8.02.2021, 10:10
Қараулар: 42
Еліне құрмет – ердің даңқы

Еліне құрмет – ердің даңқы

Кісілік келбеті көз көрім жерден көрінетін Ақжайық ауданының әкімі болған Абай Сәтиұлы Иманғалиев 1951 жылы 23 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Совхозное (қазіргі Атамекен) ауылында дүниеге келген.. Міне, 70-ке де толғанын тойлайтын күн өтті. Бірақ арамызда Абай жоқ.

Бала кезінен бастап адамдарға зер сала қарай білетін ол адамдық жолды нық ұстана білді. Бұл жерде азаматтың бітім-болмысын бір ғана сөзбен бағалай салу да жеткіліксіз болар. Бірақ өз ортасынан алған тәрбиенің көп жағдайда өзгермейтіні көпке аян. Ата-анасы, майдангерлер – Сәти мен Нұрғаным тоғыз перзентінің үлкені Абайды бетінен қақпай өсірді. Десе де, балаларының алдында үлкенді сыйлау, жолдасты жолға тастамау, «адам адамға бауыр», т.б. кісілік қағидаларды әңгімелеп отыратын. Мұның өзі ұрпақтарына үлкен сый-өнеге еді. Екіншіден, ол кезде кітап, газет-жорнал әр шаңырақтың беделді мүлкіндей бағаланатын. Үлкен де, кіші де одан оқығандарын айтып жүретін. Сол әдеті әкім болғанда да қалған емес. Қашан келсең де, бөлмесінде газет-жорналдарға көміліп, тіпті соңғы беттеріне дейін көз жүгіртетін. Қырағы болатын.

Аудандық газетте тілші болғандықтан, көпшілік жиындарға қатысатынмын. Бірде ауданға келген қонақтарға кітап сыйлады. Сол кітаптың аты есімде қалмапты. Мен «Жарқын жетістіктер» деп газетке беріп жібердім. Газет шыққан бойда мені телефонға шақырып алып: «Менің бергенім «Жарқын жетістіктер» емес, «Ақжайық ауданының» екінші томы болатын, екіншіде мұндай қатені жіберме», — деп ескерту жасағанын күні бүгінге дейін ұмытпаймын.

Жоғарыдағы ойымды жалғастырсам. Қарағанды Мемлекеттік университетінде, сол қаладағы Ленин аудандық комсомол комитетінде, Қызыл Тулы Қиыр Шығыс округінің әскери бөлімшесінде, Қазақстан ЛКЖО Орал облыстық, Орал қалалық Промышленный аудандық партия, Чапаев аудандық  партия комитеттерінде екінші хатшы, облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінде, Орал авиакәсіпорыны командирінің, «Ақжол» халықаралық әуежайы» ААҚ директорының орынбасары қызметтерінде, Батыс Қазақстан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып, үлгілі ұйымдастырушылық жолдан өтті. 2006 жылдың басынан 2012 жылдың наурызына дейін Ақжайық ауданын басқарды. Қатты сырқаттанып та жүрді. 2013 жылдың 25 мамырында ауыр науқас алып тынды.

Өткен күнге көз жіберсек, бәрі де күні кешегідей еске түседі. Одақ тарап, қиыншылық қысқан кезде қосылған екі ауданның (Чапаев, Тайпақ) көкжиегі бірден көктеп кете қойған жоқ. Шашылған шаруашылықтардың бас-аяғын жинап, бір жолға салу үшін уақыт та керек, іскер басшылар да ауадай қажет еді. Экономикалық тиімді сараптаулар, табиғи байлықтың жолдарын ашу, оны игілікке жұмсау, еңбек адамдарын ынталандыру және жаңалыққа жатсынбай қарай отырып, оны дамыту, шаруашылыққа колледж түлектерін тарту, асыл тұқымды мал басын өсіру, жаңа құрылыстар салу, жол төсеу, т.б. білгірлік пен ұйымдастырушылықты қалайтын шаруалар шаш етектен болатын. Абай Сәтиұлына дейін, тәуелсіздіктің алғашқы тұстарында ауданда бірінші басшы болған Шафхат Өтемісов, Әлбек Сәтпаев та қажыр-қайраттарын шаруаның олқы тұстарына бағыттап, қолдан келер істе аянып қалған жоқ еді. Бұл да сол алдыңғылардың ізін басып, елдің еңсесін көтеруге күш салды.  Жоқтан бар жасауға, жетпесті жеткізуге тырысты.

Ақжайық ауданының тарихында ақиық ақын, Халық жазушысы, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, КСРО және ҚССР Жоғары Кеңесінің депутаты болған Жұбан Молдағалиевтың тұлғасын ұлықтауда Абай Сәтиұлының еңбегі елеулі-ақ. Алғаш рет «Жұбан елі» деген тіркесті сол асыл жанның аузынан естідік. Қазір осы сөз қанатын жайып барады. Сондай-ақ, 2010 жылы ақынның 90 жасын орынды, сән-салтанатымен атап өтті. Туған жері елсіз Жыланды болса да, соған іргелес Сайқұдық ауылында жаңа Мәдениет үйі, ақын атындағы кітапхана ғимараты жөнделіп, «Мен қазақпын» тәу тұғыры мен аудан орталығы Чапаевта ақын ескерткіші бой көтерді және орталықтан жақсы абаттандырылған көшеге есімі берілді. Аудан округтерінде де  ақын есімін лайықты насихаттауда есте қалар шаралар өтті. Дәл осы істердің жалғасындай 2020 жылы да  ақынның 100 жасқа толу салтанаты облыс, аудан көлемінде жақсы мерекеленді. Облыс орталығында ақын ескерткіші тұрғызылса, ауданда Жұбан орталығы салынып, халықтың игілігіне берілді. Сол үшін де  облыс әкімі Ғали Есқалиев пен аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовке  халықтың алғысы мол.

Өзі ауданды басқарған уақытта Жайық өзенінің сол жағалауындағы Сарытоғай, Базаршолан, Базартөбе, Қарауылтөбе, Есенсай, Құрайлысай, Сайқұдық ауылдарында Мәдениет үйлері жөнделді, жаңадан тұрғызылды. Бұдан он бес жыл бұрын Базаршоландағы ескі мәдениет үйі алты ай ішінде күрделі жөндеуден өткізіп, халықтың рухын көтеріп тастағаны бар. Соның ашылу салтанатында көп балалы ардақты ана Жамиға Төлешова: «Қарағым, Абай, осы клубтың салынғанына алпыс жылға жуықтаған еді. Әбден азып-тозған осы мекеменің бір жазда дәл осындай жарқырап шыққанына сенбей тұрмын. Шырағым, көп жаса, қамқорлығыңа халық атынан көп-көп рахмет айтамын»,- дегенін естідік. Ал мұндай ризашылық сөздері жиі ақтарылатын.

Кезінде ауданның 80 жылдығы аталып өтті. Мерейтойға орай шығарылған жеті кітаптың тұсаукесері оздырылды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында майданнан аман оралып, бейбіт өмірге араласқан ағаларымыз бен апаларымыз туралы «Майдангерлер» және соғыстан оралмаған сарбаздарға арнап «Боздақтар» кітабы жарық көрді. Даңқ саябағына Ұлы Жеңістің 65 жылдығына, Желтоқсан оқиғасына және Ауған соғысы тақырыбына тақталар орнатылды. Ұлы Отан соғысы кезінде  өлшеусіз ерлік көрсеткен қазақстандық 101-бригаданың құрамында соғысқан Ғайнен Байкеевтің (марқұм Қарауылтөбе ауылының тұрғыны) өтінішін орындады. Қазақстан мен Ресей үкіметтері Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арнап «Жеңіс пойызын» ұйымдастырған болатын. Ол пойыз қазақстандық жауынгерлердің соғысқан жерлеріне сапар жасады. Міне осы сапарға қарт солдат Ғ.Байкеев денсаулығына байланысты бара алмай, өзінің орнына ұлы Саматтың барып келуін тілеп еді. Өтінішін жерге қалдырмаған аудан әкімі ұлына жол қаражатын тауып берді. Сондай-ақ Ақжайық ауданының бір топ соғыс және еңбек ардагерлерінің еліміздің Астанасына сапарлап келуіне жан-жақты жағдай туғызды және бұл сапар еліміз бойынша алғашқы сапар болып саналады. Көптеген елді мекендердегі аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерін өз қолымен табыстады. Олардың өтініштерін орындауды өзінің азаматтық міндетім деп түсінеді.

Ол қарапайым ісі түсіп, алыс ауылдан келген азаматтардың жеке жағдайларына қарауда адамгершілік тұрғыдан көрінді. Ауданды басқарған алты жыл ішінде оның қамқорлығын көрген жекелеген азаматтар қазір басшының осы қасиетін жыр қылып айтады. Соның бірі, қарауылтөбелік Бейсенбай Телібаевтың жанұясында көрінген Азиада есімді бүлдіршіннің ата-анасына (есімі елімізде өткен Азия ойындарының құрметіне байланысты қойылған) ізгі ниетін білдірді. Нәрестенің әкесі Бисенбайдың Алматыға барып, «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген бағдарламаға қатысуына қолдау көрсеткені адамдық қамқорлық екені шүбәсіз. Ал мұндай жағдайларды көптеп айтуға болады.

Ол ауданға жетекшілік жасаған жылдары еліміздің көптеген танымал тұлғалары біздің Ақжайықта болды. Солардың қатарында Сауытбек Абдрахманов, Нұртөре Жүсіп, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Бақыт Сәрсекбаев, Илья Жақанов, т.б. Ақжайық өңірінің әр жерінде болып, еңбек адамдарымен кездесті. «Мен аудан әкімі Абай Сәтиұлымен көптен таныс едім. Оның танымал жан болсын, қатардағы адам болсын, жатырқамайтын қалпы бәрін баурап алатын. Мінезі жеңіл, әзілге шебер, ортаны өзі билеп-төстейтін, бірақ әдептен аспайтын. Жоғарыға айтар ойын да жасырмайтын еді. Жан жары Орынтаймен бірге өз дастарханында өте көңілді отыратын. Орысша-қазақша ән салғанда, бір адамдай шырқап кететіні тағы бар. Адамның ішікі жан — дүниесін  аңғарыммен барлай білетін. Ауданның еңбек адамдарын, өнер адамдарының есімдерін ұмытпай, атын атап, түсін түстеп беретін. Артық дүние-мүлік жинаған жан емес. Күнделікті өміріне қажетті нәрсе болса, соны қанағат тұтты. Жан-жақты, жанасымы мол, жігерлі жан болатын. Жұмыста да «мен әкіммін» деп тұрмайтын. Іс үстінде қолынан келген шараны бітіруге тырысатын. Талапты орындауға уақыт беретін. Сенің мініңді бетіңе басып сөйлегенін естіген жоқпын. Менің Ж.Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Еділ-Жайық» әніме өте жоғары баға беретін және бірге қосылып әнді орындайтынбыз. Сондықтан да болар, осы әнге арнап Чапаевтың көрнекті жеріне баннер орнатуды көздеп жүргенін айтты», – дейді абзал азаматты еске алған әйгілі композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық музыка академиясының профессоры, жазушы, музыка зерттеуші, суретші Илья Жақанов. Қазір Жұбан орталығының жанында әнге ескерткіш орнатылып, елдің көрер көркіне айналды.

Аудан әкімінің орынбасары болған Меңзипа Дүйсенбайқызы: «Абай Сәтиұлы өнерлі жандардың жағдайын жасап, аудан орталығына көшіріп әкелуді өзіне міндет санады. Ондағы ойы – әр жерде шашырып жүрген қазақтың өнеріне жанашыр жандардың басы бір жерде тоғыссын деген ниеті еді. Ол оны орындады да. Сондай-ақ Базартөбе, Мерген, Алғабас ауылдарында ашылған интернат үйлері  ауыл балалары үшін үлкен олжа болғаны рас. Бұл   алтын тамырымыз – ауылды сақтаудың бір жолы еді. Аудандағы өнерлі жандар Түркия, Ресей елдеріне өнер сапарына шықты. Ал Одесса, Стамбул қалаларынан жүлде әкелген әр саладағы өнерпаздардың ұясы Балалар шығармашылық орталығы мен мәдени-демалыс орталығы – осы аудан басшысының қамқорлығына ие болғандар еді.

Ол өзін Ақжайық ауданында талапшыл және әділетті басшы ретінде танытты. Әріптестері арасында сыйлы, аудан тұрғындарының құрметіне ие болды. 2012 жылы Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен «Құрмет» орденімен наградталды. Ауданның «Құрметті азаматы» атағын алды. Қазақта «Адалдықтың бәйгесіне атыңды қос: озсаң да, қалсаң да, олжалысың» деген ойлы сөз бар. Бұл сөздің растығының дәлелін ел сыйлаған азамат Абай Иманғалиев тұлғасынан көре аламыз. Жақсы жолдас, айбынды азаматтың бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталады.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі