8.02.2021, 9:59
Қараулар: 48
Шектеуден нәтиже шығаратын кез келді

Шектеуден нәтиже шығаратын кез келді

Облыс коронавирус індетінің таралуы бойынша қызыл аймақта. Ауданда да жағдай мәз емес. Аудан орталығы мен бірқатар ауылдарда ахуал ушығып тұр. Пандемияның таралуының алдын алу үшін шектеу шаралары енгізілді. Нәтиже қандай? Осы жөнінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаев баяндайды.

Наурыз айында жарияланған төтенше жағдай кезеңінен бері енгізілген шектеу шаралары жұқпаның таралу қарқынына байланысты бірде қатаңдатылып, бірде жеңілдетілді. Қазір Чапаев ауылында карантин күшейтілді. Десе де, аталмыш кесапатты жұқтырғандар қатары әлі де сиремей тұр. Айталық,  өткен жылы аудан бойынша  коронавирустық инфекция ауруына 384 адам шалдықса, өкінішке қарай 12 адам қайтыс болды. Биыл тек  қантар айының өзінде 105 адам науқастанып, 5-еуі қатерлі аурудың құрбанына айналды.

Көріп отырғанымыздай, ауру айналамыздағыларға жұғып, таныстарымыздың өмірін жалмап жатса да, шектеуге шекелерінен қарайтын бейқам жандар арамызда бар. Мониторингтік топ құрылып, мұндай тұрғындарға қаншалықты шара қолданса да, тәртіпті бұзғандарға әлі де сабақ болмай тұр. Төтенше жағдай жарияланғаннан бері шектеу шараларын бұзғаны үшін мониторинг топтарынан түскен 18 іс бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 1 305 660 тенге, аудандық полиция бөлімінен  түскен 62 іс бойынша  әкімшілік хаттама толтырылып, 2 708 550 тенге көлемінде айыппұл салынды.

Бүгінде қалыптасқан жағдайға байланысты  коронавирустық инфекция ауруының алдын алу  жөніндегі  одан арғы шаралар туралы қаулыларының орындалуын бақылау күшейтілуде.

Қантар айында рейдтік тексерістер  барысында Ақжайық аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасына түскен құжаттар бойынша БҚО елді мекендерінің аумағы тұрғындарының қозғалысын 00:00-ден  6:00-ге дейін шектеу шараларын бұзғаны үшін 5 жеке тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсына 43 755тенге айыппұл салынды.

Сауда орындарында келушілерді маскасыз жіберу  және қызметкерлердің жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбағаны үшін 3 жеке тұлға  әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлесе, қантар айында 8 осындай хаттама толтырылып,  350 040тенге көлемінде айыппұл салынды.

Бір қуантарлығы, тығылып той-томалақ өткізу деректері азайып келеді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген, мұның бәрі уақытша. Басты мақсат — індетті жеңуіміз керек, ал ол үшін барлық сақтық шараларын мұқият сақтау керектігін ұмытпағанымыз абзал.

Әсия ШЫРАЙ