16.02.2021, 17:01
Қараулар: 75
Жерді ұтымды пайдалану көзделді

Жерді ұтымды пайдалану көзделді

Аудандық «Жайық таңы» қоғамдық-саяси газетінің 21 қаңтар 2021 жылғы № 3 нөмірінде жарық көрген «Редакцияға хат» атты мақалаға «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 Заңының 5 бабына сәйкес анонимді өтініш ретінде жауап бермеуге де болатын еді. Бірақ, ауыл тұрғындары атынан деп  жазылғандықтан, түсінік беруді жөн көрдік.

Чапаев ауылының дамуы Чапаев ауылының бас жоспарына сәйкес жүргізілуде. Хатта көрініс алған канал бойындағы табиғи жағажай немесе суға түсіп, отбасымен демалу орны бас жоспарда көзделмеген.

Сонымен қатар каналға тақап салынған жылыжай жөнінде айтар болсақ, ол шағын кәсiпкерлiкті дамыту мақсатындағы сауда-саттық (конкурстарда, аукциондарда) арқылы табысталған жерде орналасқан нысан.

Бұл жерді аукциондарға дайындау кезінде мақсаты бойынша берілу мүмкіндігін анықтау мақсатында қажетті уәкілетті органдардан келісімдер алынып, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің сақталуы мен шаруашылық пайдаланылу режимі ескерілген. Яғни, қоғамдық орындарға еш  кедергі келтірмейді. Жоғарыда айтып кеткендей, бас жоспарда бұл жерде демалыс алаңы орналасуы  көзделмеген.

«Караван» маңындағы бау-бақша бойынша жауап қатар болсақ, бақша иелерінің өз өнімдерін алу үшін бақшаларын толық қоршау керек екені анық. Бағым болғанның өзінде де, малдың аты мал емес пе, сондықтан  бұл жерде каналдағы суға алаңдап, түгел қоршалмағаны дұрыс емес деген ойдамыз және малдан көретін себеп жоқ.

Осы шағымға байланысты түсіндіріп кететін бір жайт –  жер қатынастарын реттеуге негіз болатын құжат Қазақстан Республикасының Жер кодексі. Бұл ретте Осы Кодекстің 50 бабында белгіленген  ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн — суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар, жеке тұрғын үй құрылысы үшiн — 0,10 гектар, бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн — 0,12 гектар беру қарастырылған. Сонымен қатар аталған мақсаттар үшiн жерді қайталап тегiн беруге жол берiлмейдi.

Алғашқыда өзiндiк қосалқы шаруашылықты (үй маңындағы телiм) жүргiзу және жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелері уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен табысталып, игерілгеннен кейін жеке меншікке тегін беріледі.

Айта кететін жағдай, ауылдарда бос жер болған жағдайда жеке тұрғын үй құрылысы үшiн және өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн нормалар шегiнде бiртұтас болып берiледi. Ал, бау-бақша егуге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен 1 гектардан аспайтын мөлшерде беру көзделген.

Ауыл әкімшілігі