8.02.2021, 9:57
Қараулар: 37
Басты қару — сақтық

Басты қару — сақтық

Көзге көрінбейтін жаумен күресте басты қару санитарлық талаптарды бұлжытпай орындау екендігіне көпшіліктің көзі анық жетті. Әрқайсымыз үшін өзіміздің, айналамыздағылардың қауіпсіздігі әрдайым бірінші кезекте. Сондықтан індетке тойтарыс беру мақсатында қолға алынған шектеу шаралары – сіз бен біздің саулығымыздың қамы.

Ал сақтық шараларын қадағалау міндеті барлық жердегідей біздің округте де мониторинг топтарына жүктелген. Топтың негізгі мақсаты – короновирус инфекциясының таралуының алдын алу шараларын халық арасында насихаттау, түсінік жұмыстарын жүргізу.

Бүгінгі таңда жаман індет қайта қарқын алып, өршіп келеді, сол себепті мониторинг топ мүшелері апта сайын азық түлік дүкендерін, білім беру мекемелерін аралап, үнемі бақылау жүргізіп тұрады. Дүкен иелері барлық сақтық шараларын мұқият қадағалауда, карантин талаптарын өрескел бұзу көрсеткіштері  округ бойынша тіркелген жоқ. Дүкендер мен білім беру мекемелерінде санитарлық, тазалық жұмыстары жүргізілген, оқушылардың барлығы да қауіпсіздік талаптарына сай сабақтарға қатысуда.

Індет тықсырған қазіргідей қиын уақытта бірлігімізді танытып, өз денсаулығымыз бен бала-шаға, жақын туыстарымыздың амандығын қаперден шығармауымыз керек. Ел болып біріксек, бұл кесапаттан да аман-есен шығамыз. Тек бастысы – сақтық қажет, сол арқылы ғана қоғамды жаман індеттен құтқаруға үлес қосатынымызға сенімім мол.

Қайыржан АЖҒАЛИЕВ,

ІЛБІШІН