8.02.2021, 10:13
Қараулар: 93
Бір-біріне сүйеу болып

Бір-біріне сүйеу болып

Чапаев ауылындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ашылғанына да 5 жылға жуық уақыт болды. Қамқорлыққа мұқтаж жандарды қанатының астына алған бұл мекемеде жарасымды істер, жағымды жаңалықтар аз емес. Емделушілерге жүрек жылуын аямайтын ұжым қызметкерлері осы уақыттың ішінде көптеген шаралар ұйымдастырып, аудандағы ортақ істерге де белсене атсалысып келеді.

Тек ұжым қызметкерлері ғана емес, осында қызмет алушылардың да өмірге құштарлығы, белсенділігі таңқалдырмай қоймайды. Олардың ішінде айрықша қабілетімен, дарынымен көзге түсіп жүрген ІІ топ мүгедегі Қамидолла Жумаевтың есімін ерекше атауға болады. Ол осы орталыққа алғашқылардың бірі болып қабылданды. Мінезі ашық, барлық қызметкерлермен, қасындағы қамқорланушылармен етене араласып, тез тіл табысып кетеді. Музыка жетекшілерінің нұсқауымен аз-ақ уақыттың ішінде қиюы қиын аппараттардың тілін жетік меңгеріп алды.

Қамидолланың тағы бір ерекшелігі – ол ешқашан «науқаспын» деп мойып көрмеген жан, алдына қойған мақсатқа қарай он екі мүшесі сау адамнан артық талпынады. Осы мақсаткерліктің арқасында көптеген байқауларға жасқанбай қатысып, жүлделі орынмен баршамызды қуантты. Айтып өтетін болсақ, Астананың 20 жылдығына арналған мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!» шығармашылық фестивалінде «Көркем сөз» аталымы бойынша жеңімпаз атанса, бірнеше жыл қатарынан облыстық шығармашылық фестивальге қатысып, «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша ба жүлдені жеңіп алды.

Айта кетерлігі, тек қана Қамидолла емес, қызмет алушылардың көбі дерлік шетінен өнерлі. Олар жекелеген дауыста да, топ болып та, ән айтса, би орындауға да ықыластары зор. Осыған орай ұжымда олардың жеке концерттері жиі өткізіледі.

Бір қуанарлығы,  орталықтағы мейірімге, жүрек жылуына зәру жандарға  қолдау көрсетуге ниеттілер ауылдастардың арасынан көптеп табылуда. Соның айғағы «Серік» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ерлан Упиев қой малын сойып, жеткізсе, «Батыс-НЫҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы атынан директордың орынбасары Ермек Бекмурзин қызмет алушылардың әрқайсысына арнаулы сыйлық табыстады.  Барша қызмет алушылардың атынан аудандық газет арқылы жүрегі кең  ел азаматтарына алғыс айта отырып, істеріне табыс, еңбектерінің жемісті болуын тілейміз.

Ақмарал Елеусінова,

арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының кітапханашысы