргізілмеуі қажет. Коронавируспен ауырған адамның антиденелер титрі жоғары болса және ұзақ уақыт сақталса, вакцина салудың қажеті жоқ. Ал егер антидене титрі уақыт өте келе төмендесе немесе төртінші, алтыншы айда нөлге дейін түссе, онда иммундау мәселесі туындауы мүмкін.

***

Қазақстанда вакцинацияға арналған электрон паспорт енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі ол не үшін енгізілгенін және қазақстандықтар вакцинацияға арналған электрон паспортсыз шетелге шыға алу-алмауын түсіндірді, — деп хабарлайды ресми ақпарат көздерінде.

Денсаулық сақтау министрлігі жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация 1 ақпанда басталғанын айтты. Ол үшін электронды есеп жүргізу жоспарланып жатыр, яғни вакцинацияның электрон паспорттары енгізілмек.

«Вакцинацияға арналған электрон паспорт – профилактикалық екпе салынғаны туралы құжат. Ол жерде адам қандай препарат қабылдағаны, қандай мөлшерде және қай күні, сонымен қатар, екпеден кейін пайда болған қандай да бір белгі шыққаны туралы ақпарат тұрады. Адам коронавирус инфекциясына қарсы екпе алғаннан кейін ол туралы ақпарат жақын уақытта eGov mobile қосымшасында шығады. Екпе алған адам туралы ақпарат және екінші вакцинаны қашан салдыруы керек туралы ақпарат болады», — дейді Нұршай Әзімбаева.

Сонымен қатар, ДСМ өкілі Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе салдырмағандарға қандай да бір шектеу енгізіле ме, әлде жоқ па деген сұраққа жауап берді. «Бәлкім болашақта кей елдер профилактикалық екпе алмаған адамдарға шектеу енгізуі мүмкін. Бұл болашақтағы әңгіме. Бірақ бүгінде біздің елде екпе салдырмағандарға қандай да бір шектеу енгізу жоспарланып жатқан жоқ», — деді Әзімбаева.

Оның айтуынша, электрон паспорт үшін қосымша қаражат бөлінбеген, себебі жүйе қолданыстағы базаға енгізілмек. Вакцина салатын медицина қызметкерлері алдын ала дайындықтан өтті. Оларды оқыту курстары 22 қаңтарда басталды.

***

Қазақстанда COVID-19 вакцинациясынан бас тартуға болмайды деген ақпарат жалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазнет қолданушылары Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау міндетті болатыны туралы жаңалықты талқылап жатыр. Олар 2020 жылғы 24 қыркүйектегі «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қарсы міндетті профилактикалық егулер жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық егілуге жататын топтарын бекіту туралы» қаулыға өзгерістер енгізу туралы» қаулыға сүйенеді. Шын мәнінде қаулыда бас тартуға болмайтын мәжбүрлі вакцинация туралы айтылмаған.

– Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі, яғни азаматтар екпе алуға өз еркімен келісім беруі тиіс, – деп түсіндірді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі. Бұдан басқа, 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте бұрынғыдай ҚР кез келген азаматының «Емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға» құқығы бар нормалар сақталған. 16 жастағы және одан асқан балалардың профилактикалық және консультациялық-диагностикалық көмек алудан хабардар түрде бас тартуға құқығы бар.

Ақпарат ашық дереккөздерден алынды